«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚО­БЫЗДЫ СЕРІК ЕТКЕН Айғанымның арманы – шәкірт тәрбиелеу

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жастайынан киелі аспап – қо­бызды серік еткен Айғаным Махамбетова облыс орталығындағы музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-өнер колледжі кешенін тамамдаған алғашқы қобызшы қыздардың бірі. Қоңыр үнді қобызын құшақтап, әлемнің біраз елін аралаған талантты қызбен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Айғаным, өнер жолына қалай келдіңіз?

– Өзім Тимирязев ауданының Жарқын ауылында туып-өстім. Әжем мені 3-сыныпта облыс орталығына жетектеп алып келіп, музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа берді. Алғашында домбыра сыныбында оқығым келді. Бірақ оқушыларды бөлген кезде қобыз сыныбына түстім. Бірақ өнердегі бағытымды өзгерткеніме еш өкінбеймін. Қобыз сияқты құпиясы көп, күрделі аспапты игеріп, тыңдармандарды ұлттық мәдениеттен сусындатып жүргенімді мақтан тұтамын. Кейін мектепті тамамдаған соң өнер колледжінде оқуымды жалғастырдым. Биыл Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына оқуға түстім. Өнер жолымды мәдениет ортасы – Алматыда жалғастыратыныма қуаныштымын. Аталмыш жоғары оқу орнында оқуға тілек білдіріп, сынға түскен қобызшы жастардың арасында бағым жанып, грант жеңіп алдым.

– Қобызшы Назгүл Маштақовадан білім алдыңыз. Ол облысымызда Сіз сияқты жастардың қобызда ойнауына атсалысып жүрген ұстаз. Консерваторияға түсіп, соның жолын қуған боларсыз…

– Иә, дұрыс айтасыз. Назгүл апайымыз өзінің өмірлік бай тәжірибесін болашақ жас мамандарға үйретуден жалыққан емес. Ұстаз деп үлкен әріппен жазылатын құрметке ие. Қазақтың дәстүрлі көне аспаптарының бірі – қылқобыздың құлағында ойнайтын оның есімі бүгінде жергілікті өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Жаһанданудың ықпалы күшейген заманда көне қобыздың үнін тірілтіп, эстрадаға шығарды. Қазір оның шәкірттері ел бойынша өнер көрсетіп жүр. Мен де осы ұстазым сияқты балаларға білім бергім келеді. Құрбыларымның бәрі – қобызшылар. Әңгіме-дүкен құрғанда Алматыда оқуды тамамдаған соң Қызылжарға қайтып ораламыз, балаларға сабақ береміз деп айтып отырамыз. Жастар төл мәдениетінен қол үзбеуі тиіс. Мен болашақта ұстазым сияқты осы жолда аянбай тер төккім келеді.

– Өнерсүйер қауым арасында қобыз тыңдауға деген сұраныс бар ма?

– Әсіресе, аға буын өкілдері концерттерімізге жиі келеді. Мен облыстық филармония жанындағы Сегіз сері атындағы “Есіл” қазақ халық аспаптары оркестрінің және “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің құрамында қобызда ойнаймын. Сұраныс бар, әрине. Тек мектептерде, оқу орындарында жастарға қобыздың шығу тарихы, мәдениеттен алатын орны, маңызы туралы көп мағлұмат берілсе екен деген тілек бар. Әуен астарындағы ойды түсінген адам ғана қобыздың ерекше аспап екендігін ұғынады. Қазіргі кезде сұранысқа сай жаңа қобыздар да шығып жатыр. Мәселен, даусы жоғары, дыбыс бояуы қобыз бен скрипканың үнаралығындағы жаңа аспап – үш ішекті сым қобыз сахналық өмірге келді. Нәтижесінде жылқы қылы тағылған екі ішектің орнына үш қатар скрипка ішектері тағылып, жаңартылған қобыздың дыбысы күшейе түсті, ол прима қобыз немесе сым қобыз деп аталады.

– Таланттардың өнердегі жетістігі түрлі байқауларда жүлде алуымен ерекшеленеді. Осыған дейін қандай додаларға қатыстыңыз?

– “Есіл” қазақ халық аспаптары оркестрінің және “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, талай асуларды бағындырдық. Түрлі елдерде болып, хал­қымыздың төл өнерімен тың­дар­мандарын сусындаттық. Талантымызға риза болған шетелдіктер қошеметтерін аямады, ұлттық аспаптарымызға деген ықыластары жоғары қашанда. Бұл екі ұжымда кәсіби музыкалық еңбек жолымды бастадым десем болады. Өзім жекелей байқауларға қатысып та, жүлделі орындардан көріндім. 2008 жылы Қарағандыда өткен Дельфилік ойындарда 3-орынға ие болдым. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы ұйымдастырған олимпиадада қобызшылар арасындағы сайыста 2-орынды иелендім. Ресейдің Омбы қаласында өткен халықаралық конкурста 1-орыннан көріндім.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp