«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛДІКТЕР ЕГІН ЖИНАУҒА ДАЙЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Есіл ауданында болып, бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының танаптары басында болды. Соңғы түскен жауын-шашын астықтың бітік шығуына ықпал еткен. Диқандар енді ауа райы қолбайлау болмаса, тамыз айының ортасында орақ науқанына кірісуді жоспарлап отыр. 

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, 

журналист.

Есіл ауданындағы “Атамекен-Агро-Есіл” ЖШС биыл 20 мыңнан астам гектар алқапқа дәнді дақылдар еккен. Уақтылы атқарылған жұмыстардың арқасында астық бітік шыққан. “Соңғы түскен жауын-шашын егіннің бой көтеруіне әсер етті”, – дейді шаруашылық басшысы. Ал “Бесқұдық” серіктестігінің кейбір танаптарында жағдай көңіл көншітпейді. Агротехникалық шаралар дер кезінде жүргізілмеуінен көктеген егін сабағы небәрі 30 сантимердей ғана.

Самат Сапарбекұлы барлық мүмкіндікті пайдаланып, “сары алтынды” болашақта шашаусыз жинап алу керектігін ескертті. Ал “Агро-Александровка” серіктестігінде былтыр өнім берекелілігі 18 центнерден айналған. Биыл төрт мың гектарға дән сіңірген диқандар күзгі дала жұмыстарына тамыздың ортасында кірісуді жоспарлап отыр. 

Біз барлық өңдеу жұмыстарын уақтылы жүргіздік. Астық шығымы жақсы. Еш ауру табылған жоқ. Осы алқапқа бір кездері менің әкем егін егіп, қызмет атқарған болатын. Жылда бұл жерден жақсы өнім аламыз. Еш кедергі болмаса, тамыздың 15-інен егінді құлатуға кірісеміз. Егін шығымдылығы алдыңғы жылдағылармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы деп айта аламын. Оның үстіне биыл шаруашылықта машина-трактор паркін жаңарттық”, – деді “Агро-Александровка” ЖШС директорының орынбасары Сергей Шинкаренко.

Бұдан соң облыс әкімі “Ильинское” ЖШС-нің танап басында болып, жағдайды өз көзімен көрді. Әсіресе, инновациялық технологиялар пайдаланылған алқаптарда егін шығымдылығы айтарлықтай. Шаруалар күзде гектарынан кем дегенде 20 центнерден өнім жинап алуды көздеп отыр. Бұл шаруашылықта да техниканы жаңартуға үлкен көңіл бөлініпті. Серіктестік басшысы Александр Бурлёв өз қаржысына соңғы үлгідегі бес жаңа комбайн сатып алған. Серіктестік сондай-ақ мал шаруашылығымен де айналысады. Бүгінде мұндағы ірі қараның саны 1500-ден асыпты. Оларға жемшөп қорын дайындауды да ойластырып қойыпты.

Биыл 17 000 гектарға дән егіп, машина-трактор паркін жаңарттық. Алдыңғы жылдары астықты кептіруде біраз қиындық көрген болатынбыз. Сондықтан былтыр жаңа астықкептіргіш сатып алдық. Ол да аздық еткен соң, биыл екіншісін орнатуды қолға алдық. Қазір монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іске қосылған жағдайда екеуі күніне 2000 тоннадан астам астық кептіруге қауқарлы. Соңғысын пайдаға жарату үшін 100 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды”, – дейді Александр Бурлёв.

Агрохимснаб” ЖШС-нің танап басындағы жайқалып өсіп тұрған астыққа қарап та, жергілікті диқандар біраз тер төккендігін аңғаруға болады. “Биыл кейбір танаптың шығымдылығы гектарына 30 центнерге дейін барады”, – дейді шаруашылық басшысы. Мұнда жылда жоғары сұрыпты тұқым егіледі және жаңа технологияға жете мән беріледі.

Біздің иелігімізде 12 000 гектардан астам жер бар. Оның жартысына бидай ектік. Біз, әсіресе, дәнді дақылдарға ерекше көңіл бөлеміз. Көктемде “Омбы-35”, “Омбы-36”, “Астана” сұрыптарын сіңірдік. Сапасы өте жақсы. Тұқым сұранысқа ие деп айта аламын. Соңғы бес жылда біз жақсы көрсеткіштерге жетіп жүрміз. Биыл да нәтиже жаман болмайтынына сенімдімін”, – деп ой бөлісті “Агрохимснаб” ЖШС директоры Василий Шкодин.

Биылғы жылы Есіл ауданы бойынша 275 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар өсірілуде. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының 80 пайызы алдағы орақ науқанына 100 пайыз дайын. Есілдіктер атқарып жатқан жұмыстарға Самат Ескендіров оң баға беріп, орақ науқанына уақтылы кірісуді тапсырды.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp