Әйгерім ОМАРОВА.
Айыртау аудандық Ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында жақында қызметтік тир ашылды. Бұл – облыс аудандарындағы екінші тир. Біріншісі – Қызылжар ауданында.
Тирдің ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің басшылары аудандардың Ішкі істер бөлімдерінің басшылары қатысты. “Өңірді дамыту” бағдарламасы бойынша салынған тир барлық үлгілерге сай, заманауи жабдықтармен қамтылған. Ол әкімшілік полиция ғимаратының астыңғы қабатында орналасқан.
Жаңа тирдің таспасын кесу құрметі аудан әкімі Ағзам Тастеміров пен Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Ұрұмхановқа берілді. Салтанат үстінде аудандық Ішкі істер бөлімінің ұжымына “ВАЗ-2107” автокөлігі мен скутер сыйға тартылды.
Айыртау ауданы.