«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖЕРІНДЕЙ АЙЫРТАУДЫҢ ЖЕРІҢ БАР МА, ШАЛҚАРДАЙ ШАЛҚЫП-ТАСҚАН КӨЛІҢ БАР МА?!” Немесе өңірімізде туризм неге өрге баспай тұр?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жеріндей Айыртаудың жерің бар ма, Шалқардай шалқып-тасқан көлің бар ма?!” деп ақын Мұса Асайынов жырлап кеткен бұл өлкенің табиғатын бүгінде аузымыздан суымыз құрып мақтаймыз. Мақтанышымызды жатқа көрсетіп, өзіміз игілігін көргіміз келеді. Алайда, осы ойымызды жүзеге асыруға келгенде тасымыз өрге домаламай-ақ қойды.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қиюын келтіре алмай жүрген туризмді дамыту жайы қазір даурықпа әңгіменің аясынан аспайтындай. Туризмге қатысты жиын “Күлтөбенің басында күнде” болмаса да, жылына бір рет бас қосу болады. Өңіріміздегі туризмді дамытудың мәселелері айтылады, шешу жолдары талқыланады, жауапты органдарға тиісті тапсырма беріледі, олар бас шұлғысып тарасады. Бұдан дамуы бір сатыға жоғарылаған туризм жоқ. Сол баяғы қалпы. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев солтүстік өңірдегі облыстар әкімдерін қабылдаған кезде шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыспен қамтуды шешу мәселесіне ерекше назар аударып:

– Туризм саласындағы бизнесті дамыту үшін мол резерв бар. Туризм – орасан табыс көзі және кез келген ел экономикасының бөлігі. Мысалы, Ақмола облысында 2015 жылға қарай туристер саны 1,5 миллион адамға дейін арта түсетін болады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында – 2 есеге, Павлодар облысында – 1,6 есеге, Қостанай облысында – үштен біріне артады. Алайда, туристердің басым көпшілігі тек Бурабайға келеді. Бұл жергілікті экожүйеге едәуір салмақ түсіреді. Осыған байланысты Зеренді, Айыртау, Баянауылда және Солтүстік облыстардағы өзге аудандарда туристік әлеуетті дамыту қажет. Мысалы, тек Зеренді ауданына 200 мыңға дейін турист жіберуге болады, алайда, Щучье – Зеренді жолының жағдайы қанағаттанғысыз күйде, – деген еді.  

Елбасы аузына алған Айыртау ауданында әсем табиғатынан басқа Қарасай мен Ағынтай мемориалдық кешені, Ш.Уәлихановтың мұражайы, Айғаным қонысы, “Ботай” неолиттік тұрағы бар. Танымдық демалысты қалайтындарға да, табиғаттың аясында тыныққысы келетіндерге таптырмас орын. Бірақ, жолдың машақатын көрмей, ол жерлерге жете алмайсыз.

Бұл Айыртау ауданының ойдым-ойдым жолдарына да қатысты. Жоғарыда аталған тарихи ескерткіштерге күтім жасау қазіргі таңда қолға алынған. Ш.Уәлихановтың мұражайын да, Айғаным қонысын да, Қарасай мен Ағынтай мемориалдық кешенін де қалпына келтіруге қыруар қаржы бөлінеді. Осының арқасында тарихи ескерткіштер сырын да, сынын да жоғалтпаған. Ал табиғат аясындағы туризм жабайылық бағытта дамуда. Ресми деректерге сүйенсек, Айыртау өңірінде 43 демалыс орны бар. Олар негізінен Шалқар, Айыртау, Имантау, Жақсы-Жалғызтау, Белое көлдерінің жағасында орналасқан. Бүгінгі таңда оның 20-сы тұрақты жұмыс істеп, жылына 13-18 мың адамды қабылдайтын көрінеді. Өткен жылы олардан бюджетке түскен салық көлемі – 5 миллион 685 мың теңге. Бір қарағанда 20 демалыс орнының жұмыс істеуі де кісі қуанарлықтай сан болып көрінеді. Алайда, қалай жұмыс істеп жатыр?

Тұрақты жұмыс істейтіндердің қатарына жататын “Солнечный ВИП” және “Акбар” демалыс орындарына бір сағаттан асқанда әрең жеттік. Қырық жамау грейдерден дала жолына түстік. Ойдым-ойдым жолдың бойына “Акбар” деген жазуы бар темір тақта ілінген. Қос демалыс орнын бұл жерді жете танитындар тауып алмаса, біз сияқтылардың сағаттап адасары анық. Адасуға кетірген уақытты демалуға жібергісі келетіндер бұл жақтан аяғын алыс ұстайтыны түсінікті. Осы орайда Айыртау ауданындағы жолды жөндеуге қанша қаржы бөлінеді деген сұрағымызға үстіміздегі жылы 618 997 мың теңге қарастырылғандығы айтылды. Ал жергілікті бюджеттен аудандық маңызы бар автожолдардың ағымдағы жөндеу жұмыстары мен ұстауға 21882 мың теңге бөлінген. Бұл қаржыға біз жүрген жолды жөндеу қарастырылмаған. Жергілікті билік оны “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жөндетпек болып, жобалық-сметалық құжатын әзірлегенімен, комиссиядан өтпей қалыпты. Біріншіден, жоба құны тым көп, екіншіден, жолдың жартысы “Көкшетау” Ұлттық паркінің жерінде жатыр, үшіншіден…, төртіншіден деген себептер айтылған. Инфрақұрылымнан кейін ғана туризм дамитынын қашан ескереміз?

Осы жерде туризмді шетелдік инвесторлар арқылы дамыту қажет деген жауыр болған ұсыныс айтылары анық. Өткен жылы шілде айында өңірімізге Словения Республикасынан келген инвесторларға сұлу табиғатымызды көрсетіп, әлектендік. Әсіресе, тарихи орындарға бай Айыртау ауданына басымдық берілді. Қолда бар байлығымызды өзіміз насихаттай алмай жүр екенбіз. Шетелдік инвесторларға көрсетілген бейнероликте мән жоқ. Мазмұны нашар бейнероликті көрген шетелдік инвестор түгілі, жергілікті қалталылардың өзі қызығушылық танытпас еді. Әңгіме барысында инфрақұрылым жағдайы сұралды. Жол, су, энергия көзі, желісіз интернет деген сөздерді естігенде ғарыш ұшағынсыз Айға жетуді көздеп жүргенімізді түсінгендей болдық. Жалпы туристік саланың мамандары шетелдік инвесторларға иек артудың өз қаупі бар екенін, сондықтан отандық инвесторларға, Үкіметке, сонан соң қысқамерзімді қамтитын бағдарламаларға ғана сенім артуды ұсынады.

л отандық инвесторларға жергілікті туризмді дамытуға қандай жағдай жасалған? Мәселен, “Акбар” туристік кешенін оның иесі Қазыбек Хасеинов Алматы қаласынан келіп ашқан. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ХАҒА мүшесі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің “Математика” кафедрасының профессоры жыл сайын маусым мен қазан айлары аралығындағы жазғы демалысын Имантау көлінің жағасында өткізеді. Бұған дейін аудан орталығында “Ақтоқты” қонақүйін ашқан профессор қазір “Акбар” туристік кешенін дамытуға бар күш-жігерін салуда.

– Қазақстанның 27 қорықты жерінің 19-ы осы ауданда орналасқан. Бұл жердің табиғатының сұлулығы керемет! Осы орайда жерді 49 жылға жалға алдық. Екі жылға жуық электр көзін, су тарта алмай әлектендік. Менің демалыс орнын дамытуға салып жатқан қаржым осы жерде қалады. “Акбарды” Алматыға көшіріп алып кетпесім белгілі. Жергілікті билік өкілдеріне осыны түсіндіріп, инфрақұрылымды дамытуға көмектесіңдер деген өтінішімді үнемі айтамын, – дейді Қазыбек Хасеинов.

Бүгінде аталмыш туристік кешенде 150 орындық 3 жатын корпусы салынып, 300 орындық мейрамхана ашылған. Кешенге телефон желісі тартылған.

Мұндай мәселені “Солнечный ВИП” демалыс орны да бастан кешірген. Қазір электр көзімен, сумен қамтылған демалыс орнында жаңа үйлер мен коттедж, дәмхана, монша салынуда.

Қатар тұрған қос демалыс орнының ендігі мәселесі – жол. Туристік демалыс орнына жаз айында жетудің өзі қиын болса, ал қыста бұл жерді қар алып қалады. Жаздың 3 айында ғана жұмыс істеп жатқан туристік демалыс орындары қыстың көзі қырауда да қонақ қарсы алатындай жағдайды қалайды. Алайда, бұл тілектері арман күйінде қалып отыр.

Арман күйінде қалған жобалардың бірі – “Этноауыл”. Облыс орталығындағы “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы Сағындық Салмұрзин тарихымызды, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды, ұмытылған технологияны, саятшылықты, ат баптауды, тазы жүгіртуді, бес қаруды қолдануды қайта жаңғыртатын “Этноауыл” кешенін Айыртау ауданының Имантау деген жеріне орналастырып, шетелден келген қонақтарға көрсетпек болған. Құны 200 миллион теңгенің аржақ бер жағындағы жобаны жүзеге асыруға жергілікті жердегі кәсіпкерлердің де, Ресейдің шекаралас жатқан облыстарындағы қалталы қандастарымыздың да ниет танытпағаны түсінікті. Сағындық Досмақұлы енді оны “ЕXPO – 2017″ арқылы жүзеге асыруға ниетті.

Қарап отырсаңыз, бұл мәселенің шешімі де қаржыға келіп тіреледі. Шетелдік те, отандық та инвестицияны тарту үшін тартымды ұсыныс және жағдай жасалуы қажет қой. Бүгінде біз инвесторларға екеуін де жасай алмай отырмыз. Су мен энергия желілерін тарту үшін екі жылға жуық әуреге түсу қай инвесторға ұнаушы еді?!

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp