«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗІРГІ ЗАМАНДА ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛУ ҚАУІПТІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үмітжан Нұрғазина – Көкшетау қаласындағы Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжін, одан кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін бастауыш сынып мұғалімі, бастауышты оқыту әдістемесі мен педагогикасы факультеті бойынша бітірген.  

Жас маман оқу бітіргеннен бергі 6 жылда Уәлиханов ауданындағы Бидайық орта мектебінде қызмет етіп келеді. “Бастауыш сынып оқушыларының тіл байлығы мен ой- өрісін кеңейту” мәселесі бойынша жұмыс істейді. Ол “Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы” АҚ филиалы – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында ІІІ деңгейлік курсты аяқтаған.  

Үмітжан Нұрғазина облыстық “Жаппай сапалы білім беру сатысы ретінде оқыту үдерісін технологияландыру” қанатқақты жобасына Бидайық орта мектебінен қатысқан 10 мұғалімнің қатарында болып, электрондық оқулықпен жұмыс жүргізу әдістемесін меңгерді. Олар Бидайық мектебінде электрондық оқулықты енгізу бойынша эксперимент жүргізген. Кейін осы жоба негізінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алтыншаш Мәжитова мен физика-математика пәндерінің мұғалімі Сандуғаш Қаппасова бірлесіп, “Электрондық оқулық – заман талабы” атты әдістемелік құрал шығарып, облыс мектептеріне таратты. Әдістемелік құралға Үмітжан Мұхатқызының да электрондық оқулықпен жұмыс жүргізу жөніндегі үш сабағы мен бір тақырыптық жоспары енгізілді.

– Электрондық оқыту тәсілін топпен оқыдық, нәтижесі жаман емес. Қазір бастауыш сынып оқушылары электрондық оқулықпен өз бетімен қосымша жұмыс істеуге төселіп қалды. Оның көрнекі құрал ретінде музыкасы да, фильмдері де бар және оқушылардың қызығушылықтарын арттырады. Бірақ оның алдында шамадан тыс отыру денсаулыққа зиянды екенін түсіндіріп, үнемі уақыттарын шектеп отырамын. Оқушыларымды “Кенгуру” халықаралық қашықтық олимпиадаларына да қатыстырып, ғылыми жобалар жазуға да үйретіп жүрмін. Ондағы мақсатым – шәкірттерімнің осызаманғы технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру. Балаларым ғылыми жобалар қорғауда әлі аудан көлемінде ғана бақтарын сынап, білімдерін шыңдауда. Осындай шаралар барысында оқушылар өздерін еркін ұстауға, ойын айқын жеткізуге бейімделеді. Оқушыларды қиындықтан тайсалмауға, табанды еңбек етуге бастауыш сыныптан бастап баулу – мұғалімнің міндеті. 2011 жылы бастауыш бітірген алғашқы түлектерім мемлекетаралық тестілеуден өтіп, 85% білім деңгейін көрсетті, – дейді Үмітжан Нұрғазина.  

Педагогтік еңбек жолын жаңа бастаған екінші санатты, жаңашыл ұстаз оқушыларды түрлі сайыстарға қатысуға даярлау үшін оған алдымен өзі дайын болу керек деп есептейді. Сондықтан аудан, облыс деңгейінде өтіп тұратын байқауларға өзі де үнемі қатысып тұрады. Ол аудандық “Үздік педагог – 2013” байқауының жеңімпазы болып, кейін оның облыстық кезеңінде де бақ сынады. Онда бастауыш сынып оқушыларын электрондық оқулықпен жұмыс істеуге баулуға арналған сабағын қазылар алқасының назарына ұсынды. Ұстаздың еңбегі аудандық білім бөлімі тарапынан ескеріліп, алған марапаттары да бар.

– Мен Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша түлектері жоғары білім деңгейін көрсеткен облыстың 10 үздік білім ошағының құрамына енген Бидайық орта мектебінде еңбек ететінімді мақтан тұтамын. Мектептің материалдық-техникалық жабдықталуының жақсы болуымен қатар, ұжымда сапалы білім беруге қабілетті, тәжірибелі ұстаздар еңбек етеді. Өзім мектебіміздің алдыңғы қатарлы ұстаздарына қарап бой түзеп, білімімді одан әрі шыңдап, біліктілігімді арттыруды, тәжірибемді толықтыруды мақсат етемін. Меніңше, мұғалім – өмір бойы ізденіп, оқып-тоқығанда ғана мұғалім. Әлем өзгерген сайын мұғалімдер де өзгеруі керек. Қазіргі кезде өзгеріссіз қалу қауіпті. Оқушыларымның жетістігі көп болғанын қалаймын. Оқушы жетістігі – ол мұғалімнің жетістігі, – дейді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Уәлиханов ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp