Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Айыртау ауданының орталығында орналасқан “Ғасыр-Айыртау” ЖШС ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуге маманданған. Оның директоры Валентин Лыткин екеуіміз саусағымызды бүгіп отырып, 12 цехты, элеваторды, 3 жылы-жайды санадық. Саусақпен санағанымызды көзбен көрейік деген оймен “Ғасыр-Айыртаудың” аумағын араладық.
– “К-700”-дің агрегаттарын жөндейтін цехта жыл басынан бері 342 қозғалтқышты ауыстыру тетігі, бас білік пен бас белдік, қозғалтқыш қалпына келтірілді. Жөнделген агрегаттардың сапалылығына сенімдіміз. Бірақ, бір жылға кепілдік береміз. Сол себепті де аудандағы көптеген шаруашылықтар техникаларын бізде жөндетуге тырысады. Алайда, біз “Әліби” холдингінің бөлімшесі ретінде тек олардың ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеумен шектеліп отырмыз. Өзгелердікін жөндеуге уақыт жоқ, – деген Валентин Лыткин бізді ағаш өңдеу цехына бастады.
Жол-жөнекей көзіміз тізіліп тұрған жаңа техникаларға түсті. Бұл “Әліби” холдингінің сатып алған жаңа техникалары екен. Ал “Ғасыр-Айыртау” ЖШС-і аталмыш холдингтің орталық қоймасы ретінде құны миллиардтаған теңге тұратын жаңа техникаларды зауыттардан қабылдап алып, тиісті шаруашылықтарға жөнелтіп отырады. Сол себепті де 150 адамды жұмыспен қамтып отырған ЖШС үлкен аумақ пен аталмыш холдингтің техникаларын сақтау үшін 20 күзетші ұстап отыр. Ал ағаш өңдеу цехында ғимаратқа қажетті есік, терезе сияқты бұйымдар жасалуда. Бұл жерде 150-200 текше метр ағаш өңделіп, 1000 текше метрге дейін тіледі екен.
– Ағаш өңдеу – қосымша кіріс көзі. Біз сұраныс нарығын үнемі бақылауда ұстап, халыққа, шаруа қожалықтарына қажетті қызмет түрін көрсетеміз. Осының арқасында қож-блок, тырма жасау, жеңіл автокөлік, доңғалақ, жанар-жағармай аппаратурасын, электр қондырғыларын жөндеу, дәнекерлеу, қырнау, асфальт-бетон жасау цехтары мен автокөліктерді техникалық бақылаудан өткізетін пункт аштық, – дейді Валентин Лыткин.
Мәселен, тырма жасайтын цех жыл басынан бері 1000-нан астам өнім шығарған. Олардың 800-ден астамы биылғы көктемгі егіс науқанында алқаптарды тырмалауға пайдаланылған. Күн сайын аталмыш цехтың мамандары оның 12 данасын әзірлейді. Тырма жасап жатқан мамандардың әрекетін қарап тұрған бізге ЖШС директоры қож-блок жасайтын цехын көрсетпек ниетін танытты. Алдында күл үйіліп жатқан цехта 3 кісі еңбек етуде.
– Балансымыздағы қазандықта жылына 850 тонна көмір жағамыз. Ол элеватор мен аудан орталығындағы 63 пәтерлік үйді жылытады. Сондай-ақ 11 цехты жылытуға 450 тонна көмір жағамыз. Сонда қалдық ретінде жылына 700-800 тонна күл шығарылады. Бұл күлді қайта өңдеуден өткізіп, қажетімізге жарату үшін қож-блок жасайтын цех аштық. Алғашқы жылы 10000 дана қож- блок құйсақ, сұраныстың пайда болуынан келесі жылы бұл санды 30 мыңға жеткіздік. Биыл да шаруа қожалықтары тапсырыс беруде. Жыл аяғына дейін қанша дана жасайтынымыз белгісіз. Жалпы күніне 300-350 дана қож-блок құйылады, – дейді Валентин Михайлович.
