«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРГІЛІКТІ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА ЖӘРДЕМ КӨРСЕТІЛМЕКШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні облыстық әкімдікте тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысының барысы талқыланған кеңес өтті. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен жиынға жергілікті құрылыс компанияларының басшылары қатысты.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Саят Әшімовтің айтуынша, биыл тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысына және қайта қалпына келтіруге 11 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 9 миллиард теңгесі – республикалық бюджеттен, қалған сома облыстық бюджеттен қарастырылған. Бөлінген қаржының 8 миллиард теңгесі аудандардың дамуына жұмсалмақ. Ал әлеуметтік салалар бойынша білім беру нысандарын салуға – 297 миллион теңге, денсаулық сақтау бойынша – 4 миллиард теңге, 8 аудандағы сумен қамтамасыз етудің 16 нысанының құрылысына 2 миллиард теңге бөлінбек.

Тұрғын үйді пайдалануға берудің үстіміздегі жылғы жоспары 110 мың шаршы метр болса, оның 42 мың шаршы метрі аудандарға тиесілі. Биылғы жылдың 6 айында 26,2 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді, бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 100,3%-ға тең. Аудандар бойынша физикалық көлем индексі және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша облыстық көрсеткіштен төмен нәтижелер – Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Аққайың, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы, Айыртау аудандарында.  

Жиында аудандарда “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 2011-2012 жылдары құрылысы басталып, бүгінге дейін аяқталмаған үйлердің бар екендігі айтылды. Мәселен, Айыртау ауданында өткен жылдары салына бастаған 12 жеке және 60 көппәтерлі тұрғын үй осы жылдың аяғына дейін берілмек. Облыс әкімі мердігерлер мойындарына алған міндеттерін жауапкершілікпен орындаулары керектігін қадай айтты.

Ал Петропавл қаласының әкімі Төлеген Закариянов облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарының негізгі бағыттары жайында баяндады. Қазіргі таңда тұрғын үйлер құрылысының басым бөлігі “Береке” ықшамауданында жүргізілуде. Бүгінде аталмыш ауданға коммуникациялық желілерді тарту үшін қыруар қаржы бөлінген. Қала әкімі көпқабатты тұрғын үйлермен қатар, жекеменшік жер үйлердің де құрылысына тоқталды. Бүгінде облыс орталығы аумағында үй салу үшін жер алуға кезекке тұрғандардың саны – 5 мыңдай. Осы орайда үй салуға ниеттілердің қажеттіліктерін өтеу үшін облыс аумағындағы “Береке”, “Береке 2”, “Жас өркен”, “Южный”, “Шығыс”, “Солнечный”, “Кирпичный” аудандарында бос жатқан жерлерді пайдалану туралы ұсыныс айтылды. Мәселен, “Шығыс” ықшамауданында – 24 гектар жер, ал “Жас өркенде” 232 жер учаскесі бар.

Кеңес барысында экономикалық жағынан тиімді әрі құрылыс компаниялары үшін тартымды “Береке”, “Жас өркен”, “Южный” аудандарына басымдық берілетіндігі белгілі болды. Енді 2020 жылға дейін осы аумақтардың құрылысы қала үшін басым бағытқа ие болмақ. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынатын тұрғын үйлермен қатар, коммерциялық құрылыстарды да жүргізу мәселесі қозғалды. Осы орайда Самат Ескендіров кеңеске қатысқан жергілікті құрылыс компанияларының басшыларынан аттары аталған ықшамаудандарда құрылыс жұмысын бастауға ниеттері бар ма екенін сұрады. Қызығушылықтары бар екенін жеткізген олар туындаған мәселелерін де айтып қалды. Бүгінде құрылыс компаниялары кірпіштен таршылық көруде. Шикізатты бізден алатын көкшетаулық “ENKI” ЖШС өңіріміздегі құрылыс компанияларын кірпішпен уақытында қамтамасыз ете алмай отыр. Осы орайда Самат Сапарбекұлы Құрылыс басқармасының басшысына аталмыш зауыттың шикізат алып отырған өңірді алдымен кірпішпен қамтамасыз етуі керек екендігін айтып, бұл мәселені шешуді тапсырды. Ал облыс орталығында кірпіш зауытын салмақ болып, Қытайдан қажетті қондырғыларды алып келген “Алаугаз СК” ЖШС-нің директоры Александр Фильдман мемлекеттік бағдарлама бойынша төмен пайызбен кредит алмақ болғанымен, оған қолы жетпей тұрғанын жеткізді. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып отырған қаржы институттарының себепсіз қаржыландырудан бас тартпайтынын айтқан өңір жетекшісі жергілікті билік кірпіш зауыты салынған кезде оның өнімі нарықта сұранысқа ие болуына қажетті жағдайдың бәрін жасайтынын мәлімдеді.

Ал “Петрострой Люкс” ЖШС-нің директоры Николай Кошиков облыс орталығында салып жатқан 200 орындық балабақшасын құзырлы органдар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді деп 114 орынға дейін қысқартып тастағандығын жеткізді. Бұл аталмыш құрылыс компаниясы үшін қаржылық жағынан тиімсіз. Бүгінде балабақшаны алғашқы жоспар бойынша салу үшін қосымша 14 сотық жер қажет. Осы орайда Самат Ескендіров балабақша құрылысының әлеуметтік мәні зор екендігін атап өтіп, қала әкімі Төлеген Закарияновқа бұл мәселені шешуді тапсырды.

Өңір басшысы солтүстікқазақстандық мердігерлерді Петропавлдағы үш ықшамауданның құрылысына атсалысуға шақырып, өңірдегі құрылыс индустриясының бар мүмкіншілігін пайдаланып қалу керектігін ерекше атап көрсетті. Алдағы уақытта құрылысқа сырттан емес, жергілікті мердігерлерді тартып, оларға басымдық беру көзделіп отыр.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp