«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ ЖҰМСАУШЫЛАРДЫҢ АЗАЮЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН АУРУХАНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемде аурудың сан мыңдаған түрі бар. Тәннен гөрі жан ауруларына үрке қарайтын көпшілік бұл сырқаттың да өз емі мен шипасы болатындығын біле бермейді. Психоневрологиялық ауруханаға жатқан науқастардың денін “жындыға” теңеуі де сондықтан болар. Бірақ бұл – жаңсақ пікір. Жан ауруына шалдыққан науқастар арасында да дертінен құлантаза айыққандар кездеседі. Мұндай науқастарға медициналық көмек көрсететін өңірімізде жалғыз диспансер бар. Ол облыс орталығында орналасқан. Аурухана өзге емдеу мекемелеріне қарағанда, көрсетілетін қызмет түрімен ерекше. Сол себепті жабық мекеме болып саналады. Десе де, облыстық психоневрологиялық диспансердің бас дәрігері Игорь Ландамен әңгімелесудің сәті түсті.  

– Игорь Эммануилович, облыстық психоневрологиялық диспансердің бүгінгі тынысы қандай?

– Диспансердің қабырғасы 1957 жылы қаланды. Содан бері облыста өз қызметін атқарып келеді. Бұл – психикалық ауруларды емдейтін арнайы медициналық мекеме. Бірнеше бөлімдерден тұрады. Психиатриялық, психосаматикалық, психтуберкулезді, балалар бөлімі, күндізгі стационар, емхана, зертханалар мен жедел медициналық көмек бригадасымен де жасақталған. Барлығы диспансерде 7 бөлім бар.

– Білуімше, өңірімізде аталмыш диспансер жалғыз. Сонда облыс орталығынан шалғай жатқан ауыл-аймақтардың тұрғындары медицинаның мұндай көмек түріне қалай жүгінеді?

– Әр ауданның орталық ауруханасында психиатр дәрігер бар. Ол науқастарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша қабылдап, алғашқы көмек көрсетеді. Егер де науқаста қандай да бір ауытқушылық байқалса, онда науқасқа міндетті түрде облыстық диспансерге жолдама беріледі. Тоқсан сайын диспансердегі дәрігерлер аудан орталықтарына барып, олармен тәжірибе алмасады. Аудандардан келген науқастар алғашқы консультациялық көмекті емханадағы мамандардан алады. Емханада 5 учаскелік дәрігер бар. Олар қала тұрғындарымен қатар ауыл-аймақтан келген науқастарды қабылдайды. Емханада жасөспірімдер мен балаларға арналған психиатр дәрігерлер қызмет көрсетеді. Және психотерапевт дәрігер де қабылдау жүргізеді. Суицидологиялық бөлім де өз жұмысын бастап кетті. Онда 5 психолог дәрігер және арнайы телефон желісі іске қосылған.  

– Өзіне-өзі қол салмақ болғандардың дені жасөспірімдер болар?

– Әртүрлі. Жасөспірімдер де бар.

– Олар емделемін деп диспансерге өздері келе ме?

– Көбінесе өзіне-өзі қол жұмсауға әрекеттеніп, бірақ жедел медициналық көмектің арқасында аман қалған науқастар біздің суицидологиялық бөлімдегі дәрігерлердің қарауында болады. Кей кездері науқастар туған -туысқандары мен жақындары арқылы ем-дом алуға келіп жатады. Бірақ өздері көмек сұрап келгендер некен-саяқ.

– Көрсетілген емнен кейін қайта сол жолға түсіп жатқандар тіркелді ме? Қайткенмен өз-өзіне қол салу жан дүниенің сырқатынан да пайда болуы әбден мүмкін ғой.

– Диспансерде өзге де емдеу мекемелеріндегідей әр науқаспен жеке жұмыс жүргізіледі. Алдымен адамның ондай әрекетке баруының себеп-салдары анықталады. Оны шешудің жолдары қарастырылады. Егер де өз-өзіне қол салуға әрекеттенген адамның бойында қандай да бір патология байқалған болса, ем-шара қолданылады. Суицидологиялық бөлімнің қарауында науқастардың барлығы дерлік емделіп, ол жолға қайтадан түспейді деп кесіп айта алмаймын. Бірақ жыл сайын бұл көрсеткіш төмендеп келеді.

– Яғни, өз-өзіне қол салушылар күн санап азаюда демексіз ғой?

– Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмендеді. Әсіресе, өз- өзіне қол салуға ниеттенген жасөспірімдер қатары сиреді. Республикада бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс тізімнің соңында келеді. Бұл ведомствоаралық мекемелермен жасалған жұмыстың нәтижесі болса керек. Білім, Ішкі істер, Денсаулық сақтау басқармалары мен өзге де ұйымдардың бірлесе жұмыс істеуінің арқасында өңірімізде өз өмірін өздері қиюға талпынған жасөспірімдер азайды.

– Психотерапиялық кешенді көмек көрсетілетін диспансерде кадр тапшылығы сезіле ме?

– Жоқ. Диспансер мамандармен толық қамтамасыз етілген. Мамандардың 58 пайызы – жоғары санатты дәрігерлер.

– Диспансерде ем-дом қабылдау үшін науқас алдымен порталға тіркелу керек пе?

– Порталға тіркелуге де болады. Бірақ, психоневрологиялық дерттің өзге сырқаттарға қарағанда, өзінің ерекшелігі бар. Сондықтан диспансерде жедел түрде емделуі қажет науқастар бірден ауруханаға жатқызылады. Кезек күту деген бізде жоқ. Диспансер 220 төсекке шақталған. Бірақ егер де науқас саны әдеттегіден күрт өсетін болса, тиісінше жатын орындардың санын да көбейтуімізге мүмкіндігіміз бар.

– Өңірімізде мұндай ауруларға шалдыққандар саны көп пе?

– Жабық мекеме болғандықтан, бұл сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Бірақ бір айтарым: бұл сырқат бойынша біздің облыстың көрсеткіші республикалық көрсеткіштен әлдеқайда төмен.

– Ал өлім-жітім көрсеткіші ше?

– Өлім-жітім мүлде жоқ десе де болады.

– Бұл дерттердің пайда болуына не себеп болуы мүмкін?

– Психоневрологиялық сырқат түрлерінің пайда болу себеп-салдарының нақ анықтамасы жоқ. Бұл ауруларға жетелейтін сан түрлі себептер бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp