Арман БЕРДАҒҰЛОВ,
“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Азаматтардың жергілікті жердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды”, – деп атап айтқан болатын.
Ауылдық округ әкімдерінің сайлауына аз уақыт қалды. Әкімдерді мәслихат депутаттары 4 жылға жанама сайлау құқығы негізінде құпия дауыс беру арқылы сайлайды. Бұрын ауыл әкімдерін аудан әкімдері, ал қала әкімдерін облыс әкімі тағайындайтын. Енді аудан әкімдері ауылдарда, кенттерде тұрғындармен кездесіп, жергілікті қоғаммен ақылдаса отыра, әкімдікке кандидаттарды ұсынды. Аудан әкімдеріне кандидаттарды ұсыну құқығының берілуін құптауға болады. Себебі, әр әкімшілік құрылымдағы жұмыстың жағдайына олар тікелей жауапты.
Бүгінде біз республикамыздағы демократиялық жаңарудың маңызды кезеңіндеміз. Ауыл әкімдерін сайлау жергілікті жердегі басқарудың тиімділігін, атқарушы билік органдарының тұрғындар алдындағы жауапкершілігін арттыруға, азаматтық қоғамның дамуына септігін тигізбек. Нақты көмек көрсете алатын және қордаланған мәселелерді өз бетінше шеше алатын әкім ғана тұрғындардың сеніміне ие болады. Ауылдық округтердің, ауылдардың және кенттердің әкімдеріне күнделікті тіршіліктегі сумен қамтамасыз етуден бастап, жер бөлуге дейінгі көптеген мәселелерге байланысты зор жауапкершілік артылады.
Ауыл әкімдері қосымша өкілеттікке ие болғаннан кейін олардың ауылдағы жағдайға әсері де артады деп ойлаймын. Қаржылық және экономикалық тәуелсіздіктері кеңейеді. Бұл біріншіден, өзінің кіріс көзін, оның ішінде әкімнің басқаруындағы мүліктерді жалға беруден түсетін кіріс, ерікті жинау, қайырымдылық және демеушілік жарналар, айыппұлдың жекелей түрлері, сыртқы жарнаманы орналастыру төлемі және тағы да басқа қаржы көздерін қалыптастыруға құқық береді. Әкімдер ауылдағы және аудандық маңыздағы қаладағы жергілікті өзін-өзі басқарудың бөлек өкілетті органының құрылуынсыз атқарушы органның қызметін үйлестіретін болады. Жергілікті өзін-өзі басқару бар жерде сана-сезім толысады, себебі жергілікті маңыздағы мәселеге тікелей қатысады, сәйкесінше жергілікті мүлікке де.
Тұрғындарда неге тікелей емес, жанама сайлау деген сұрақ жиі туындайды. Бұл – мемлекеттің ерекшелігінен, халықтың ділінен, өзге елдердің тәжірибесінен туындаған жергілікті жердегі басқарушылық міндеттердің прагматикалық шешімі. Ресей Федерациясының, өзге де бірқатар елдердегі биліктің жергілікті органдарына сайлау тәжірибесін ескерсек, елеулі қауіп те бар. Тікелей сайлау кезінде бұған билік органдары, тұрғындар ғана емес, криминалдық топтардың және өзге де құрылымдардың әсер етуі мүмкін. Ресей тәжірибесі көрсеткендей, жергілікті органға тікелей сайлау өткізу көп мәселенің туындауына әкеліп соғады. Сол себепті жанама сайлаудан бастап, тәжірибе жинақтағаннан кейін ғана тікелейге көшуді қарастырған жөн.
Ауыл әкімдерін сайлау – бұл уақыт талабы және республика азаматтарының мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған нақты қадам, қоғамды демократияландырудың маңызды кезеңі.