Облыстық ІІД табиғат қорғау полициясының қызметкерлері Қызылжар ауданындағы Ташкентка ауылының маңында заңсыз ағаш ұрлау фактісін тіркеді. Аталмыш ауылдың екі тұрғыны оқиға орнында ұсталып, олардан заңсыз кесілген 7 текше метр ағаш тәркіленді.
Табиғат қорғау инспекторлары рейд барысында Қызылжар ауданындағы Ташкентка ауылының маңында жаңа кесілген отын тиелген тракторды тоқтатқан. Тексеру барысында қоршаған орта жанашырларының күдігі расталып, 7 текше метр қайың ағашы заңсыз шабылғандығы анықталды. Трактор және ондағы жүк толығымен тәркіленді.
Қызылжар аудандық ІІБ инспекторы Нұрлан Қуановтың айтуынша, қазір қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылу үстінде. Ұсталған азаматтар жұмыссыз жүргендіктен, отынды сатып алуға шамалары жетпегендігін, оны өздеріне дайындағандарын айтып, ақталуда. Дегенмен, трактор айып тұрағына жеткізілді. Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Табиғатқа келген шығын көлемі 52 мың теңгеге бағаланды.
Үстіміздегі жылы табиғат сақшылары облыс аумағында тоғайларды рұқсатсыз шабуға қатысты 27 факті тіркесе, оның үшеуі Қызылжар ауданында орын алған.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.