Кәсіпкер Елшібай Егінбаевтің негізгі мамандығы – инженер-механик. Ол өткен жылдың сәуір-мамыр айларында мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 18 миллион теңгеге несие алып, егіншілікпен бірге мал басын көбейтуді қолға алған.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Елшібай Зәкенұлының жаратылысынан пысық, істеген ісіне тыңғылықты екені бір көргеннен-ақ байқалып тұр. Ол Кеңес Одағы кезінде де талай іспен шұғылданып, сауда саласында да біраз жыл еңбек еткен. 1986 жылдары құрылысқа икемі бар жігіттердің басын біріктіріп, “Восход” құрылыс кооперативін ашады. Елшібай Егінбаевтің: “Ана үйлерді, одан бергі мына үйлерді біздің құрылыс кооперативінің жігіттері салған болатын”, – деген сөзінен сол кездері өздері іргесін қалаған, бүгінгі күні Тайынша қаласындағы талай отбасының жылы да жайлы мекенжайына айналған үйлерге қарап, көңілі марқаятынын, осы ғимараттарда өз алақандарының ізі барын мақтаныш тұтатынын, өзі ашып айтпаса да сөзінен аңғару қиын емес. Алайда, кеңшарлар тарап, құрылыс кооперативінің де күнкөрісі қиындаған кезде жұрттың басына түскен ауыртпалықты олар да бастан кешіреді. Егінбай 1999 жылдан бастап кәсіпкерлікке шындап бет бұрған. Алдымен аздаған жерге бидай сеуіп, егіншілікті қолға алады. Егін бір жылы шықса, бір жылы жоқ. Соған байланысты астықты өткізу құны да өзгеріп тұрады. Жалғыз егін тиімсіз екеніне көз жеткізген кәсіпкер өткен жылдың сәуір айында мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы арқылы ірі қара сатып алған.
– Қолда ұстаған ірі қара, жылқы, қойларымыз болды. Бірақ қойдан пайда түспейтін болған соң, оны ұстауды тоқтаттық. Қазір елу шақты жылқы табында жүр. Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан жеңілдікті біз де пайдаланып жатырмыз. Мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы арқылы берілген несиеге ауыл тұрғындарынан 120 бас ірі қараны өзіміздің ақбас сиыр тұқымынан сатып алдым. Бүгінгі таңда ірі қара саны 200-ге жетті, оның 109-ы – ұрғашы. Ақбас сиырларды “алаботалық” ет-сүт бағытындағы малдарға айналдыру үшін солардың бұқаларын алдық. Сиырлар төлдеді, бұзаулардың барлығын енелеріне қосып жібердік. Қолымыздан келгенше бар жағдайды жасау үстіндеміз. Әзірге малдан пайда көрген жоқпыз, қазір біз малға барымызды салып жатырмыз, сосын одан еңбегіміздің жемісін күтеміз. Биыл Үкімет малдың жем-шөбіне әр ірі қара басына 11 мыңнан астам теңгеден демеуқаржы төледі, – дейді шаруашылық басшысы.
“Алмақтың да салмағы бар” демекші, қарызды қайтару жолдарын ойластыра бастаған кәсіпкерді бүгінде малды етке өткізу жағы толғандырып жүр. Әзірге бұл мәселе ашық қалпында тұр. Алайда, алдына мақсат қоя білген азамат оның да шешімін тауып, ісінің өрге басатынына кәміл сенімді.
– Біздің алдымызда тұрған міндетіміз – алған қарызды қайтару. Бар үмітіміз – малымызда. Оларды жақсылап бағып, тиімді бағамен сата алсақ, қарыздан да құтыламыз деген ойдамыз. Сондықтан кездескен қиындықтарға қарамай, еңбек етудеміз. 1484 гектар жерге бидай ектік. Егіс алқабында химиялық өңдеудің бәрін дер кезінде атқардық, егін шығып келеді. Жерден тілегенімізді көктен беріп, жаңбыр уақытында жауды, енді өнім қандай болатыны күзде орған кезде белгілі болады. Өзіміз шөп те ектік, бірақ ол биыл шабуға келмейді. Мироновка ауылдық округінен биыл шабындық жер берді. Қысқа қажетті шөбімізді шауып, үйіп алдық. Әлі де болса шабатын жерлеріміз бар. Өзіміздікі деген жаңа технологиямен жұмыс істейтін “Беларусьтарымыз”, 2 тіркемелі жаткамыз, 4 “К-700”, шөп, жүк таситын 5 “КамАЗ” машинамыз да жазғы, күзгі науқанға сақадай сай тұр. Комбайндарымыз ескілеу, бірақ егін оруға жарайды. Биыл жағдай болып, егін жақсы өнім берсе, оларды да жаңалап алмақ ойымыз бар. Техникаларымыздың барлығы қала ішіндегі орталық базаға жинақталған, – дейді Елшібай Егінбаев.
Кәсіпкердің қарамағында 20 адам жұмыс істейді. Олар, негізінен, жүргізушілер, тракторшылар, механизаторлар. Жазғы шаруаның қызып тұрған шағында “Егінбаев” фермерлік шаруашылығында қол қусырып, жай отырған жан жоқ. Жүк машиналары мектептерге көмір тасуға тендерді ұтып алыпты, қазір өздеріне белгіленген нысандарға көмір тасымалдауды бітіріп жатыр. Сиырларды үш бақташы кезекпен бағады. Оларға арнап жайылымға жақын маңға арнайы күрке орнатып қойыпты. Бақташылар малды алысқа айдамай, сол жердегі өзеннің жағасында жаяды. Бұзауларға арналған жазғы қора да осы жерде.
– Менің қарауымда 95 бұзау бар. Олардың жем-суын беріп, жаз бойы күтіп, осында боламын. Қастарында үнемі жүретіндіктен, бұзаулар маған әбден үйреніп алған. Мал да адам сияқты, сылап-сипағанды біледі. Әрқайсысының өз аттары да бар. Төлдер осында күн суытқанша бағылады да, қыста жылы қораға қамалады. Оған дейін мен отбасыммен осының басындамын. Балам бақташы. Жататын орнымыз, тамақ пісіретін жеріміз – бәрі бар, таза ауа, еңбекақымызды қажетінде алып тұрамыз. Азық-түлік, басқа да керек-жарақтарымыздың барлығын қожайынымыз уақытында жеткізіп береді, – дейді бұзау бағушы Роза Тяпкина.
Елшібай Зәкенұлының айтуынша, жұмысқа негізінен өзінің ағайындары тартылған. Қарамағындағы жұмысшылары мен жерлерінің пайларын алған жергілікті тұрғындарға шөбін жеткізіп беріпті, енді егіннің шығымына қарай жем бермек.
“Еңбекті сүйгенді елі сүйеді” демекші, фермерлік шаруашылық басшысы Елшібай Егінбаев – отбасында сүйікті жар, ардақты әке, туған-туысқанға жанашыр бауыр, елді мекен тұрғындарына сыйлы да ардақты азамат. Ол жайында Миронов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Бекшенов:
– Елшібай Зәкенұлы іскерлігімен қатар адамгершілік қасиеті де мол азамат. Фермерлік шаруашылық басшысы ретінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, жалғызбасты қарттарға көмек қажет кезінде бетімізді қайтарған емес. Мешіттің де өтініштерін жерге тастамай, шамасы келгенше көмектеседі. Ол Чернобыль апатының зардаптарын ауыздықтауға да қатысқан. Осыған орай таяуда ол чернобыльдіктердің халықаралық қауымдастығының Украинада бекітілген “Герой Чернобылец” орденімен марапатталды. Бұл жоғары награданы 6 шілде – Астана күнінде Тайынша ауданының әкімі Серік Салтықов Елшібай Зәкенұлына салтанатты түрде табыстады. Бұл – қазақстандық азаматтың адамгершілік қасиетін Украина елінің де мойындағанының белгісі, – деді.
СУРЕТТЕ: Е.Егінбаев.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.