«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ және ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер,

Мәдениет қайраткері.

(Басы өткен сандарда).

Қожабергеннің араб, парсы тілдерін жетік білгендігіне байланысты ол Әз Тәуке ханның сөзі өтімді елшілерінің бірі болған. Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелермен тұстас өмір сүріп, қанаттас жүрген. Оны көршілес Қоқан, Хиуа, Бұхара хандықтарына, парсы еліне, түрікпенге елшілікке жіберіп отырған, ел бітістірмек жұмысқа белсене араласқан.

Қожаберген ордабасы болған, сол заманда бас қолбасшыны осылай атаған. Түп нағашысы Жалаңтөс баһадүр емес пе?! Қазақта бас қолбасшы сайланған жердің аты Ордабасы деп аталған. Мұндай атаулар еліміздің әр өңірінде кездеседі. Әдетте, қазақ салтында ханды, бас уәзірді, ордабасын, төбе биді сайлағанда халық оларды боз биенің сүтіне шомылдырып, шымқай ақ киім кигізіп, ақ киізге отырғызып, жоғары көтеріп, құрмет көрсетеді. 1688 жылдың маусым айында Түркістан шаһары маңында Әз Тәуке хан бастаған барша қазақ игі жақсылары Қожабергенді ордабасы етіп сайлап, ақ киізге көтергенде оған Орта жүз арғын тобықты Әнет би бата берген.

Ал Қожабергеннен Абылай хан, Бөгенбай, Асқап, Ерсары, Көшек, Қабанбай, Жәнібек, Баян, Сырым, Есет батырлар бата алып, Бекболат, Айтбай, Едіге, Малайсары, Қараменде, Алдабек, Әлдибек секілді билер үлгі өнеге алған. Бұхар жырау оны ұстаз тұтқан. Түріктердің бағзы замандағы заңдарынан бастау алып, қазақтарда Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолына жалғасқан құқық Әз Тәуке хан тұсында жаңа мазмұнмен толығып Ата Заң – “Жеті Жарғыға” айналды. Соны жазған жеті би – Төле, Қазыбек, Әйтеке, Майлы билердің ішінде Қожаберген де болған. Жеті бидің осы бас қосуын қазақтың тұңғыш парламенті, ал “Жеті Жарғыны” олар қабылдап, Әз Тәуке ханға бекітуге берген заң деуге болады. Жеті би – халық өкілі, халық пікірі, халық үні, яғни халық кеңесі.

Қожабергеннен Абылайдың бата алғаны туралы мынадай дерек бар. Абылай Орта жүз Әбілмәмбет ханның оң қолы, беделді сұлтаны болып тұрған кезінде, 1750 жылдың сәуір айында тарту-таралғысымен келіп Қожабергенге сәлем береді. Бұл кезде Қожаберген 87-де. Сонда дана қарт жырау Абылайға: “Қарағым, болашақ үлкен хансың. Саған берер ақылым: заман – түлкі, пенде – қыран. Бөктерде жүріп бүркітті көрген түлкі сескеніп, етекке түседі. Жауымен кең жерде айқасудан тайсалған түлкі сол бөктердегі өзі түстес бір қызыл тастың қия бетіне құйрығын шаншып тұрып қалады. Қыран оның тас емес, түлкі екенін көруі керек. Ел билігіне араласып, хан орнына жүр екенсің, көреген бол, шырағым! Ақылың мен ерлігің, айла-әдісің қатар жүрсін. Ханның қарадан өтініші болмас, өкініші болар, бұл сөзімді есіңде сақта! Ер азбай, ел азса – айдын көлдің суалғаны, ел азбай, ер азса – зор бәйтерегің құлағаны. Бәйтерек құласа, ағаш орнына ағаш өседі. Айдын көл суалса, немен толар есесі? Ер бұзылса да ел бұзылмасын! Бұзылғанын жұрт өзі түзетеді, түзелмесе бұзығын ел жер етеді”, – депті. Абылай сұлтан Қожаберген бабаның ақылына риза болып, оң батасын алып аттанған екен.

Ол – сардар батырлығымен бірге, сол заманның өзі көзбен көрген оқиғасын молынан жырлаған адам. Бәлкім, егер Қожаберген жырау болмаса, бізге ол дәуірдің көп шындығы қаз қалпында жетпес пе еді. Осы арада Қожабергеннің екі “Елім-айы” бар екендігін айтуымыз керек. Бірі “Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді” деп басталатын атақты зарлы ән-жыр – “Елім-ай”. Бұл жаумен арпалыс үстінде 1723 жылы туған әні бар шағын өлең. Екіншісі – осы екі жол қайырма сияқты қайталанып, бірақ Қаратау орнына қазақ тастап шыққан басқа, айналайын туған елдің жер-су, тау атаулары айтылып, оқиға барысы егжей-тегжейлі баяндалар көлемді жыр-дастан. Бұл – Сыр бойы Шиелі жеріндегі соғыста екі ұлы Науан мен Бекеттен, екі атқосшысынан айрылып, әйелі Айшамен екеуі бір атқа мінгесіп, еліне жеткеннен кейін көрген-білгені суымай тұрғанда толғанып отырып шығарған тарихи жыр.

Қожабергеннің шығармаларына өз кезінде Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр Жүсiп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин мән берген. “Елім-ай” өлеңін Ыбырай мен Сәкен өздері құрастырған жинақтарға енгізген. 1936 жылы Бейімбет Майлин, Iлияс Жансүгiров және Ғабит Мүсiрепов Қожаберген туралы материал жинауға жыраудың елiне келген. Аса көрнекті тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов және басқалар “Елім-ай” дастанын жоғары бағалаған. Бiрақ 1937 жылы басталған ел мен ер басына туған зобалаң бертінге дейін Қожабергенді қоя тұруға мәжбүрлеген.

1980 жылдардан бері зерттеушілер мақалалар жариялап келгенімен, Қожабергеннің халқымен шын мәнінде қайта қауышуына, жауынгер-жырау еңбегінің қадіріне жетіп, шығармаларының лайықты бағасы берілуін жаңа деңгейге көтеруге мұрындық болған академик тарихшы Манаш Қозыбаев. Ал оған мұндай мүмкіндікті берген кезінде 45 жыл аттан түспей, туған елінің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін арпалысып, “Елім-айлап” өткен есіл ердің Отаны – Қазақ елінің ақыры тәуелсіздікке жетуі еді. 2000 жылы Ұлттық ғылым академиясының көшпелі мәжілісі Манаш Қозыбаевтың бастауымен баһадүр дүлдүлдің туған елі Қызылжар қаласында өткізілді, “Қожаберген жырау Толыбайұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясындағы алатын орны” деген тақырыпта ғылыми-теориялық конференция болды. Қазақстанның ірі ғалымдарының, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан бұл мәртебелі жиын Қожаберген жыраудың қазақ тарихындағы орны мен қызметін тұңғыш рет ресми анықтап берді. Бұл Қожабергентанудағы бетбұрыс еді.

(Жалғасы бар)

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp