«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН АСТАМ жұмыс істеп тұрған лагерь

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар аудандық Білім бөліміне қарасты “Серебряный бор” жазғы сауықтыру лагерінің негізі 1950 жылы қаланып, осы уақытқа дейін балалардың игілігіне қызмет етіп келеді. Онда биылдан бастап әр кезеңде 160 баладан қабылдап, бес ауысымда жұмыс істеп жатыр. 

“Серебряный бор” жазғы сауықтыру лагеріне 2 жылдан бері Гүлшат Сыздықова басшылық етеді. Ол бұған дейін Бескөл №2 орта мектебінде мұғалім, Соколовка орта мектебінде директор болып қызмет атқарған. Аудандық мәслихаттың депутаты.  

– Өткен жылы лагерьдің бағдарламасын жасап, оны аудандық, облыстық деңгейлерде қорғап шықтық. Қазір сол бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жазғы демалыс уақытында балаларға тәрбие беріп қана қоймай, оларды барынша сауықтыруға тырысамыз. Сондықтан күні бойғы жұмысымыз жоспарлы түрде жүреді. Лагерь республикалық маңызы бар қорық аумағынан 5 гектар жерді алып жатыр. Ертеден келе жатқан қарағайлы орманның ауасы өте таза, әрі жанға шипа болғандықтан, балалардың сауығуына бар мүмкіндікті пайдаланамыз, – дейді лагерьдің директоры.

Балалар таңертең ұйқыдан тұрысымен дене жаттығуларына кіріседі. Шыршаның бүршіктерінен, арнайы тұздан, құмнан жасалған жолдармен жалаңаяқ жүріп, аяқтарына массаж алады. Су, ауа ванналарын қабылдау да өте пайдалы. Бұл жаттығуларды балалар дәрігер мамандардың басшылығымен орындайды. Би қимылдарын жасау арқылы да түрлі дене жаттығулары жасалады. Кешенді жаттығуларға лагерь аумағында жүгіру мен таза ауада серуендеу де енгізілген.  

“Ас – адамның арқауы” дегендей, балалардың тамақтануы да жүйелі тәртіппен жүргізіледі. Олар санитарлық талаптарға сай бес мезгіл тамақтанады. Күнделікті ас мәзірінде табиғи шырындар, жемістер мен көкөністер, сүт өнімдері, құнарлы ботқа, тәттілер қамтылған.

Лагерьге келгеннен бастап әр күн жоспарланып, сағатына дейін бөлініп қойылған, барлық іс- шара тура күн тәртібі бойынша жүргізіледі. Балалардың алғашқы күні бір-бірімен, лагерьмен, оның тәртібімен танысуынан басталады. Одан әрі экология, денсаулық, ертегі, спорт, “Менің Отаным”, Нептун, қоштасу күндері болып жалғаса береді. Олардың әрқайсысында тақырыпқа сай шаралар ұйымдастырылып, танымдық ойын-сауықтар, сайыстар өткізіледі. Экология күнінде табиғат аясында ойындар ойнатып, туған жер табиғатын аялауға тәрбиеленеді.

– Ересек балалар – кішкентайларға қамқоршы. Олар ертегілердің кейіпкерлерінің рөлдерін сомдап, бүлдіршіндерге түрлі қойылымдар көрсетеді, ертегі әлеміне саяхат жасатады. Спорт шаралары да қызғылықты өтеді. Осындай әрқилы ұйымдастырылған шаралардың барысында облысымыздың әр мектептерінен жиналған бір-бірін мүлде танымайтын балалар арасында достық қарым-қатынас нығая түседі. Лагерь аумағында өткізілетін қандай шара болсын балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жоспарланады. Сауықтыру орнында қазақ, ағылшын тілдері және драмалық үйірме де жұмыс істейді. Вожатыйлардың барлығы – мектептердің мұғалімдері, – дейді лагерьдің ұйымдастырушысы Светлана Швецова.

Мұнда жаппай оқыту қоры бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, шеттен келген қандастарымыздың, мүгедек балалардың сауығуына мүмкіндік бар. 1-2 ауысымда лагерьге негізінен Қызылжар ауданының балалары қабылданады. Үшінші ауысымнан бастап Петропавл қаласынан, басқа ауылдық жерлерден де демалғысы келген балаларға келуге болады. Тіпті, Көкшетау қаласынан каратэшілер келіп, екінші жыл демалуда. Кейбір балалар бірнеше кезеңге қалуға тілек білдіреді. Бір ауысымның құны – әр балаға 14 500 теңге.

– Өткен жылы қарағайдан екі монша салдық, біреуі – ұлдарға, екіншісі қыздарға арналған. Биыл үшіншісін салып жатырмыз. Қарағайдан салынған монша денсаулыққа өте пайдалы. Осы жердің өзінен балаларға ішетін су болсын деп, құдық қаздырған болатынбыз. Оның тереңдігі 42 метрге жетті. Бірақ біз тұзды су көзіне тап болдық. Оның құрамын талдауға жіберіп, анықтадық. Судың құрамы түрлі тұздар мен темірге бай, шипалы болып шықты. Жұрт тұзды суға түсуге басқа жаққа барса, біз өзіміздің лагерьде балаларға осы мүмкіндікті жасап отырмыз. Бассейнді де жөндеп, арнайы жамылғымен жаптық. Балалар жылы күндері бассейнге өзімізден шыққан шипалы суға түседі. Моншаға да осы су тартылған. Су тұзды болғанымен, өте жұмсақ, – дейді Гүлшат Файзоллақызы.

Гүлшат Сыздықованың айтуынша, лагерьдегі ғимараттарға 63 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл екеуінің төбесін қайтадан жауыпты. Оның бірін Қызылжар аудандық Білім бөлімі бөлген ішкі бюджет есебінен, екіншісін “Основание” құрылыс компаниясының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Тимофеевтің демеушілік көмегінің арқасында істеткен.

– Лагерь аумағында былтыр қыста бірінші рет шаңғыдан облыстық және республикалық қысқы сайыс өтті. Алдағы уақытта басқа ғимараттарға да күрделі жөндеу жүргізіп, лагерьді жыл бойы жұмыс істейтін демалыс орнына айналдыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлшат Сыздықова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Қызылжар ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp