«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ және ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер,

Мәдениет қайраткері.

(Басы өткен сандарда).

Енді Қожабергенді қалтарыста қалдырған себептерге тоқталайық. “Елім-ай” дастаны – тұнып тұрған дерек, шынайы шежіре. Дана жырау қазақтарға қарағанда жоңғар мемлекетінің дәуірлеп, күшею себептерін саралайды. Жоңғарлардың орыстар мен қытайларға арқа сүйегенін көрсетеді. Орыс империясы өзіне көрші қазақ елін тұқыртып, жоңғарларды құтыртып, қару-жарақ беріп, зеңбірек жасауды үйретіп, қазақ сұраса, теріс айналып, екі халықты өзара қырқыстыруға, бірін-бірі қыруға итермелегенін айтады. Тарих тағылымы сол – осылай өзара қырқысудан әлсіреген қазақ пен жоңғарға ауыз салып, қытай мен орыс империялары өз діттегендеріне жетті: жоңғар халқы жер бетінен жойылып жіберілсе, қазақ елі 260 жыл бойы бодандықта жүруге, талай сұмдық зұлматты бастан кешуге мәжбүр болды. Осындай шындықты айтқан Қожаберген, оның “Елім-ай” дастаны орыс империясы билеген заманда қалай дәріптеле қойсын.

Дастандағы тағы бір құнды дерек – Әз Тәукеден кейін қазақ жұртында ауызбіршілік кетіп, билікке таласқан хандар, сұлтандар, төрелер арасындағы текетірес, бақталастық, берекесіздік елді осындай күйге ұшыратқанын айтып, сатқындықтың сиқын ашады. Халық қалайша ақтабан шұбырындыға ұшырағанын, қалай күйзелгенін суреттейді, неліктен тоз-тозы шықты деген сауалдарға жауап береді. Қазақтың өзінен билеуші шықпай, халық оңбайтынын, Әйтеке би осылай өсиет еткенін баяндайды.  

Төреден Әйтеке би безін деді,

Келді ғой көсем сайлар кезің деді.

Қазақты батыр көсем басқармаса,

Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді.

Осындай көптен көсем ізде деді,

Хандарды шеттетуді көзде деді.

Қазақты төре бастап көгертер деп,

Малтаңды би мен бектер езбе деді.

Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады,

Бас қосып, дұрыс кеңес құра алмады.

Үш жүздің шонжарлары төре жақ боп,

Ортадан батыр көсем шыға алмады.

Құлдырар болды енді қоғамымыз,

Болды ғой аяқ асты Отанымыз.

Кетірген барша жұрттың берекесін,

Билер мен ханға болсын обалымыз.

Билік атадан балаға мұра болып келе жатқан монархия дәстүрі заманында төрелер билігіне қарсы мұндай пікір айту революциялық ұран тастаумен бірдей. Ел тағдырына жаны күйген Әйтеке, Қожаберген осындай биікке көтеріліп отыр.

Әуелде өлең болып туған “Елiм-ай” айтыла-айтыла дастанға айналып, оны Қожабергеннiң өзi хатқа түсiріпті. Жазба күйде сақтаушы Толыбай сыншы ұрпағы – Шақшақ батыр Көшекұлы. Шақшақтан немересi Мұхамедқанафия Баһрамұлы жазып алған. Мұхамедқанафия – аталарына тартып, бойына біткен сан түрлі өнерімен Сегіз сері атанып әйгілі болған ақын-сазгер.

Сегіз серінің қолжазбасын сақтаушы Тәштит Тәбейұлы Барлыбаев. Тәштиттен Мұхамедқанафия – Сегiздiң үлкен баласы Мұстафа көшiрiп алған. Мұстафадан 1879 жылы Дәрiбай Малыбайұлы деген шежiрешi жiгiт жаттап үйренедi. Дәрiбайдан оның баласы Қожахмет жазып алып жаттайды. Ақыры сол қолжазба академия қорына түсіп, бүгінде елдің рухани қазынасына айналды.

Қазақ халқының басына түскен зұлматты көзімен көріп, елмен бірге өткерген Қожаберген жырау осы қабырғаны қайыстырып, ел сенделткен теңдессіз қырғын оқиғаны “Елім-айдан” басқа “Қаратаудың басынан көш келеді”, “Адыра қалған Қаратау”, “Иесіз қалған сылаң Сыр” деген өзге өлең-жырларымен де тарих зердесінде қалдырыпты.

Осы ретте Алқакөл атауына байланысты ойымды айта кетейін. “Елім-ай” дастанында Қожаберген былай жырлайды:

Атсыз қап жұрт жүрiсi шабан болды,

Халқыма аштық, соғыс жаман болды.

Басталып ел сұлауы Алакөлден,

Ақтабан шұбырынды заман болды.

немесе тағы бір ретте “қырылу Алакөлден басталып тұр” деп, Қожаберген қазақтардың жау табанының астында қалуы Жетісуда Теріскей Алатаудың осы күні Жоңғар қақпасы деп аталатын тура қазақ – жоңғар (қазір қазақ – қытай) шекарасы өтіндегі Алакөлден басталғанын анық айтып отыр. Және бұл шумақта “сұлау” жаудан қашып азып-тозып, қалжырап құлап түсу дегеннен гөрі, тырп етуге шамасы келмей, тура жау табанының астында қалды деген мағынада беріліп тұрғанын байқау қиын емес. Демек, Алқакөліміз босқын ел қашып барып, жағасына сұлап түскен, жан сақтаған жер емес, қайта қаша алмай, жаяулап-жалпылап шұбыру, ақтабан басталған Алакөл болар. Жыр оқиғасы Алтай – Еділ-Жайық, Арқа – Сыр байтақ қазақ даласын қамтиды. Батыр Бауыржан Момышұлы: “Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес”, – дейтіні содан. Жырда жер-су атаулары мол, ұқсас Аймақкөл, Айнакөл аталады, бірақ Алқакөл жоқ.

Он жеті жасынан сауыт киіп, жарақ асынып, атқа мініп, 1745 жылға дейін туған елін сыртқы жаулардан қорғаған, қол бастаған Қожаберген жырау көптеген басқа да тарихи дастандар шығарған.

(Жалғасы бар).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp