«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒА БІЛГЕН ҰСТАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күлшара Әбілмәжінова 26 жыл педагогтік еңбек өтілінің 25 жылын Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка орта мектебінде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуге арнаған. Білікті ұстаз – мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің және білім ошағындағы “Алтын көмбе” клубының жетекшісі. “Үздік педагог – 2013” байқауының аудандық кезеңінің жеңімпазы.

Күлшара Балташқызы Петропавл педагогикалық институтының география факультетін, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Мұғалім болып, жас ұрпақ тәрбиелеу бала күнгі арманы болған ұлағатты ұстаз бүгінде соңынан ерген ізбасарларына үлгі-өнеге.

– Ұстаздық еткен 26 жылдың ішінде биыл бірінші жыл қазақ сыныбына сабақ бердім. “Шығармашылық үй тапсырмалары – балаларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлау ретінде” деген мәселе бойынша жұмыс істеймін. Мектебіміз аралас, алдымда отырған балалардың 70 пайызы өзге ұлт өкілдері, сондықтан оларды ҰБТ-ға дайындау өте қиын. Олар оқыған сұрақтары мен жауаптарын түсініп отырулары керек. 2008 жылдан бастап өзге ұлттың балаларын ҰБТ-ға даярлап келемін. Соңғы екі-үш жылда балаларымның білім сапасы – 100 пайыз. Үстіміздегі оқу жылында да 17 оқушымның оны – 5-ке, жетеуі 4-ке берді. Орташа балдары – 19-20. “Оқыту үдерісіндегі жүйелік-жалғастық қағидасы”, “Қазақ тілін үйрету үдерісіндегі дидактикалық ойындардың рөлі” деген әдістемелік кітапша құралдарым аудан көлемінде жарық көрді, – дейді Күлшара Әбілмәжінова.  

Ол өз оқушыларын қабілеттеріне қарай бөліп, түрлі олимпиадаларға қатыстырады. Ольга Бедная, Максим Шевченко, Юлия Фадеева сынды талантты оқушылары ұстаз мерейін өсіріп жүр. Бірінші санатты ұстаз Күлшара Балташқызының еңбегі аудан әкімдігі, облыстық Білім басқармасы тарапынан ескерусіз емес.

Күлшара Балташқызы – шәкірттерінің көңілінен шыға білген ұстаз. Оған оқу жылының соңында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған сауалнама нәтижесі бойынша көз жеткізуге болады. Ондағы: “Мектепте қай мұғалімге ұқсағың келеді?” – деген сауалға оқушылардың берген жауабының арасында Күлшара Балташқызының да есімі аталған. Күлшара Әбілмәжінованың өзі де: “Балалардың берген бағасына қарап, 26 жылым жай өтпегеніне көзім жетті”, – дейді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp