Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Шалақындық Александр Савченкомен тілдескеннен кейін мен “Адам өз кәсібін сүйіп еңбек етсе, оның жұмысынан мін табу оңай емес екен”, – деген тұжырымға келдім.
Александр Юрьевич жолаушылар тасымалы кәсіпкерлігін 2004 жылы қолға алған. Жүргізушілік еңбек өтілі 15 жылдан асқан жігіт өзінің табыс көзі осы салада екендігін білгендіктен, біреудің жолаушылар тасымалына арналған ескі “ГАЗель” көлігін жалға алады. Бүгінде кәсіпкер ол күндерді еске алған кезде, жүзіне күлкі үйіріледі.
– Бұл кәсіпкерлік жастықтың желігі мен күнкөрістің қажеттілігінен бастама алды. Қолымда – жүргізушінің куәлігі, бірақ қалтада көк тиын жоқ. “Әй-шәйға” қарамай, осы кәсіпке бой ұрғанымды еске алсам, өзімді бір ертегінің батырындай сезінемін. Сол кездің өзінде Сергеевка қаласында жолаушылар тасымалымен күндерін көріп жүрген таксистер вокзал маңында өз тәртіптерін орнатып алғанды. Олар мені вокзалға маңайлатпады. Қастарына жолай қалсаң, ұрыс-талас, айқай-шу. Жиналып алып, менің ескі автобусымды әдейі келеке етіп, маған қарай беттеген жолаушыларды ойларынан айнытып, біраз әлекке салды. Не айтасың, жүздері таныс, жерлестер болған соң іштей тынасың. Оның үстіне көлік ескі болған соң жиі сынады. Жанармай да қымбат. Бастапқы екі ай бойы автобусқа мінген 3-4 адаммен Петропавлға сапарлауды тоқтатпадым. Онда менің табысым кері кетті. Содан өзіме бұл кәсіпті нығайту үшін бір тың тәсіл ойлап табуым керек екенін түсіндім, – дейді Александр Юрьевич.
Иә, кәсіпкер ол тәсілді ойлап тапқан. Соның арқасында екі жылда есін жиып, жалға алған көлікті иесіне қайтарып, өзіне шетелдік көлік сатып алған. Кәсібі өрге қарай домалай бастаған. Ол қандай тәсіл дейсіз бе?! Бүгінге дейін Сергеевка қаласынан шығатын жолаушылар бір-екі күн бұрын тасымалдаушының үйіне телефон шалып, жазылып қояды да, ертеңіне таңғы сағат 6-дан бастап автобус оларды үйді-үйлерінен жинап әкетеді. Кәсіпкер бүгінде одан үлкен нәтиже шыққанына қуанады.
Жолаушылар “Савченко” жеке кәсіпкерлігінің үй орамынан алып кететініне, жол жүру бағасы таксистерден арзан, бірақ, ол да жеңіл көліктердей қалаға 2-2,5 сағатта зымырап жететініне көңілдері толып, тұтынушылар қатары көбейе түседі.
– Шыны керек, кейде автобусыма адам толы болып, оған кейбіреулер жалынып сұранған кезде не деп жауап берерімді білмей қаламын. Мен бір адамды да тастамай, баратын жеріне жеткізіп салуға дайынмын, бірақ жол жүру тәртібі бар, жолаушылардың жайлылығы бар, қауіпсіздік ережесі бар дегендей, көлікке артық адам мінгізуге құқығым жоқ. Сондықтан осыдан үш жыл бұрын тағы бір шетел автокөлігін сатып алып, қосымша рейс шығаруды жөн көрдім. Мен бұл дүниенің есігін ашқан кезде жүргізушінің жейдесінде туғандаймын. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ көліктерді, оның темір-терсектерін ұстап көруге, жинауға қызықтым. Ал бүгінде өзіме лайық, ұнайтын мамандық арқылы отбасымды асырап отырғаныма, ал ең бастысы – жұртқа қызмет көрсетіп жүргеніме разымын, – деген әңгімесінен кәсіпкердің өз ісіне, өз тұтынушыларына деген сүйіспеншілігін байқадым.
Ол – жүргізуші ғана емес, көліктің тетіктерін сипағаннан-ақ “сырқатын” сезетін механик. Әріптесі Александр Кишкин екеуі күн сайынғы рейстен келген соң екі көлікті техникалық тексеруден өткізеді. Сынып қалған тетігі болса, өздері жөндеп алады.
“Савченко” жеке кәсіпкерлігінің жолаушылар тасымалын жұрт неге жоғары бағалайды? Өйткені, ол немесе әріптесі көліктің рулінде отырып, өзінің қызметін тұтынған әр жолаушының жағдайын қадағалап отырады. Бір жолы өзім осы жеке кәсіпкерліктің қызметін пайдаланған едім. Жол бойы жолаушылардың жасы үлкендерінің бірі: “Сашенька, аяғым тоңды”, – десе, екіншісі: “Сашенька, ауа тар”, – деп шағымданумен болды. Әрине, даладағы ақырған аязда мұндай олқылықтарға жол бермеу мүмкін емес еді. Сондағы Александр Юрьевичтің мінезінің салмақтылығы мен шыдамдылығына тәнті болдым. Еш қабақ түймей, жағдайды байсалдылықпен түсіндіріп, жолаушылардың көңілін орнықтырып отырды.
Жолаушылар тасымалымен айналысуды көздеген кәсіпкер бүгінде мемлекеттік тапсырысты, яғни тендерді ұтып алуы шарт. Онсыз бұл салада қызмет көрсету мүмкін емес. Тендерге құжаттар ұсынылу кезінде көлігің мен қызметіңнің сапасы жан-жақты тексеріледі. Сондықтан биыл “Савченко” жеке кәсіпкерлігі жолаушыларға қызмет көрсетудің озық үлгісін ұсыну үшін, су жаңа көлік сатып алуды жоспарлап отыр. Ол өзінің кәсіпкерлігін дамытудағы басты мақсаты – табысты көбейту ғана емес, сондай-ақ қызметіне жүгінген жолаушыларға жайлы сапар ұйымдастырып, олардың ризашылығына бөлену екендігін жеткізді. “Өзіңнің жұртқа керек екеніңді білу өмірдің сәнін кіргізеді”, – деген сөзімен ол өз кәсібін дөп таңдағанын айғақтай түсті.
Көліктің рулін 25 жыл ұстаған адамнан бұл мамандықтың несімен ауыр екендігін сұрамаған дұрыс болмас еді. Бұл сұраққа ол былай жауап берді:
– Әрине, бастапқыда жұмыс өте қиын болды. Қазір бір қалыпқа түсіп, бейімделіп алдық. Бұл кәсіпте өзіңнің көңіл күйіңді, денсаулығыңды ойлауға мүмкіндік бола бермейді. Сапарда 2-3 сағат бойы көз алдыңда зымыраған тас жолдар болады. Ал ең бастысы – сен салонға мінген бірнеше адамның өмірі мен денсаулығы үшін жауаптысың. Күн сайын сапарға шығар алдында Алладан жол амандығын тілеп шығасың. Алдында өндірісте жүргізуші болып еңбек етіп, құрылыс материалдарын тасыған кезде бүгінгідей шаршауды білмейтін едім. Оның үстіне қазіргі жолаушылардың талабы да биік, мінездері де әр-қилы. Егер сен осы жұмысты кәсіп еттің бе, барлық ауыртпалықты еңсеруге тиіссің. Ал маған бұл мамандыққа деген сүйіспеншілік жақсы көмектеседі, – деді Александр Савченко.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.