«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТІЛСІЗ ЖАУ” ТЫРНАҒЫН БАТЫРЫП ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыста 407 өрт болып, одан 182 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 31 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның бесеуі – бала. Жиырма төрт адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.  

Өткен аптада облыс орталығында 3 ірі өрт шыққан. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Атап айтқанда, Петропавл қаласының Брусиловский көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерде өрт шықты. Үй иесі сары масаға қарсы дәріні күйдіру кезінде жиһазға ұшқын түсіріп алған. Соның салдарынан кресло мен диван зақымданды.

Облыс орталығының Михеев көшесі бойында орналасқан жер үйді қызыл жалын жалмады. Шыққан өрт үйдің қабырғаларына, үй жиһаздарына зақым келтірді. Құтқарушылар оқиға орнынан газ баллонын шығарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.

Сондай-ақ Колхоз косогоры көшесінде де өрт оқиғасы орын алды. Нәтижесінде қосалқы құрылыстың шатыры мен 2 үй зардап шекті. Өрттің шығуына өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы себеп.

Дәл осындай оқиға Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында да тіркелді. Бұл жерде шыққан өрт қора-қопсыны күлге айналдырса, тілсіз жаудың кесірінен Қызылжар ауданының Бескөл мен Тепличное елді мекендерінде ағаштан салынған қосалқы құрылысқа зақым келді. Өрттің шығуына сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болды.

Ал Есіл ауданының Бұлақ ауылында сарай мен гаражды өрт шарпып, ақыр соңында ағаш құрылымдарымен бірге “ВАЗ-2106” автокөлігі толықтай жанып кетті. Өрт 375 шаршы метр аумақты шарпыды.

Тонау соңы өртпен аяқталған төтенше жағдай тіркелді. Нақтырақ айтқанда, отын тиеп, орманнан келе жатқан “ЗИЛ-130″ жүк көлігі Қызылжар ауданының Николаевка ауылының маңында жаңбырдан кейін саз болған жолда батып қалған. Жүргізуші трактор іздеп кеткен кезде белгісіз біреулер “ЗИЛ”-ді тонап, кейін өртеп жіберген. Қайта оралған жүргізуші көліктің тиелген отынымен бірге жанып кеткендігін көрген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Петропавл қаласының Астана көшесіндегі базарда орналасқан сауда нүктесінен от шыққан. Түнгі сағат 2:15-те шыққан өрт маңайдағы сауда нүктесіне де жайылған. Жалынды 2 бөлімнің құтқарушылары 1 сағаттың ішінде ауыздықтап, бір газ баллонын сыртқа шығарды. Абырой болғанда, өрт оқиғасында адам шығыны тіркелген жоқ.

Таңғы сағат 11 кезінде Ақжар ауданының Киевское ауылындағы “Азия” дүкені отқа оранған. Оқиға орнына жолдың қашықтығына байланысты кеш жеткен жергілікті өртсөндірушілер тек кешкі сағат алты шамасында өртті сөндіре алды. 432 шаршы метр аумақты шарпыған өрт дүкен ғимаратын, ауылшаруашылық тауарларын, тоңазытқыштарды, жиһаздар мен бильярд үстелін күлге айналдырды.

ТЖД мамандары өрт оқиғасы орын алған жағдайда “101” және “112” нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ескертеді.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp