«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ШӘКІРТІМІЗ – ҮКІЛІ ҮМІТІМІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен жас жеткіншектерге – ерекше сезіммен қараймын. Көзім тоймай, сүйсініп, қызыға қараймын. Себебі, жас өркен тың жер тәрізді – не ексең, соны орасың. Тек шын ниетіңмен еңбектене білетін диқан болсаң ғана қамбаңды толтырасың. Айыртау өңіріндегі Саумалкөл қазақ орта мектебінде осындай мақтауға тұратын, еңбегімен ел аузында жүрген ұстаздар қауымы қызмет етуде. Биылғы жыл мектебімізге сүбелі жеңіс, қуаныш, жетістік сыйлады. Осыншалық жақсы істің басында тұрған ұстаздар еңбегі ұшантеңіз. Олардың алдында тәлім алып жүрген жас өрендер ішінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып, суырылып шапқан жас таланттарымыз аудан, облыс, республика деңгейінде көзге түсуде. Бірі – Америкада, енді бірі – тұманды Альбион – Англияда оқып жүрген мектебіміздің 2006 жылғы түлектері Арман Мусин мен Дархан Метаевтың да оқуды ойдағыдай аяқтап, дипломдарын алып, елге оралуларына шамалы уақыт қалды. Сондай өнерлі өрендеріміздің ізбасарлары да бар. Олардың қатарында биылғы түлегіміз Байболат Құлтанов пен 10 “Б” сыныбының оқушысы Айкүміс Тілегенова сынды жас ақындарымыз және әнші қызымыз – 9 “Б” сынып оқушысы Ақтоты Найзабекті атауға болады.

Ұшар биікке самғау – әр жастың арманы, болашаққа жетелер мақсат-мұраты. Жастық шақ – нағыз даналықтың қыр-сырын игерер кез. Бойында жалыны бар жас дәл осы сәтті өткізіп алмауы керек. Байболат та, Айкүміс пен Ақтоты да нағыз ән-жыр жалыны шарпыған шабыт иелері десем, артық айтпаспын. Себебі, олардың өнерінен қанатын кеңге жайып қалықтаған шабыт құсын көресің. Шабыт – ақынның дарынына, әншінің талабына қанат беретін ұлы күш. Ой нәрлі, тіл неғұрлым алғыр болса, шығармаң да соғұрлым мәнді болады. Әлем данасы атанған Абай атамыз:

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, –

деген өсиет-бағдарын ұран етіп ұстаған қос дарын өлең жазуда аса ыждаhаттылық танытып жүр.

Данамыздың:

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Әннің тәтті оралған мәні оятар, –

деген өлең жолдары Ақтотының әншілік өнерге ерекше құштарлығын паш еткендей.

Петропавл қаласында өткен дәстүрлі Абай оқуында Ақтоты ақынның әндерін шырқаса, ақындарымыз Абай шығармаларын орындап, сонымен қатар өз шығармашылық шеберліктерін таныта білді. Қос дүлдүліміз Байболат пен Айкүміс I орынды жеңіп алса, жас бұлбұлымыз Ақтоты III орынды иеленді.

Жалпы Абай әндері қазақ музыкасында ерекше орын алады, басынан аяғына дейін халықтық ырғақтан тұрады. Ән тыңдаушысының жан сезімін оятып, жүректің нәзік қылын қозғайды. Адамзат баласы бір-біріне сөз арқылы ойын танытса, ән арқылы сезімін дарытқан. Абай әндерін нақышына келтіре орындаған Ақтоты ән қасиетін жете түсінген әнші екенін тыңдаушыларына жеткізе білді.

Тіл байлығы жоғары, сөз саптауы салмақты Байболат пен Айкүміс – әйгілі ақын-жазушылар шығармаларынан бас алмай сусындап, қорек алып жүрген жастар. Оларға поэзия жанрының қыры мен сырын ашып, таныстырып, қолдау көрсетіп жүрген ұстаз ағалары Руслан Дүкетбаев та – жыр әлемін еркін шарлаған, талай жыр додаларында шабытын сынға салып, жемісті де жеңісті жүлделерімен елін қуантқан жас ақын, өңір мақтанышы. Көркем сөйлеп, тыңдармандарға ойларын жүйелі түрде жеткізу де шеберлік. Ой өзегі – сөз шеберлерінің негізгі арқауы болуы керек. Шығарманың басты шарты – сөз техникасын игеру. Осы бағытта жас сөз шеберлерін қазақ әдебиеті тарландарының асыл мұраларымен таныстырып, сөздік қорын байытып, санаға әдемі ой маржандарын егу бағытында көмегін аямай, еңбек етіп жүрген ұстаздары Ақнұр Әшербековаға жас талаптардың айтар алғысы шексіз. Талант, дарындылық, өнерге деген талпыныс Тәңір берген сыймен қатар, төзімділік, еселенген еңбек.  

Ақтотыдай таланттың өрлеу жолында оған әншілік өнерді үйретіп, бірлесе тер төгіп келе жатқан жас ұстаз Еркебұлан Нұрбахтиновтың еңбегі ерен. Ұстаздардың дарынымен дараланған оқушылармен жұмыс жүргізуіне мектеп әкімшілігі тарапынан көп көмек көрсетіледі. Осындай істердің жүйелі де сапалы атқарылуын директорымыз Меңдігүл Олжабаева үнемі назарда ұстайды.

Әдебиет пен өнерде де, ғылым-білімде де ерекшеленген қазақ азаматтары желкілдеп өсіп келе жатқан жаңа буын өкілдеріне үлгі болары анық. Осы лектің ішінен Байболат пен Айкүміс және Ақтотының да өз орнын табарына сенім мол.

Зүбайраш СЕЙТҚАСЫМ,

Саумалкөл қазақ орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp