«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ТА, ЖАСАМЫС ТА АЖАЛ ҚҰШТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері 27 солтүстікқазақстандық су құрбаны болды. Оның төртеуі – балалар. Облыстық ТЖД-нің сүңгуірші құтқарушылары 76 адамды құтқарса, оның 24-і бала еді.  

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылындағы Шарық көлінде балық аулаған 62 жастағы ер адам суға батып кетті. Жергілікті тұрғындар оның мәйітін жарты сағаттан кейін жағаға әрең шығарды.

Шілденің соңғы күндері 1990 және 1998 жылдары туған екі облыс тұрғыны су құрбаны болды. 23 жастағы азамат сағат төрт жарым шамасында Аққайың ауданының Смирново ауылы маңындағы қазаншұңқырда суға шомылу барысында батып кеткен. Сүңгуірші құтқарушылар марқұмның мәйітін судан алып шықты. Ал бір сағат өтер-өтпестен Новопавловка ауылының жанындағы Есіл өзенінде 15 жастағы қыз бала суда ажал құшқан. Қазіргі уақытта құтқарушылар қыздың мәйітін іздестіруде.  

Өткен аптада жергілікті құтқарушылардың күшімен 18 облыс тұрғыны ажал аузынан құтқарылса, оның 3-еуі – бала. Құтқарылғандардың ең үлкені 41-де, ал ең кішісі небары 12 жаста ғана.

Тіркелген төтенше жағдайлардың көбі Есіл өзенінде орын алды. Мысалы, 29 жастағы петропавлдық мас күйде Есілге түскен. Абырой болғанда, жақын маңда жүрген құтқарушылар су түбіне кете жаздаған азаматқа көмекке келіп, өлімнен арашалап қалды.

Сондай-ақ сүңгуірші құтқарушылар темір жол көпірі маңында суға түскен үш бойжеткенді де аман алып қалды. Шомылу барысында су матрасы аударылып кетіп, бата бастаған қыздарды құтқарушылар жағаға алып шыққан.

Құтқарушы мамандар терең және ағысы қатты жерлерде суға түспеуді, кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.

 

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp