«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС СИЫРЛАРЫ зерттеуімнің нысаны болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен Есіл ауданы Ильинка орта мектебінің 4-сыныбында оқимын. Біздің сынып оқушылары жыл сайын облыс көлемінде мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен бастауыш сынып оқушылары арасында өткізілетін “Нұрлы көжек” ғылыми жобалар байқауына қатысу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мен ғылыми жобамды “Қазақтың ақбас сиырлары” тақырыбына арнадым. Өйткені, ауыл баласы болғандықтан, “Бұл тақырып маған таныс, оны қиындықсыз талдап беремін” деп ойладым. Алдыма жай және ақбас сиыр тұқымдарын салыстыру, пайдасын көрсету, оны ұстау мен өсірудің тиімділігін насихаттауды мақсат еттім. Бірақ, тақырыпты зерттей келе, оның мен ойлағандай оңай еместігіне көзім жетті. Біраз тер төгуге тура келгенімен, өзім және басқа да сыныптастарым үшін көптеген беймәлім дүниелердің бетін аштым. 

Зерттеуімді бастар алдында, ең алдымен, осы тақырыпқа байланысты әдебиеттерге шолу жасай отырып, сиырдың екі бағытта өсірілетінін білдім. Ол – ет және сүт бағыты. Сонымен қатар үлкен адамдармен ақылдастым. Атамның айтуынша, сиырдың жасын мүйізіне қарап ажыратады. Сиыр 2-3 жасқа келгенде мүйізінде сақиналы бедер пайда болады. Оған жылына бір сақинадан қосылады да, соның санына қарай, сиырдың жасын анықтаймыз.

Мал өнімдерін қарастырсақ: сүтінен қаймақ, айран, құрт, май, ірімшік, тағы басқа тамақ өнімдерін аламыз. Терісінен былғары, қайыс, ыдыс-аяқ, киім, аяқкиім жасалады. Етінен шұжық, қалбырдағы жартылай дайын өнімдер мен басқа да дәмді тағамдар әзірленеді. Сүйегі үгіліп, ұнға, жемге қосылады, мүйізі мен тұяғынан музыкалық аспаптар жасалады.  

Туған жерім Есіл ауданы – мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы. Ғылыми жоба жазу барысында әкем мені “Бай Еңбек” шаруа қожалығына арнайы апарып, қазақтың ақбас сиырларын көрсетті, ондағы мамандармен кездесіп, біраз мәліметтер алдым.

Қазақтың ақбас сиырлары асылтұқымдыларға жатады. Неге асылтұқымды екеніне жай сиыр мен ақбас сиыр тұқымын салыстыру арқылы көз жеткізуге болады. Осы екі сиырдың өнімділігін салыстырдым. Ақбас сиыр тәулігіне – 15-20, жай сиыр – 5-8 литр сүт береді. 6 айлық ақбас бұзаудың тірідей салмағы – 300-350 кг., ал жай сиырдікі – 60-80 кг. Бір жасар ақбас баспақтың тірідей салмағы – 500-550 кг., ал жай сиырдікі – 120-150 кг. Ересек ақбас сиырдың тірідей салмағы – 600-800, ал жай сиырдікі – 180-220 кг. Ересек ақбас өгіздердің тірідей салмағы 1 тонна 600 кг., жай өгіздердің салмағы 250-300 кг. Ақбас сиыр ыстыққа да, суыққа да төзімді болса, жай сиырлар төзімсіз келеді.

Міне, осындай өнімге қол жеткізу үшін ең алдымен бұзауларға ерекше күтім жасау керек. Оларға қара тікен, тұз жалатады, бұл төлдердің тәбеттерін ашады. Әртүрлі ауруларға қарсы екпе егуді де ұмытпау керек. Күз, қыс айларында ерекше күтім қажет.

Осы жиған-тергенімді сараптай келе, ақбас сиырдың төлқұжатын жасадым. Ақбас сиырлар қазақ және қалмақ сиырларының герефорд бұқасымен будандастырылған. Түсі қызыл, бауыры, басы, сирағы мен құйрығының ұшы ақ, кеудесі кең, аяқтары қысқа.

Қорыта келгенде, денсаулық – зор байлық демекші, халқымыздың дені сау, бақуатты елге айналуы үшін ата кәсібіміз – мал шаруашылығын дамыту, асылдандыру қажет деп санаймын.

Зерттеу барысында жетекші мұғалімім Қарлығаш Бәкібаева бағыт беріп отырды. Ақбас сиырлар жайлы алғашқы мәліметті дүниетану сабағында алған болатынбыз. Бұл менің ғылыми жобаны осы тақырыпта жасауыма септігін тигізді. Ақбас сиырды зерттеуге 3-4 ай уақыт жібердім. Бірақ оған өкінбеймін. Ғылыми жоба сайысында жүлделі орын алмағаныммен, жұмысым “Шоқан Уәлихановтың мұрагері” аталымына лайық деп танылды. Мен ғылыми жоба жазу кезінде көптеген деректерге қанықтым, ол менің білімге деген құштарлығымды еселеді.

Эльдар ШАНКИН,

Ильинка орта мектебінің

4-сынып оқушысы.

Есіл ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp