«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІБІН НЫҒАЙТҚАН ҚАЙРАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Уәлиханов ауданындағы “Керей” шаруа қожалығы – егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүрген агро-құрылымдардың бірі. Оның қожайыны Қайрат Әбілкәрімов ауыл шаруашылығымен айналысуды жақында ғана қолға алса да, ол бұл саланы әртүрлі бағытта ұйымдастыруды жөн көріп отыр. Қайрат Қасымжанұлы 2011 жылдан бастап егіншілікті кәсіп етсе, 2012 жылдан мал шаруашылығын өрістетуді көздеген, ал биыл ол мал сою қосынын іске қоспақ. Бүгінде құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан 70 шаршы метрлік қосын күзде өз жұмысын бастайды деп жоспарланған. Санитарлық-ветеринарлық анықтама құжаттарын беретін осындай мал сою қосыны ауыл тұрғындары үшін өзекті болып келгентін. Өйткені, қазір баққан малынан пайда көргісі келген тұрғындар оның етін нарыққа шығару үшін қажетті анықтама қағаздарын аудан орталығындағы мекемеден алып жүр. Енді, міне, оның жолы жеңілдемек. Сондай-ақ ауыл-аймақтардан мал етін сатып алып, оны үлкен қалалардың базарына шығару Қайрат Әбілкәрімовтің тағы бір кәсібі болып табылады. Сондықтан бұл елді мекенде мал сою қосынын ашу – үлкен қажеттіліктен туған шара. Өткен жылы кәсіпкер тоңазытқышы бар жүк тасымалдау көлігін сатып алыпты. Осылайша ол әр қадамын өлшеп басып, шаруашылығын кеңейтіп келеді.  

Қайрат Әбілкәрімов былтыр “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 3 миллиион теңге несие алып, қорасындағы жылқысын 10 басқа көбейткен. Ол ірі қара да, жылқы да, қой да ұстайды. Сондай-ақ шаруа қожалығының игілігінде 201 гектар егістік жер де бар.  

– Аграрлық сала қызметкері үшін жалғыз егіншіліктің жеткілікті табыс бермейтініне көзім жетті. Мәселен, былтыр көктемгі егіс пен күзгі орақ жұмыстарына 3 миллион теңге жұмсадым. Бірақ алған астығымды өткізген кезде шығынның орны толмады. Сондай-ақ малдың бағасына да сенім жоқ. Ал отбасын асырауға, сондай-ақ қарамағыңдағы еңбеккерлердің жалақысын уақтылы беруге міндеттімін. Біз әлі қалыптасу кезеңінде жүрміз, болашақта бұл еңбектің оң нәтиже береріне сенімім мол, – дейді ол.

Бүгінгі таңда “Керей” шаруа қожалығының еңбеккерлері малдың қысқы азығын дайындау жұмыстарымен айналысуда. Шаруашылық биыл өзіне қажетті шөпті жинап алуды көздейді. Былтыр ауа райының қолайсыздығынан өңірде көк аз шығып, жинаған шөп бітіп қалып, олар қыстың ортасында Зерендіден, Ресейдің көршілес аймақтарынан шөп тасуға мәжбүр болыпты.

Бүгінде мамандардың бір ғана тілеуі бар, ол – ауа райының ылғалды болуы. Әрине, таңның атысынан күннің батысына дейін ыстық күннің астында тыным таппай еңбек етіп жүрген ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі жанып, күзгі науқандары табысты болса, үлкен ырыс екендігі сөзсіз.

СУРЕТТЕ: Қ. Әбілкәрімов.

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp