«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үштілділік балабақшадан бастау алады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үш тілді еркін меңгерген, үш тілде білімін кеңінен қолдана білетін, басқа халықтың мәдениетіне құрметпен қарайтын тұлғаны қалыптастыру – қазіргі заман талабы. Осыған сай біз, педагог-лингвистер, өзіміз құрастырған “Күн тәртібі үрдісі мен ойын әрекетінде қостілділік – қазақша-орысша, ағылшынша-орысша қатынасқа түсу бағдарламасы” атты тіл үйрету бағдарламасына сүйене отырып, мектеп жасына дейінгі балаларға тілдерді үйретеміз.

Осы бағдарламаның материалдарын қолдана отырып, үш тілді үйрету біздің тәрбиеленушілеріміздің сөздік қорларын кеңейтуге, оларды күнделікті өмірде қолдана алуына, өз бетінше айналасындағылармен сұхбаттасуға, қарым-қатынасқа түсу аясының кеңеюіне, жеке дамуына зор ықпалын тигізеді. Бұл бағдарлама бізге баланың қатынасқа түсу дағдысы мен тілдік машығын дамытуға, тілге деген қызығушылығын тудыруға, түрлі кластер, кестелер, суреттер арқылы әңгіме құрастыра алуға көмектеседі. Осы бағдарламаны іс жүзінде қолдану қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақтар өткізудің нәтижесі болып табылады.

Алты-жеті жастағы тәрбиеленушілеріміздің тілдік кедергілері жоқтың қасы деп айтуға болады, олар бір тілден екінші тілге оңай ауысып отырады, қойылған сұрақтарды түсініп, оларға мүдірмей дұрыс жауап беріп, қиындықсыз сұхбатқа түсе алады.

Бүлдіршіндердің бойына тілге деген сүйіспеншіліктерін дарыту және салт-дәстүрлер туралы білімдерін кеңейту мақсатында біз олармен ұйымдастырылған оқу әрекеттерін жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге сабақтан тыс шаралар, атап айтқанда, тілдік сайыстар, викториналар, байқаулар мен ойын-сауықтар өткіземіз. Біз үшін мерекелер мен ертеңгіліктерді үш тілде өткізу дәстүрге айналды. Осындай мерекелерде балдырғандар бар ықылас-пейілдерімен интерактивті спектакльдер мен концерттердің кейіпкерлеріне айналады. Бұл балаларға ғана қуаныш сыйлап қоймай, сондай-ақ қонақ ретінде келген ата-аналарының, ата-әжелерінің бойларына зор мақтаныш сезімдерін ұялатады.

Балдай тәтті сәбилік кезеңін аяқтап, білім алу үшін мектепке алғашқы қадам басатын біздің кішкентай түлектеріміз тілдерді үйреніп, білімдерінің мықты іргетасы балабақшада қаланып, одан әрі қарай мектеп, гимназия, лицейлерде жалғасады деп сенімді түрде айта аламыз. Үштілділік бастауын балабақшадан алған балалардың әртүрлі тілдік сайыстар, олимпиадалар мен конкурстарда табысқа жететінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Күлбаршын КАЖКЕНОВА,

Татьяна УСОЛЬЦЕВА,

“Ақ бота” бөбекжай-бақшасының мұғалімдері.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp