«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАБЫ ТАУДАЙ ТІГІНШІ ауылда өз ательесін ашты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Баяғыда әжелеріміз бен аналарымыз бармақтары майысып, ине мен жіпті шебер икемдеп, отбасы мүшелерінің барлығына өздері тіккен киімдерді кигізетін еді. Бүгінде ол дәстүр ұмыт болғандай. Тіпті, кейбір отаналары жіпті инеге қалай сабақтауды да білмейді. Мүмкін бұл бүгінгі нарық заманында киімнің неше түрлі үлгісі ұсынылғандықтан ба, әлде тігіншіліктің қыр-сырын үйрететін ортаның жоқтығы ма?! Не десек те, біз дайын киім-кешекті сатып алуға дағдыландық. Бірақ, қоғамда киім кию үлгісімен ерекшеленіп жүргенді ұнататын замандастарымыз да бар. Ондай жандардың өз тігіншісі бар немесе олар тігін ательесіне тапсырыс береді. Ендеше, қоғамда тігінші мамандығы өз орнын жоғалтқан жоқ.

Талшық ауылының көптеген тұрғындары – ауыл ортасында орналасқан шағын тігін ательесінің тұрақты тұтынушылары. Онда кәсіби тігінші Айгүл Жантасова өзінің жеке кәсіпкерлігін ашып, 7 мың тұрғыны бар ауылдың көптеген адамдарына қызмет көрсетеді. Айгүл бала күннен қуыршаққа киім тіккенді ұнатып, бойжеткенде тігінші мамандығын таңдап, Омбы қаласындағы жеңіл өнеркәсіп институтында білім алған екен. Алайда бірнеше жыл өз мамандығы бойынша еңбек етуден қол үзіп қалған ол тек 2004 жылы мамандығы бойынша еңбек етуді жөн көреді. Алты жыл біреудің қарамағында еңбек етіп, тәжірибе жинап, маман ретінде қалыптасқан Айгүл 2010 жылы өзінің сүйікті ісіне терең бойлайтын күннің туғанына көзі жетіп, жеке кәсіпкерліктің тізгінін ұстайды. Содан бері ол – Талшық ауылында ательесі бар жалғыз кәсіпкер.  

– Бала кезімнен ескірген киімдерден басқа үлгідегі киімдерді тігу мені қызықтыратын еді. Есейген кезде тігіншіліктен басқа мамандыққа аңсарым аумады. Оқыдым, тоқыдым, енді, міне, сол сүйіспеншілік пен істі үйренгенімнің арқасында табыс көзін таптым. Кәсібімді бастау үшін көп ойланған жоқпын. Азын-аулақ қаржы жинап алып, кірісіп кеттім, – деді ол.

Кәсіпкерлікке қадам басқан Айгүл Жантасова өзіне кішкентай тігін машинкасын сатып алып, алғашқы тапсырыстар қабылдаған күндерін еске алғанда, оның жүзінен осы бір шешіміне ешқандай өкініші жоқтығы аңғарылады. Бүгінде оның жұмыс орнында маркалары мен пішіндері әртүрлі су жаңа бес тігін машинкасы тұр. Бөлменің бір бұрышында тігіншінің қолынан өткен тапсырыстар бүктеліп жатса, екінші бір бұрышына тігілетін маталар мен жөнделуге тиісті киім-кешектер үйілген. Осыны байқағаннан кейін шеберге: “Тапсырыс уақытында орындала ма?” – деген сауал қоюға тура келді.

– Әлбетте. Тұтынушының тапсырысын уақытында орындау – парыз. Бірақ мен тапсырыс көп болғандықтан, әр клиентке өнімнің дайындалу мерзімінің ұзақ болатынын ескертіп аламын. Күте алатындар тастап кетеді, ал уақыты тығыздар қарайламайды, – дейді.

Кәсіпкердің айтуынша, бастапқыда ол киім-кешектерді қысқарту, ұзарту, бір сөзбен айтқанда, жөндеу жұмыстарымен көп айналысыпты, ал бүгінде жұрт өзіне жеке дара үлгідегі киімдерді тіктіру үшін келеді екен. Оның тіккен бұйымдарына қарап шебердің қолтаңбасын аңғару да қиын емес еді. Оның арнайы сән үлгісі журналындағы бұйымның дәл көшірмесін жасай алатынын қасындағы әріптестері растайды.

– Мен үшін тапсырыс беруші өзіне ненің қажет екенін, қандай үлгіде киім кигісі келетінін ашып айтса болғаны. Ал егер журналдан өзіне керек бұйымның үлгісін көрсетсе, тіпті жақсы. Көзіңмен көріп, қалай орындалатынын түйсініп тігу оңай. Мен тек қатты маталармен тігілетін киім-кешектерді алмаймын. Өйткені, оған менің арнайы тігін машинкам жоқ. Болашақта ауыр және қалың маталарды тігуге арналған машинка сатып алғым келеді, – дейді.

Айгүл табиғатынан ұяң болғанымен, көңіліндегі ойларын қысылмай ортаға салатын мінезімен сүйкімді. “Шебер қолдардың қатары жетіспейді. Тігіншілікті технология бойынша жүргізу керек. Оны арнайы оқытылған мамандар жақсы біледі. Көкшетауда тігіншілер даярлайтын оқу орны бар, бірақ оның түлектері біздің ауданға келе бермейді”, – дейді.

Оның жеке кәсіпкерлігінде өзінен басқа тағы екі адам еңбек етеді. Оларға еңбекақы орындалған тапсырыстың 30 пайызы ретінде төленеді. Сондай-ақ, ұсақ-түйек жұмыстарды атқаратын бір тігіншінің жалақысын аудандық еңбек биржасы төлейді. Бұл да жас кәсіпкерге үлкен көмек. Екінші бір қолғабыс – мемлекеттік тапсырыс болған кездер. Ондайда кәсіпкер өзінің қалтасы қалыңдап қалатынын айтады. Ал ең бастысы – аудан орталығында оған бәсекелестік тудыратын басқа ательенің жоқтығы. Барлық тұтынушылар “Жантасова” ЖК-нің ательесіне барады. Онда тіпті үйлену тойына залды безендіру шараларына қажетті бұйымдар да тігілетінін көрдік.

Айгүлдің арманы – болашақта үлкен өндіріс орнын ашу. Осы мақсат жолындағы қиындықтарды ізденіс пен еңбекқорлықтың арқасында жеңуге болатынын сөз еткен ол өзінің жоспарлы әрекеттерін ашып айтпаса да, оның жігерлі жанары бұл мақсаттың орындалмай қоймайтынын ұқтырғандай.

СУРЕТТЕ: кәсіпкер А. Жантасова мен көмекшісі Л. Осипова.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp