Солтүстік Қазақстан Көлік прокуратурасы өткен жарты жылдың жұмысын қорытындылады.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Баспасөз мәслихатында көлік прокуроры Нұрболат Қатуов 6 айда жүргізілген тексерістер бойынша өңірдегі заңдылық жағдайына тоқталды. Әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты 24 тексерістің нәтижесінде 232 заң бұзушылық орын алған. Солар бойынша 29 ұсыным қарастырылып, нәтижесінде 31 тұлға тәртіптік, 45-і әкімшілік және 3-еуі материалдық жазаға тартылған.
Петропавлдағы әуежайдың қызметкерлері алдындағы берешегі әлі күнге дейін толық өтелмей отыр. Бүгінгі күнге әуежай басшылығының мойнында 12 млн. теңге қарыз бар. “ЗИКСТО” АҚ-да еңбек заңнамасын қолдануға қатысты тексеру барысында көптеген заң бұзушылық анықталған. Сонымен қатар аталмыш зауытта өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қанағаттандырарлықсыз күйде екендігі белгілі болды.
Прокуратура контрабанда туралы қылмыстық іс бойынша айғақ заттар болып табылған 1 млн. теңге көлеміндегі қаржыны жымқыру фактісі жөнінде қылмыстық іс қозғаған. Прокурорлық әрекет ету актісі бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде Өзбекстан Республикасының азаматын ел аумағынан шығару туралы сот қаулысы орындалды. Шетел азаматы екі жыл бойы облыс аумағында заңсыз тұрып келген.