Құйылған қож-блоктың 5-6 мың данасын ЖШС өз ішіндегі құрылысқа пайдаланады. Қажетті құрылыс нысандарын салу үшін ЖШС-тің өзінің құрылыс бригадасы бар. Қыс бойы қазандықты жағатын жұмысшыларын жазда құрылыс бригадасының құрамына алып, оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде. Қазір олар ЖШС-тің асфальт-бетон жасайтын цехының өнімімен аудандағы бір жолды салып жатқан көрінеді. Жалпы “Ғасыр-Айыртау” ЖШС-нде орташа еңбекақы көлемі – 61 мың теңге.
Бір цехтан шығып, екіншісіне бас сұғып жүріп, жоғарыда ЖШС директоры атаған барлық қызмет түрлерімен таныстық. Әр цехта тұрған станоктар мен қондырғылардың бірін жаңадан, екіншілерін қолдан сатып алған. Ал кейбіреулерін ЖШС-тің өз мамандары жасап шығарған көрінеді. Осыдан-ақ ЖШС-те өз ісінің білгірлері ғана жұмыс істейтінін аңғардық. Әрі мұны сөз арасында Валентин Лыткин де бірнеше мәрте қайталады.
Жеңіл автокөлік жөндейтін цех “Нива” маркалы машиналарды қалпына келтіруге маманданған. Неліктен тек “Нива”? Бақсақ, жергілікті тұрғындар осы көлік түрін көп пайдаланатын көрінеді. Сондай-ақ соңғы жылдары саны өскен “УАЗик” пен “Ауди” сияқты автокөліктерді де жөндеуді қолға алған. Техниканы жөндеуге қатысты барлық қызмет түрін көрсететін ЖШС-тің автокөліктерді техникалық бақылаудан өткізетін пунктінде күніне 12-14 машина тексеріледі.
Осының барлығын көрген адамда техникалық бағыттағы 11 цехты маманмен қалай қамтамасыз етіп отыр деген заңды сұрақ туындары сөзсіз. “Ғасыр-Айыртау” ЖШС-нде ұрпақ сабақтастығы сақталған. Әкесінің кәсібін жалғастырған ұлдары қажетті мамандарды сырттан іздеттірмейді. Ал кейбірін ЖШС өздері оқуға жіберіп, біліктіліктерін арттыртады екен.
– Жұмысқа қабылданған әр кісіге жұмыс формасы беріледі. Денсаулыққа зияны бар цехтарда жұмыс істегендерге күн сайын жарты литр сүт ішкіземіз. Сүт аптасына бір рет Көкшетау қаласынан жеткізіледі. Сақталу мерзіміне қарап, тоңазытқыштарда сақтаймыз. Жұмысшылардың денсаулығын қадағалайтын медициналық кабинет те бар. Бұл жерде жүргізушілер көлікке отырар алдында арнайы тексерістен өткізіледі. Өзіміздің ішкі жұмысымызға арналған 18 бірлік техникамыз бар, – деп әңгімесін аяқтай берген Валентин Михайлович үйілген ағаш, тізілген техниканың арасында қатар-қатар тігілген 3 жылыжайды көрсетуге асықты. Біреуін – жазғы, қалған екеуін жыл бойы өнім беретін жылыжай етпек. Жаңадан егілген көкөністерді тамшылатып суару технологиясы бойынша өсіруде. Егер көкөніс бітік шықса, бұл да ЖШС-тің тағы бір табыс көзі болмақ. Жылыжайды, цехтарды үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін тереңдігі 113 метрлік құдық та қаздыртыпты. Суды құбыр арқылы әр цехқа таратпақ. Осы күнге дейін тіршілік көзінің тапшылығын сезінген “Ғасыр-Айыртаудың” ұжымы өз мәселелерін осылай шешкен.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.