«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШБАСШЫ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сейсенбі күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де облыстық Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарма Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен бірлесіп, “Жастар арасындағы толеранттылық және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру” тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Оған облыстық жастар ұйымдары мен жастар этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қала мен ауыл жастарының қоғамдық және әлеуметтік теңдігін қамтамасыз етіп, оларға өз ортасындағы белсенділігі мен беделінің қалыптасуына жағдай жасап, қоғамдағы барлық жаңалықтардан ауыл жастарының тыс қалмауына ықпал етуді мақсат еткен шара барысында облыстық Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың басшысы Виктор Молодовский мұндай семинарлар қазіргі таңда үздік болуға ұмтылып жүрген ауыл мен қала жастарының болашаққа деген оң көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта әр ауданда жастарға арналған ресурстық орталықтар ашылатындығын атап айтты.

Ал Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Елена Мезева семинар-тренингтің маңыздылығына тоқталды.

Семинар бағдарламасы бойынша үш топқа бөлінген қатысушылар әртүрлі үш аудиторияға жайғасты. Шара барысында аудандардағы “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшылары мен жастар ұйымдарының өкілдеріне “Көшбасшылар және командалар” тақырыбында лекция оқыған облыс орталығындағы әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің директоры Күлімкөз Смайылова ХХІ ғасырдың көшбасшысына тән қасиеттер туралы әңгімелеп, өзінің жеке тәжірибесімен бөлісті. Бөлінген уақыттың ішінде ол “Адамдардың көшбасшының соңынан ілесуіне не себеп?”, “Неліктен адамдар кей көшбасшылардың үндеуіне үн қатпай, ал басқалардың ізінен қалмайды?”, “Теорияшыл көшбасшылар мен тиімді түрде артынан ілескен адамдары бар іскер көшбасшылардың айырмашылығы неде?” деген сұрақтарға жауап беруге тырысты. Сондай-ақ нағыз көшбасшының бойынан табылатын харизма, бедел, лайықты мінез-құлық, мәселені шеше білу, шешендік өнер және тағы басқа міндетті қасиеттерді жіліктеп берді.

Ал СҚМУ-дің аға оқытушысы Сергей Моргунов облыс орталығының этномәдени бірлестіктерінің өкілдеріне “Этностық қасаңдық пен толеранттылық” тақырыбында әңгіме өрбітіп, әр мемлекетті мысалға келтіре отыра, түрлі ойындар арқылы қасаңдықтың түрлерімен және олардың ерекшеліктерімен таныстырды.

Аудан әкімдері жанындағы жастар саясаты бойынша кеңесшілер мен аудандық Ішкі саясат бөлімдерінің мамандарына “Қоғамдық тыңдаудағы тыңдармандармен жұмыс” тақырыбында тренинг өткізген “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы “СҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының” директоры Алма Мырзалинова көшбасшылық қасиеттерді жетілдіру, тұрғындармен, оның ішінде жастармен жаңа технологияларды пайдалана отырып, жұмыс жүргізудің алғышарттарын үйретті.

Жастардың бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру жолдары жайы сөз етілген семинар-тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp