«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАННЫҢ МҰРАСЫ – мәңгілік рухани азық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлбағым КЕМЕҢГЕРОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орай Тіл және әдебиет институты “Күннен туған баламын” атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Кештің мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлы ақынымыздың өмір жолы мен шығармалары арқылы сөз мәдениеті мен сөйлеу мәдениетін, поэзияға деген құмарлықтарын ояту. Ақын өлеңдерін жатқа айту және насихаттау арқылы мәнерлеп оқудың қыр-сырын аша білу, ұлтжандылыққа, өнегелілікке тәрбиелеу. Әдеби-сазды кешті қазақ филологиясы кафедрасының доценті Жанар Құлыбекова мен аға оқытушы Марал Мауғазина және ҚТӘ-10, ҚТӘ-11 тобының студенттері ұйымдастырды.  

“Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын,

Күнге ғана бағынам.

Өзім – күнмін, өзім – от,

Сөзім, қысық көзім де – от,

Өзіме өзім табынам”, – деп әдеби кештің шымылдығын Мағжан атамыздың “От” өлеңімен Бибігүл Нұртазина ашып, жиналған жұртты бір серпілтті. Бұдан кейін көрермендер Мағжанның өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнефильмді тамашалады. Кеш барысында ақиық ақынның өлеңдерін шабыттана оқыған Айымгүл Қадірменова, Жұлдыз Теңісбаева, Мақпал Әділбек және Екатерина Шайхутдинова ерекше көзге түсті. Ақынның шоқтығы биік шығармасы – “Батыр Баян” поэмасынан үзіндіні Ақнұр Тасқұл айрықша орындай отырып, көрермендерді өзіне еліктіре білді. Кеште ақынның “Сүйемін” және “Дайди-дау” әндері орындалып, әсем жырдан шашу шашылды. Кеш барысында Айтолқын Мұнайдарова, Гүлдария Сабыр, Әсел Ерсайынова Мағжан атамызға арнаған төл туындыларын оқыды.

2-курс студенттері “Мен жастарға сенемін” өлеңінің композициясында ақын шығармашылығының қыр-сырын аша отырып, тыңдармандарды тебірентті.

Әдеби кешке қатысушыларға арналып “Қыран тағдырлы ақын” атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды.

Кеш соңында Тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласбаева жүрекжарды тілегін айтып, әдеби кешті ұйымдастырған кафедра ұжымына алғыс білдірді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp