«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ және ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер,

Мәдениет қайраткері.

(Басы өткен сандарда).

Саяси, қоғамдық істерге белсене араласқандықтан, өлең-жырларында қоғам өмірін, ел тәуелсіздігі жолындағы ерлікті, батырлықты барынша дәріптейді. Мәселен, “Ер Көкше”, “Еңсегей бойлы ер Есiм”, “Ер Қойлыбай”, “Қорқыт баба”, “Асан ата”, “Ер Сырым”, “Қасқа жолды ер Қасым”, “Қабанбай батыр”, “Ер Қосай”, “Ер Жәнібек”, “Орақ батыр”, “Ер Едіге” секілді дастандары, “Ақсауыт”, “Ғасыржас”, “Дүние”, “Жiгiттiк” деген толғаулары, өлеңдерi осы рухта. Мұның бәрінде де ақын елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақырады, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын армандайды, соны жырға қосады.

Жан-жақты талант иесі Қожаберген жырау күйші сазгер де болыпты. Оның ”Шұбырынды”, “Сұлама”, “Дабыл”, “Аңырақай”, “Бозайғыр”, “Күлдірмамай” деген күйлері бар екен. Атынан көрініп тұрғанындай, күйлерінің тақырыбы да күрес, майдан, ел басына туған қиын кезең. Жырау сол кездегі халық зарын күй тілінде де шерткен.

Зерттеуші ғалым Шаймұрат Смағұлов өзінің “Атақты “Елім-айдың” авторы” деген мақаласында Қожаберген әскербасы, от ауызды, орақ тілді шешен, суырыпсалма ақын, әнші, күйші, аспаптарда құйқылжыта орындаған өнерпаз болумен қатар, емші, сынықшы, он саусағынан өнер тамған шебер қолөнершілігімен де танылыпты. Ол қасиеттерінен басқа құралайды көзге атқан мерген, түйе балуан, аңшы, құсбегі, атбегі, шабандоз, құмалақшы, ауа райын болжаушы сәуегей болыпты деп көрсетеді. Соғыс кезінде жаралы болған сарбаздарын өзі емдеп, жазып отырған. Ақынның “Емшілік” деген өлеңінде:

Өлеңнен салып жүрмін ою-өрнек,

Жасадым түрлі шөптен дәрі-дәрмек.

Сынықшы Қожаберген атағым бар,

Талайын науқастардың жаздым емдеп,

– дейді. Осы ретте мына бір аңызды да айта кеткен артық болмас. Толыбай сыншы Кіші жүз Әлімде төртқара әулетінің Ақша би, Жалаңтөс батыр Сейітқұл ұлдарының апасы Жамалдан туған. Самарқанд төңірегіндегі Нұрата, Қызбибі тауын мекендейтін осы туған нағашылары Толыбай сыншыны қонаққа шақырады екен. Жиені әне барам, міне бараммен жүріп біраз уақыт өткізіп алады. 1661 жылдың мамыр айында сәті түсіп Толыбай Ақбілек бәйбішесі екеуі нөкерлерін ертіп сапарға шығады.

Жолшыбай Ұлытау мен Қаратау арасында қыпшақ Қойлыбай бақсы әулиенің басына зиярат қылады, мал шалып, Құран оқиды. Одан кейін Түркістанда Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне келіп дұға оқиды, тағы да мал арнайды. Осында үш түнейді, үшінші күні ұйықтап жатып таң алдында түс көреді. Түсінде ақ түйеге мінген, қолында аса-таяғы, басында ақ сәлдесі, үстінде ақ шекпені бар ақсақалды адам Толыбайға келіп: “Балам, сапарың оң болсын” дейді де, қоржынынан алып бұған найзаның ұшын, қылыш, қанжар, садақ, қобыз, қамшы, қалам, дәуіт, бүркіттің тұғырын, қойдың жауырынын және бір уыс құмалақ пен бір шоқ шөп береді. Содан кейін әлгі адам “қош, есен бол” деп жоқ болып кетеді.

Толыбай сыншы ерте тұрып таң намазын оқиды да, таңертеңгі тамақ үстінде бәйбішесіне, нөкерлеріне көрген түсін айтады. Қасындағы нөкерлерінің ең үлкені Нияз Қожекеұлы түсін ырымдап пайғамбарлық жолмен жориды. “Көсем аға, көрген түсіңіз керемет екен. Найзаның ұшы, қылыш, қанжар – батырлықтың белгісі, садақ – мергендіктің белгісі, бүркіт тұғыры – құсбегі саятшылықтың белгісі, қобыз – күйшіліктің белгісі, қалам мен дәуіт – ақындық пен ғұламалықтың белгісі, қойдың жауырыны мен құмалақ – сәуегейліктің белгісі, бір уыс шөп – емшіліктің белгісі. Иншалла, құдай жар болып жеңгемізден тағы бір жақсы ұл көресіз. Ол өзіңізге ұқсап әрі көсем, әрі шешен батыр болады. Әлгі қасиеттердің бәрі соның бойына қонады деп тұжырымдады.  

Сонда Нияздың немере інісі Қантай сардар Толыбай сыншыға: “Тархан аға, бұл түсті Қожа Ахмет Иасауи әулиенің басында көрдіңіз ғой, болашақ келетін ұлыңыздың атын Қожаберген қойыңыз”, – дейді. Отырғандар түгел құптасып қалады. Сол ырым қабыл болып, нағашысына барып қайтқан соң жарты жылдан кейін Толыбай сыншының Ақбілек бәйбішесі жүкті болады. 1663 жылы наурыз айының басында босанып, ұл туады. Баяғы уағда бойынша жас нәрестеге Қожаберген деп ат қойған екен. Қожаберген өмірде расында да түс аянға сай нағыз сегіз қырлы, бір сырлы болып өткен адам.

Қожаберген жырау 1763 жылы қазан айында жүз жастан асқан шағында туған жері Гүлтөбеде қайтыс болады. Әкесінің атымен аталатын сол жердегі Толыбай сыншы қорымына жерленеді. Жыраудың ағасы Қарабастың Асқап деген ұлынан туған Көшек батыр 1764 жылы Қожаберген бабасының жылына арнап ас береді. Ол асқа Абылай хан, Бұқар жырау, Бөгенбай, Қабанбай батырлар, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Көтеш жыраулар қатысады. Көтеш жырау Қожабергеннің асына арнап өлең шығарған. Ол өз өлеңінде аста бәйгеге үшке бөлініп 1 500 ат шапқанын айтады.

(Жалғасы бар).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp