«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛТЫН САПА” – КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРМАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Петропавлдағы “Арай” көтерме-бөлшек сауда кешенінде республикалық “Қазақстанның үздік тауары – 2013” байқау-көрмесінің аясында облыс тауар өндірушілерінің көрмесі өтті. Ол жыл соңында Астана қаласында өтетін байқау-көрменің өңірлік деңгейдегі бірінші кезеңі болып табылады. Сауда кешенінің үлкен залында өткен көрмеге облыстың өндіріс саласында жұмыс істейтін 41 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Байқауға арналған салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев ашып, көрменің мақсаты кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің отандық тауарлар сапасын жаңартуға бағытталған белсенділігін арттыру, ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен толықтыруға ықпал ету, сондай-ақ тұрғындар арасында көзге түсерлік сапалы өнімдерді әйгілеу болып табылатынына тоқталды және көрмеге қатысушы тауар өндірушілердің ісіне сәттілік тіледі.

 

Көрмеге қойылған үздік тауарлар түрлерінің көптігі өңіріміздің өндірістік қуатының молдығын аңғартады. Владимир Балахонцев пен облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Александр Иванищев бастаған байқау комиссиясының мүшелері залдағы қаз-қатар көрме сөрелерін аралап, ондағы өнімдермен танысты. Ірі кәсіпорындардың ішінде жыл сайын осы дүбірлі додаға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген “С.Киров атындағы зауыт” пен “Мұнаймаш” АҚ-лары және “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен имараттар зауыты” ЖШС-і бұл жолы да өндірістегі соңғы жетістіктерімен таныстырды. Сол сияқты жеке кәсіпкерлер Валерий Макаровтың жұмсақ жиһаздары мен Сергей Блохиннің пісірілген темірден жасаған декоративтік есіктері көпшіліктің назарын аударды. Көрмеге түрлі бал өнімдерін қойған омарташы кәсіпкерлер көп болды. Олардың бал өнімдерін ұсынуда түрлі жаңа тауарлық үлгілер тауып, ізденісте жүргендігі байқалады.

“Мичурин кірпіш зауыты” ЖШС-і өзінде өндірілетін өте берік керамикалық кірпіштерді, “Петропавл арақ-шарап зауыты” ЖШС-і жиырмадан астам жоғары сапалы ішімдік түрлерін, “Артстрой” ЖШС-і бедерлі жол тастарын және “Престиж” тігін үйі” ЖШС-і жаңа киім үлгілерін көрсетті. Ал талай рет “Алтын сапа” жүлдесін жеңіп алған “Лира” ЖШС-нің құнды қолөнер жәдігерлеріне қызығушылар көп болды.

Бұл жолы байқауға ауылдық тауар өндірушілердің көптен қатысқаны қуантады. Мысалы, жамбылдық Екпін Әбиев азық-түлік аталымында түрлі нан-тоқаш өнімдерімен көзге түссе, тұрғындарға қажетті тауарлар аталымында ауылдық жерде жасалатын пластикалық терезелерін ұсынды. Ақжар ауданындағы “Компания – Диорит LTD” ЖШС-і 4-5 түрлі қиыршық тас өндіреді, бұл жолы олар көрмеде бұрын байқауларға қатысып жүрген қиыршық тастардан басқа, өнделуі жағынан мәрмәрға бергісіз Габбро-Диорит табиғи тас тілінділерін көрсетті. Ұлттық қолөнер бұйымдарын дайындаған мағжандық жеке кәсіпкер Айдарбек Қалдыровтың туындылары да назарға ілікті.

Байқаудың қорытындысын комиссияның сарапшылар тобы кейінірек шығарып, жариялайды. Соның нәтижесі бойынша өңірдің үздік тауар өндірушілері республикалық “Алтын сапа” байқау-көрмесіне қатысады. Өңірлік көрме соңында “Хикаят” сән үйінің сәншілері жаңа көйлек үлгілерін көрсетті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp