«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА өңір басшысына өтініш айтушылар аз емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініштерін тыңдады.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ардагер журналист Ожан Қали өз кітабын шығаруға қолдау білдіруді сұрады. Ол осы күнге дейін 11 кітап жазып, оның жетеуі баспа бетін көрген. Ардагер журналистің жаңа кітабы Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған. 2010 жылы соңғы нүктесін қойған кітапты әлі күнге дейін шығара алмай жүрген көрінеді. Ал жерлес кинорежиссёр Аяған Шәжімбаевтың ағасы Құдайберді інісі жайлы кітап шығаруға көмек сұрады. “Алаштың Аяғаны” деген атпен жарық көретін кітапқа енгізілетін материалдар іріктелуде. Юрий Бесмельцев болса, соңынан ерген жас буынның кітаптарын шығаруда құзырлы органдардан қолдау болса екен деген ниетін жеткізді. Ол бір жылдары облыстық Мәдениет басқармасына барып, ұсынысын айтқанымен, еш қолдау таппаған. Кітап шығаруға қатысты үш мәселені тыңдаған Самат Ескендіров бұл өтініштердің арнайы қаралатындығын айтты.  

Қоғамдық қабылдауға “Солнечный” кентінің тұрғындары да келді. 2008 жылдан бері жылуға қосыла алмай жүрген кент тұрғындары жол жөндеу, тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелерін де көтерді. Осы күнге дейін талай есікті қаққан олар қалалық құзырлы органдардың кент мәселелерімен түбегейлі айналысуын өтінді. Самат Сапарбекұлы қала басшылығын “Солнечныйға” жіберетіндігін айтты. Ал 2007 жылы мемлекеттік қордан коммуналдық үй алғандар қалалық әкімдікпен кезінде жасалған келісімшартты жалгерлік-коммуналдық үй деп өзгертуге қарсылық танытуда. Осының кесірінен олар балаларын, туыс-туғандарын алған пәтерлеріне тіркей алмай отыр. Қалалық әкімдіктің коммуналдық деген сөзді жалгерлік-коммуналдық деп өзгерткен келісімшартқа қол қоюларын талап етуі қаншалықты заңды деген сұрақпен келген тұрғындарға Самат Ескендіров бүгінде елімізде коммуналдық үйлердің жоқ екендігін, жаңа заңнама бойынша тек жалгерлік-коммуналдық үй деген ұғым енгізілгендігін түсіндірді. Тиісті заңнама өзгергендіктен, осындай түзетулердің болатындығын айтып, оларға мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді.  

Сондай-ақ қоғамдық қабылдауда зейнетақысының дұрыс аударылмауы және атқарған жұмысы үшін тиісті төлем ала алмай жүргендігі жөнінде шағымдар айтылды. Өңір басшысы олар бойынша да қажетті шаралар қолданылатындығын мәлімдеді.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp