«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫРЫМБЕТТІҢ “АЖАРЫНА” – 45 ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданының Сырымбет ауылындағы “Ажар” халықтық би ансамблінің құрылғанына биыл – 45 жыл. 1968 жылы құрылып, ал 1982 жылы “халықтық” деген атақ алған ансамбль кезінде талайдың таңдайын қақтырған.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бірнеше буынның би әлеміне деген махаббатын оятқан аталмыш ансамбль қазақтың ұлттық өнерінің қыр-сырын меңгеруге апарар алғашқы баспалдақ болды. Құрылған күнінен бастап оның өрлеуіне куә болғандар ансамбльдің шығармашылық тұрғыдан биік дәрежеге көтерілгендігін айтады. Бұрын талай елді аралап, концерттерге қатысқан “Ажар” “халықтық” атақты күні-түні дайындықтың, ынта мен жігердің арқасында алған. Олардың халықтың ықыласына бөленуіне алғашқы жетекшісі – талапшыл Күлизат Маргелованың сіңірген еңбегі зор. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтті. “Елу жылда – ел жаңа” демекші, құрамы талай өзгерген “Ажар” халықтық би ансамблі өзінің сара жолынан тайған жоқ. Оның соңғы 20 жылдан бергі жетекшісі – Зәмзәгүл Айтжанова. Бүгінде ансамбльдің құрамында 32 адам бар. Кішкентайлар, жастар, ересектер тобы құрылған. Ансамбльге 5 жастан 17 жасқа дейінгі қыздарды қабылдаймыз. Сондай-ақ ауылдың келіншектері, жазғы демалысқа келетін студент жастар ансамбль құрамында өнер көрсетеді, – дейді Зәмзәгүл Қайыржанқызы.

11 жасында “Ажар” халықтық би ансамблінің құрамына алынған Зәмзәгүл Айтжанова бұл өнерді өзінің өмірлік серігі еткен. Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде хореограф мамандығы бойынша білім алған ол 1993 жылы өзі өнер көрсеткен “Ажар” би ансамблінің тізгінін қолына алады. 20 жыл ішінде ансамбль бірнеше мәрте Алматы қаласына барып, “Тамаша” ойын-сауық театрының концерттерінде, “Айгөлек” бағдарламасында өнер көрсеткен. Қазақ биінің шырайы атанған Шара Жиенқұлова атындағы конкурсқа да қатысыпты. Ресейдің астанасы – Мәскеу қаласында өткен талай конкурстарға қатысып, шыңдалып жүрген би ансамблінің репертуары қазақтың фольклорлық билерінен тұрады. 25-тен астам биді ел алдында орындап жүрген өрімдей қыздар етегі төгілген қазақтың ұлттық киімдерін киіп, бізге де өз өнерлерін көрсетті. Аудандық әкімдік және Сырымбет ауылындағы бірқатар ЖШС-лер ансамбльге жаңа костюмдер тіктіртуге қаржы бөліп, демеушілік жасайды екен. Бұл – ел азаматтарының өнерге көрсеткен құрметі.  

– Мектеп тамамдағанша “Ажардың” құрамында болып, би әлеміне қызығушылық танытқанымен, бірде-бір шәкіртім хореограф мамандығын алған жоқ. Бұған мәдениет саласының қазіргі ахуалы да себеп шығар. Мәселен, ансамбль құрамында өз қыздарым да өнер көрсетті. Бүгінде Айгүлім Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында би тобын құрып, мектеп жасындағы қыздарды баулып жүр. Оқушылардың осындай үйірмелерге қатысқанын жөн санаймын, – дейді Зәмзәгүл Айтжанова.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp