ҚР Бас прокуратурасы Мұхтар Әбіләзовтің ұсталғаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары “БТА Банк” АҚ-ның 5 млрд. доллардан астам қаражатын ұрлаған және қылмыстық жолмен табылған табыстарды жылыстатқан ұйымдасқан қылмыстық топты құру мен оған басшылық жасау фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда.
Аталған қылмыстық істер бойынша 2009 жылғы 6 наурызда М.Әбіләзовке оны ұстау мен экстрадициялау мақсатында қамауға санкция бере отырып, халықаралық іздеу жарияланды.
Мұнымен қатар бірқатар қылмыстарды жасау айыптары бойынша Ресей мен Украинаның құқық қорғау органдары М.Әбіләзовке іздеу жариялады.
М.Әбіләзовтің және оның сыбайластарының әрекеттері Кипр, Венгрия және Латвияның құқық қорғау органдарының қылмыстық тергеулеріне негіз болды. Ирландия мен Финляндияның уәкілетті органдары М.Әбіләзовтің ықпалы бар компаниялардың қызметтеріне тексерістер жүргізуде.
2012 жылғы ақпанда Ұлыбританияда Лондонның Жоғары Сотының шешімімен сотты құрметтемегені үшін М.Әбіләзовке 22 ай мерзімге түрмеге қамау түріндегі жаза тағайындалды, алайда, ол ағылшындық сот төрелігінен бой тасалады.
Биыл 31 шілдеде Интерполдың француздық бюросы М.Әбіләзовтің Франция аумағында ұсталғандығы туралы хабарлады.
М.Әбіләзовті ұстау жағдайлары жөнінде неғұрлым егжей-тегжейлі ақпаратты француз жағы әзірге ұсынған жоқ.
(“ҚазАқпарат” агенттігінің материалы негізінде дайындалды).