«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үш ауысыммен жұмыс істейтін АУПАРТКОМ ҮЙІНДЕ АШЫЛҒАН МЕКТЕП проблемасын шешуде “сең қозғалды” деуге болады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызда бүгінгі таңда қазақ тілінде білім алуға ниет еткен балалар үш ауысымда оқып жатқан екі мектеп бар. Солардың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим қазақ орта мектебі болса, екіншісі –Тайынша қаласындағы №5 орта мектеп.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы 28 ақпандағы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауында: “Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек. Біріншіден, 3 ауысымдық оқытуды жою керек”, – деген болатын. Президенттің бұл тапсырмасы Қызылжар өңірінде әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Таяуда облысымыздағы үш ауысыммен қазақ тілінде оқытатын Тайынша қаласындағы №5 орта мектепте болып, жағдайымен таныстық.

Аталмыш білім ошағы 1994 жылы тамыз айында бұрынғы аудандық партия комитетінің екі қабатты ғимаратында 54 оқушы үшін ашылған. Ол кезде кең сарайдай көрінген ғимарат 110 балаға шақталған екен. Уақыт өте келе, жағдай мүлде өзгерген. Қала маңындағы елді мекендерден көшіп келушілер мен атақонысына қайта оралған қандастарымыздың есебінен оқушылар саны жылдан-жылға артқан. Соңғы үш жылдағы оқушылар өсімі: 2011 жылы – 338, 2012 жылы – 383, 2013 жылы 384-ке жеткен. 22 түлек биыл мектеп бітіріп кетсе, олардың орнын мектепалды даярлық сыныбынан келетін 28 бүлдіршін басады. Осылайша бүгіннің өзінде аудан орталығындағы мемлекеттік тілде оқытатын жалғыз мектептегі қара домалақтар саны 390-ға жетіп тұр. Қыркүйек айына дейін әлі келетін оқушылар саны қанша болатыны белгісіз.  

Өңіріміздегі үш ауысымды мектептер проблемасын өткен жылы облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттіктер, азаматтар құқықтары, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі тұрақты комиссиясы көтеріп, облыстың бұрынғы басшылығының назарын аударған еді. Бірақ, бұл көкейкесті мәселені шешуге облыстың жаңа әкімі Самат Ескендіров қана жете мән беріп, осы өзекті проблеманы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қызылжарға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өткен жиында Үкімет деңгейінде шешуді ұсынғаны белгілі.

Осы мәселе жөнінде Тайынша ауданының жаңа әкімі Серік Салтықовтың да пікірін білдік:

– Мен Тайынша қаласындағы қазақ тілінде оқытатын №5 орта мектепте балалардың оқуы үшін айтарлықтай қиындық бар екенін білемін. Сондықтан алдағы уақытта қазақ мектебін қай жерде салу керектігін ойластырып, аумағы 3,5 гектар жер бөліп қойдық. Электр қондырғыларын қосуға қажетті техникалық жағдайлар да жасалды. Алайда, жаңа мектеп құрылысын бастауға қаржыландыру жағы қолбайлау болып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Самат Ескендіровпен ақылдастық. Самат Сапарбекұлы республикадан трансферт берілсе, көмектеспекші. Бірақ негізгі құрылыс 2015-2016 жылдары жүргізілетін болады. Әзірше балалардың білім алуына қолайлы жағдай туғызу үшін тиімді шешім қабылдау жағын ойластырудамыз, – деді Серік Төлеуұлы.

Мектеп ғимараты ағымдағы жөндеу жұмыстарын бітіріп, жаңа оқу жылына сақадай сай тұр. Білім ошағында барлығы 11 кабинет бар. Мектеп Интернет желісіне қосылған. Заман талабына сай жабдықталған физика, химия, биология, мультимедиа, информатика кабинеттері бар. Мектепалды тәрбие мен білім беретін даярлық сыныбы да осы ғимаратта орналасқан. Саламатты өмір салтын ұстануға арналған барлық құрал-жабдықтармен қамтылған спорт залы мен асхананы мектеппен жапсарластыра кейін салып алыпты. Мектептің жанындағы 30 орындық интернатта 13 адам жұмыс істейді. Онда да барлық жағдай жасалған. Білім ошағындағы 40 мұғалімнің 35-сі – жоғары, 5-і – орта арнаулы білімді мамандар. Соның ішінде 6-уы – жоғары санатты, 15-і – бірінші және 11-і – екінші санатты мұғалімдер. Білім ошағында озық тәжірибелерімен көзге түсіп жүрген ұстаздар да баршылық.

– ҚР оқу ісінің үздігі атағының иегері, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Клара Мәмбетова, “Шапағат” медалінің, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, тарих пәнінің мұғалімі Қанат Тілеутай, Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен марапатталған орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Асыл Қазенова және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Күлсан Жарқынбаева, химия мұғалімдерінің І съезіне қатысқан химия пәнінің мұғалімі Бағдат Кәкімова сынды ұстаздар – мектеп мақтаныштары. Білім ошағы мамандармен толық қамтылған. Бала саны, мұғалімдердің біліктілігі, білім көрсеткіштері – бәрі жақсы. Ұлттық бірыңғай тестілеуге түлектер 100 пайыз қатысады. 2011 жылы мектеп бітірген 11 түлек орташа – 107,2 балл жинап, 6-уы грант иегерлері атанды, 2012 жылы 20 оқушы орташа 72,5 балл алды, 4-еуі грантпен жоғары оқу орындарына түсті. 2013 жылы 22 оқушының орташа баллы 74,8-ді құрады, – дейді аудандық Білім бөлімінің басшысы Еркін Оразов.

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлзира Қазиқызының айтуынша, бар кемшілік мектептің тарлығында болып тұр. Бұрынғы аупартком үйінің аядай бөлмелеріндегі оқушылар саны 16-дан 24-ке дейін жетеді. Өткен оқу жылының екінші жартыжылдығынан орыс тілінде білім беретін №1 орта мектепке 2, 3 және екі 4-сыныптардың 70 баласын бөліп, үш ауысыммен оқытуда.

– Осындай күрделі жағдайда білім беріп жүрсек те, оқушыларымыздың нәтижелері жаман емес. Мектеп түлектерінің алтауы – Алматы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен Алматы техникалық университетін, үшеуі Еуразия Ұлттық университетін, 4-і Алматы Құрлық әскері Әскери институтын және Алматы радиотехника және радиоэлектроника институттарын тамамдады. Олардың арасында жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ұшқан ұяларына қайта оралып, осында еңбек етіп жүргендері де бар. Қарағанды мемлекеттік университетінде екі оқушы грантпен оқып жүр. Ресей, Беларусь жоғары оқу орындарында білім алып жүрген түлектеріміз де бар. Биылғы оқу жылында Халықаралық олимпиадаларға сырттай қатысқан 44 оқушының 37-сі жүлделі орындарға ие болды. Соңғы жылдарда ғана білім ордасын 2 оқушы – “Алтын белгімен”, 3-еуі – “Үздік аттестатпен” және 17-сі ерекше үлгідегі куәлікпен бітірді. Былтырғы оқу жылынан бастап, бастауыштан келген балаларды іріктеп, гимназия сыныбын аштық. Олар биыл 5-сыныпты бітірді. Жаңа мектеп салынуын асыға күтудеміз. Біз де заман талабына сай кең, жарық мектептерде білім берсек, деп армандаймыз. Онда біздің қазіргі көрсеткіштеріміз еселене түсеріне кәміл сенімдіміз, – дейді Гүлзира Қазиқызы.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp