«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕСІ ӨШПЕЙТІН ҰСТАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әбу Әбішев Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, тыл еңбеккері, “Құрмет Белгісі” ордені мен көптеген медальдардың иегері, Уәлиханов ауданының Құрметті азаматы еді. Қызылорда облысының тумасы болған ол өз әңгімесінде еңбеккерлікке, ер мінезділіктің қалыптасуына жездесі – кемеңгер диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың өнеге болғандығын еске алуды ұнататын. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы қиыншылықтарға тұспа-тұс келді. Мұстафа Шоқайдың інісі Мінәт деген мұғалімнен білім алған Әбу Исмайылұлы өзінің зеректігі, алғырлығы, еңбексүйгіштігінің арқасында ерте есейген. Ол 1948 жылы Алматы қаласындағы №16 орта мектеп-интернатта орта білім алып, ҚазМУ-дің геолог-география факультетін тамамдаған.

1953 жылы жолдамамен Көкшетау облысындағы Қызылту ауданына келеді. Өмірінің соңғы күніне дейін осы ауданның өсіп-өркендеуіне үлкен еңбек сіңірген адамның аты тарих беттерінде қалды. Сол кезде ауданда жоғары білімді адамдар жоқтың қасы болғандықтан, үлкендер оны “Ауданымыздың жалғыз ғалымы” деп атапты. Осылайша сонау оңтүстік өңір – Қызылордадан солтүстік өлкеге келіп, аянбай еңбек етіп, өзінің сауаттылығымен, қарапайымдылығымен, мейірімділігімен жергілікті халықпен тығыз араласып, досжарандар, туған-туыс тауып, отбасын құрып, еңбегінің арқасында баянды ғұмыр сүрген.

Әбу Әбішев өзінің еңбек жолын Көкшетау облысындағы Кішкенекөл орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып бастап, аз уақыттың ішінде іскерлік қабілетімен көзге түседі. 1954 жылы Тельман орта мектебіне, сонан соң Қызылту орта мектебіне директор болып тағайындалады. Ол жылы Қызылту мектебінде 800-ге жақын оқушы оқыған, ауданның ең үлкен мектебі болатын. Сонымен қатар интернаты бар. Мектептің бірінші директоры Сабыр Мәліковтен кейін ұжымның қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген екінші адам осы Әбу Исмайылұлы деп айта аламыз. Айналдырған екі жыл ішінде ол партия мүшелігіне қабылданып, ал 1957 жылдан Қызылту аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызмет атқара бастайды. Бұл кезең тың игеру жылдары болатын. Бұрынғы КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген жастарды қарсы алу, орналастырып, оларға жағдай жасау билік басындағыларға оңайға түскен жоқ. Осы жылдары ауданның ауыл шаруашылық өндірісінде үлкен алға басушылық болды. Қызылтуда 1956 жылы темір жол салынып, пойыз жол қатынасы дамыды. Элеватор салынып, кеңшарлар қатары көбейе бастады. Мол астықтың науқаны басталды. Бұл мал шаруашылығы саласында да оң өзгерістер енгізілген жылдар болатын. Ал 1968 жылы Әбу Әбішев аудандық атқару комитеті басшылығына ауыстырылады.

Осы кезеңде аудан орталығында қызмет бабымен республикалық деңгейде сан түрлі спартакиада, сайыс, байқаулар ұйымдастырған, талай іс-шараның жетекшісі болған. Сонымен қатар, балалық шағы Сырдың жағасында өткендіктен, суда жақсы жүзетіндіктен, талай адамдарды судан алып шыққан.

“Нағыз азамат үй салуы, бала өсіруі, ағаш отырғызуы керек” дегендей, осы жылдары Әбу ағамыздың белсенді қатысуымен Қызылтуда тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтере бастайды. Сегіз гектар жерге демалыс саябағы салынады. Ол осы демалыс саябағына қызығушылықпен, ерінбей еліміздің түкпір-түкпірінде өсетін ағаштарды: қарағай, шырша, қайың, қарағаш, тал, т.б. өсімдік түрлерін жинап, өзі егудің, оларды баптаудың басы-қасында жүреді. Ол өсімдікке жұтаң Қызылту жерін көгалдандыру мен көркейтуді өзіне мақсат етіп қояды. Бүгінде оның отырғызған ағаштары мекенімізді көркейтіп, жас ұрпақты туған жерге сүйіспеншілікпен қарап, табиғатты аялауға шақырып тұр деп мақтан ете аламыз. Өмір бойы табиғатқа мектеп оқушыларын, өз балаларын баулып, жүрген жерін бау-бақшаға айналдырды десек, артық айтқандық емес. Тіпті, ол зейнетке шыққаннан кейін 10 жылдан артық №2 Кішкенекөл орта мектебінде сабақ беріп, оқушыларды еңбекке үйретті. Ол еңбек еткен жылдары мектеп аумағына еккен жеміс-көкөністен мол өнім алғанымызды ұмыта қойған жоқпыз. Өз білгенін басқаға үйретуге талпынған ол 2004 жылы “Солтүстік Қазақстан өңірінде ашық топырақта көкөністер мен бау-бақша мәдениетін қалыптастыру анықтамалығы” атты еңбек жазып, жариялады.

Жиырма жылдан артық бір ауданды басқарып, Кеңес Одағы тарағанша парткомиссияның төрағасы болып қызмет атқарған жанның тағылым мен үлгі аларлық жағы мол. “Адамның міндеті – ақылға сыйымды қызмет атқару” деген екен Аристотель. Ел өмірінің әр кезеңіндегі өзгерістерді жан дүниесімен қабылдап, халыққа жеткізіп, көпұлтты халық игілігіне еңбек ете білген саясаткердің өзіне сеніп тапсырылған қызметтерін жауапкершілікпен атқаратын. Оның бойында туа дарыған іскерлік, дарындылық, парасаттылық, сабырлық қасиеттер тұнып тұратын.

Әбу Исмайылұлы – өзінің Құдай қосқан жары Тұрсын Сейпілмәлікқызымен тату-тәтті 60 жыл өмір сүріп, бес ұл, үш қыз тәрбиелеп, немере-шөбелерінің қызығын көрген жан. Өзара сүйіспеншілік пен сыйластыққа негізделген бұл отбасының балалары да ел сүйсінген азаматтар болып өсті.

Әлішер Науаи “Жақсы әйел – отбасының бақыты, сәні, дәулеті, үйдің тазалығы да, үй йиесінің тыныш, жайбарақат болуы да содан”, – десе, бұл ой біз ұзақ жылдар танитын Тұрсын Сейпілмәлікқызы жайында сияқты. “Алтын алқа” иегері, түн ұйқысын төрт бөліп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұрпағын өсіріп, тәрбиелеп, оқытқан, отбасы мен қызметтің тізгінін қатар ұстаған кейуана бүгінде көптеген отбасыға үлгі. Сондай-ақ ол – жұбайының бар күш-жігерін еліне, халқына жұмсауына жағдай жасай білген өмірлік жар.

“Еңбек етпей, елге өкпелеме, егін екпей, жерге өкпелеме” дегендей, ерлізайыптылар бірге жүріп, аула мен бақшаға гүл, жеміс, көкөністерді отырғызып, оларды күтуге басшылық жасап, қайда жүрсе де, жұптарын жазбайтын. Оларға қарап ұрпағының да еңбекқор болып өскенін жұрт жақсы біледі. Сүттей ұйыған отбасын көрген ауылдастары мен көршілері, туған-туыстары оларға сүйсініп, құрметтейді. Осылайша бұл жұп қай жағынан алса да, өнегелі болатын. Әбу Исмайылұлы осыдан екі ай бұрын өмірден озды, ал Тұрсын Сейпілмәлікқызы сыңарынан айрылған аққудай жалғызсырап қалғанымен, күннен-күнге қатары толыға түскен ұрпағына қарап, тәубесін айтып, өміріне ризашылығын білдіреді.

Сәуле КЕРЕЕВА,

зейнеткер ұстаз.

Тұрлыбек ОСПАНОВ,

№2 Кішкенекөл орта мектебінің директоры.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp