Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экономикасына шетел инвестицияларын тартуға, транзиттік көліктік логистикалық орталық құру үшін еліміздің географиялық жағдайының артықшылығын пайдалана отырып экспорттық қуатын арттыруға, “жасыл экономиканы” дамытуға және “ЕХРО – 2017” көрмесіне әзірлік жасауға айрықша көңіл бөлгені белгілі. Осы ойды ілгері өрбіту мен Қазақстанды ашық және инвестиция үшін неғұрлым тартымды ел ретінде көрсету үшін шетелдерде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Міне, соның нәтижесінде Тайландтағы “АМАТА” индустриялық паркінің құрылтайшысы және басшысы Викром Кромадит 1-16 тамыз күндерінде елімізді аралап қайтуды ұйғарыпты.
Бұрнағы күні Қызылжарға ат басын тіреген автокеруеннің ұйымдастырушы – “ЕхроАris Со.,LTD” компаниясы. Тайландтан осы жылғы 17 наурызда шыққан автокеруен бізге жеткенше Бирма, Корея, Қытай және Ресей елдерін басып өтіп, Омбы қаласынан кейін Петропавлға келіп отыр. Бізден кейін керуен Көкшетау, Бурабай, Астана, Қарағанды, Балқаш, Алматы бағытымен Қорғас арқылы Қытайға өтіп, одан әрі өз еліне оралады.
Кеше Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың баспасөз орталығында тайландтық автокеруеннің мүшелері қаланың іскер қауымымен және жұртшылық өкілдерімен “дөңгелек үстел” басында кездесті. Кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов Тай елі қонақтарының сапарына сәттілік тілей отырып, оның Қазақ елімен жете таныстық және туризм саласын дамытуға инвестициялық қаржылай қолдау мақсаттарын көздейтінін айтты. Бұл орайда өңірдің индустриялық орталық құруға, туризм мен шағын және орта бизнесті дамытуға әлеуетінің молдығын, осы бағыттарда “АМАТА” компаниясымен ынтымақтаса жұмыс жүргізуге болатынын айтты.
Тайландтық автокеруеннің Қазақстанға сапарын ұйымдастырушы болып табылатын Роман Арыстанов соңғы алты жылдан бері Тай елінде жұмыс істейді. Ол Қызылжар өңірінің өздерін құшақ жая қарсы алғанына, табиғатының тамаша әсемдігі мен тазалығына және халқының өте қонақжайлылығына ризалығын білдіре отырып, қонақтардан алғашқы сөзді “АМАТА” компаниясының қор басқарушысы Панчана ханымға берді.
Викром мырзаның еліне жедел қайтып оралуына байланысты керуен басшысы қызметін атқарушы Панчана ханым сөз алып, өздерінің бұл сапардың басты мақсаты – елді, жерді тану, индустриялық-инновациялық даму мүмкіндіктерін саралау және бірлескен инвестициялық жобаларды қолдау болып табылатынын айтты. Сондай-ақ жол-жөнекей Қазақстан туралы, оның табиғи байлықтары және туризмді дамытуға қолайлы көрікті жерлері туралы деректі фильм түсіріп, оны Қазақстанды әлі жете біле бермейтін Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне таныстырмақшы ойлары бар.
Роман Арыстанов Тай елінен көп нәрсені үйренуге болатынын, әсіресе, Қазақстанның одан туристік бизнестің қыр-сырына қанығып, осы бағытта орта және шағын бизнесті дамытуды қолға алу қажеттігін сөз етті. Сондай-ақ ол қазақстандықтардың Еуропа мен Американы жақсы білетінін, бірақ экономикасы қарқынды өсіп отырған іргедегі Азиямен онша таныс еместігін дөп басып, Тай елімен бірлесе бизнес құруға шақырды. Оның айтуынша, Тайландта туризмді айтпағанның өзінде, жоғары сапалы тауарлар нарығы өте бай. Мысалы, сан түрлі теңіз өнімдері, латекс және тұрмыстық техника тауарлары жоғары сұранысқа ие. Сол сияқты, тайландтықтар да Қазақстанда шығарылатын өнімдермен танысқылары келеді.
Өңірлік Инвесторларға қызмет көрсету орталығының директоры Қалтай Қуанышбаев қонақтардың ынтымақтастық жоспарларына тілектестігін білдіріп, кездесу соңында олардың назарына облыстың инвестициялық әлеуеті туралы бейнематериалды ұсынды. Кездесуде екі жаққа да тиімді мәселелер туралы сөз болып, болашақта бірлескен бизнесжобалармен жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылды.