«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХИМИЯ КЕРЕМЕТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемге әйгілі химияның мәні зор. Алысқа бармай-ақ, өз өңірімізден мысал алайық. Біздің аймақ – астықты аймақ. Сол астықты қалай өсіріп отырмыз? Астықтың жауы да көп: біздің жаққа Иран, Пәкістан елдерінен бидай бүргесі, кенесі және көкқасқа шегіртке ұшып келеді. Себебі, оларда химия аз қолданылады. Жәндіктерді жоятын, арамшөптерді құртатын дәрі-дәрмектер жоқтың қасы. Егістің енді бір жауы – тышқан. Мысалға, өткен жылы егіннен жақсы өнім алдық. Астық сақтайтын қоймалар болмай қалып, астықты полиэтилен қапшықтарына тыққыладық. Екпестен бұрын бидай тұқымдарын дәрілейді, себебі зиянды жәндіктер дұрыс өсуге бөгет жасайды. Ал дәріленген тұқымды жәндіктер жей алмайды. Бірақ дәрінің бидайға зияны жоқ. Бидай тұқымы топыраққа түскеннен іле өсе бастайды. Дәрі топыраққа сіңіп кетеді. Елу-жүз жыл шірімейтін құбырлар, күнделікті өмірде жиі кездесетін ыдыс-аяқ, айлап сақталатын айран, сүт, ірімшіктер полимер ыдыстарда ұзақ сақталады, бүлінбейді. Ғарышкерлер киімдері (скафандрлар) полимерден жасалады.

ХИМИЯ ҒАЖАЙЫПТАРЫ

“Магний су астында жанады”

Темір қасықшаға аздап магний ұнтағын салыңыздар да, спирт шамымен қызарғанша қыздырыңыздар. Сонан соң суға батырыңыздар. Сіздер жанған затты судың сөндіретінін білесіздер. Ал бұл жерде магний судың ішінде жана бастайды. Ол суда жанып қана қоймай, судан қуатты түрде сутегіні бөліп шығарады. Бөлінген сутегіні судың бет жағында жағуға болады. Мұнда қандай химиялық реакция жүретінін, реакция теңдеулерін жазу арқылы дәлелдеңіздер.

“Магнийдің көмір қышқыл газында жануы”

Сіздер көмір қышқыл газының жануды қолдамайтынын білесіздер. Өртті көмір қышқыл газымен сөндіреді. Ал жанған магнийді көмір қышқыл газы арқылы сөндіруге болмайды. Ол үшін мынадай тәжірибе жасаңыздар. Зат жағатын, темір қасықшаға шамалы магний ұнтағын салыңыздар да, қызарғанша қыздырыңыздар. Сонан соң оны күні бұрын көмір қышқыл газы жиналған шыны стақанға салыңыздар. Міне, ғажап – магний көз қаратпайтын өткір жалынмен жанады! Мұның себебін өздеріңіз шешіңіздер. Реакция теңдеуін жазыңыздар.

“Магнийдің құммен

әрекеттесуі”

2-3 грамдай өзен құмы мен 2-3 грамдай магний ұнтағын араластырыңыздар да, пробиркаға салып, спирт шамының жалынында әбден қызғанға дейін қыздырыңыздар. Сонан соң пробиркадағы пайда болған затты шамалы суытыңыздар. Шыны стақанға 4-5 мл. концентрациялы тұз қышқылын құйыңыздар. Енді осы қышқылдың үстіне әлгі пробиркадағы затты себелеп салыңыздар. Ғажапты сонда көресіздер. Стақанда шытырлаған ұшқындарға назар аударыңыздар. Бұл кремнийлі сутегінің түзілуінен болады. Осы тәжірибенің теңдеуін жазыңыздар. (3 тәжірибе де адам өміріне қауіпті емес, әрбір оқушы өз үйлерінде істей алады).

Қырғыз МҰСАБАЕВ,

зейнеткер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp