«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРГЕНДЕ ТАЛАПТЫ СПОРТШЫЛАР БАР, бірақ спорт залы жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданындағы Мерген негізгі мектебінің қабырғасы бастауыш сынып ретінде 1939 жылы қаланған. Ал оның бүгінгі қолданыстағы ғимараты 1976 жылы берілген. Осы мерзім ішінде аталмыш мектепке бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бүгінде ғимараттың қабырғаларының балшық сылақтары мен есіктерезелерінің тозығы жетіп тұрса да, жыл сайын олардың үстіңгі қабаттарын жаңартып отырғандықтан, мектеп іші мұнтаздай тап-таза. Ал оның кейбір жиһаздарының ескіргендігі соншалық – сонау кеңес заманының белгісін білдіретіндей. Бұл елді мекенде жаңа мектеп салу мәселесі сонау кеңестік дәуірде сөз болған, тіпті, онда үш қабатты жаңа ғимараттың қабырғасы біраз көтеріліп те қойылғанды. Бірақ осыдан үш-төрт жыл бұрын оны басқа жаққа құрылыс материалдары ретінде бұзып әкетіпті. Жаңа мектеп туралы айтылар өтініш әлі де өзекті болғанымен, жеме-жемге келгенде көрсетілер көмек шама-шарқынша ғана болып қалады. Биыл республикалық бюджеттен 16 миллион теңге бөлініп, мектептің шатыры толығымен жаңартылмақ, сондай-ақ жылыту қазандығы да ғимараттан алшақтатылып, 12 метр әріге жаңадан салынып жатыр. Алайда, биыл спорт залы мәселесі тағы да “жабулы қазан” күйінде қалыпты.

Бұл мектептің оқушылары спортпен қысы-жазы ашық аспан астында шұғылданады. Сонда да мергендік оқушылар спорт түрлерінен аудандық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүргендерін мақтанышпен айта алады. Ал өткен жылы “орыс лаптасы” бойынша облыстық сайысқа аудан құрамасында мергендік шәкірттер барған. Мұнда білек күшінен (армрестлинг) дес бермейтін спортшы қыздар бар. Осыдан  бір-екі жыл бұрын спорт залы мектептің бұрынғы ғимаратында болған (Бүгінгі ғимараттың өзіне 37 жыл болса, одан бұрынғыға қанша жыл? – Г.Қ.). Ал өткен жылы сарапшылар келіп, ол ғимаратты қолданыстан мүлде шығару қажеттігін айтқан. Мектеп әкімшілігі жергілікті атқарушы органдар алдында спорт залын салу туралы мәселені талай рет көтергенімен, биыл ғана “сең қозғала” бастағандай. Онда да жергілікті бюджет құрылыстың 50 пайызын ғана қолдай алады, ал қалған жартысын жергілікті шаруа қожалықтары қаржыландырсын деген ұсыныс жасалған. Бірақ бұл құрылыс қомақты қаржыны талап ететіндіктен, ауылдағы орта және шағын кәсіпкерлер әлі толық жауап бермеген.

Жалпы бұл білім беру мекемесі ауылдағы шаруа қожалықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып алған екен.

– Мектеп ішінде шағын орталық ашқан кезде ауылдағы агроқұрылымдар үлкен көмек көрсетті. Онда “Агро-Гермес” ЖШС басшысы Сергей Окунев пен “Шұбарат” ЖШС-нің бұрынғы директоры, марқұм Ұлан Рахымовтың қолғабысын ерекше атап өткім келеді. Солардың көмегімен мектеп маңында бау-бақшаға орын да жасап алдық. Бүгінде одан өз несібемізді көріп отырмыз, – дейді мектеп директоры Гүлмира Көпеева.

Мерген ауылында 120 отбасы бар. Биылғы санақ бойынша балалар саны 150-ден асқан. Ауылда бала туу үдерісі жақсы болғандықтан, шағын орталықтың өзінде кезекте тұрған бүлдіршіндердің саны жыл сайын өсіп келеді. Елден қоныс аударып кетіп жатқандар жоқ. Тұрғындардың басым бөлігі жұмысбасты. Ондағы ірі шаруашылықтар еңбеккерлері үшін ауылда жаңа тұрғын үйлер салу жоспарын биылғы жылға бекітіп қойған.

Мектепке соңғы екі жыл қатарынан “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша екі жас маман келіпті. Дегенмен, кадр мәселесі бұл оқыту орны үшін әлі де өзекті. Мұнда химия, физика, математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Қазақ сыныптарының ашылғанына да биыл алтыншы жыл. Байқап отырғанымыздай, мектеп жылдан-жылға үлкейіп, ұжымды ұлғайту қажеттігі туындап отыр. Сондықтан ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымының жаңа оқыту ғимаратының, әсіресе, спорт залының қажеттігін алға тартулары орынды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp