«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДА ДҰРЫС БАСШЫ БОЛСА, шешілмейтін мәселе жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,

облыстық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Мен Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді. Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз. Бірақ, сонымен бірге, бізге қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз”, – деген болатын.

Жақын арада, яғни үстіміздегі жылғы 7 тамыз күні біз облысымыздың елді мекендеріндегі ең жауапты лауазымдарға кімдер сайланатынын білетін боламыз. Ал қазір сайлауға дайындық қызу жүргізіліп жатқан шақта таңдау құқығы берілген мәслихат депутаттары ауылдардың күнделікті өмірімен жақынырақ танысып, олардың жағдайлары барлығында бірдей еместігіне көз жеткізіп отыр. Кей ауылдық округтерде жергілікті әкімдер өздерінің жерлестерімен біте қайнасып, олардың мұң-мұқтаждарын бірге шешетіндері байқалады. Ондай ауылдарда тұрғындардың көңіл күйлері де көтеріңкі, көшелер тазартылып, аулалар көркейтілген, тұрғындардың әл-ауқатының жақсы екеніне бірден көз жеткізесің. Ал егер ауыл әкімі тұрғындардың күнделікті кездесіп жататын мәселелерінен өзін аулақ ұстаса, онда жұртшылық оған сенуден қалады. Дұрыс басшы болмаса, тұрғындардың салы суға кетіп, олар басшы түгіл, өз-өздеріне деген сенімдері мен мүмкіншіліктерін жоғалтады. Ауылдық жерлерде жергілікті биліктің пәрменділігі шектеулі, оның қолында қаржыландыру, тағы басқа да тиімді басқару тетіктері жоқ. Оның есесіне ұтымды қарым-қатынас тетіктері бар. Мәселен, жолдарды жөндеуге немесе ұстап отырған малдарына жем-шөп дайындауда қиыншылық туындап отырған кейбір отбасыларға көмектесуде ауылдастарына жаны ашитын әкім жергілікті шаруа қожалықтары басшыларымен, кәсіпкерлермен кездесіп, олардың осынау маңызды мәселеге көмектесулерін өтінеді. Осылайша мәселе бірлесе отырып шешімін тапса, жолдар да жөнделіп, ауыл-ауылдың арасы тұрмақ, қалаға да қатынас реттеледі, малдың қыстық азығы да жиналады.

Көктемде өткен бастауыш ардагерлер ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстарында ауылдық жерлерде кездесетін осындай жайттар туралы көп айтылды. Мұндай мәселелердің білікті, жан-жақты әкімдер жұмыс істейтін елді мекендерде айтарлықтай аз кездесетіні де тайға таңба басқандай көрініп тұрды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды. Әкім болып мемлекеттік қызметшінің жұмыс ерекшеліктерін жақсы білетін, сауатты адамдар сайлануымен қатар, оның қоғаммен байланыс орната алу қабілеті болуы керек. Жергілікті тұрғындармен алдын ала кеңесіп, кездесулер өткізген кейбір аудандар басшылары өздерінің аумақтары бойынша әкімдікке кандидаттардың аты-жөндерін атады. Олар үшін кандидаттардың әрқайсысы туралы жергілікті тұрғындардың пікірлерін білетін мәслихат депутаттары дауыс береді, демек, олар жұртшылықтың еркін білдіретін болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp