Жанат ЖҰМАБАЕВ,
СҚО Тәртіптік кеңес
хатшылығының меңгерушісі,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі департаменті
басшысының орынбасары.
2013 жылдың бірінші жартыжылдығында 115 тексеріс жүргізілді, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен 25%-ға кем. Егер 2012 жылы барлық тексеріс барысында 724 заңнама бұзушылық анықталса, үстіміздегі жылдың осы уақытына дейін оның саны 194-ке жеткен, соның ішінде 15-і сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес заңнамасын, 4-уі Ар-намыс кодексін, 175-і мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзуға қатысты.
Азаматтардың өтініштерін қарау қорытындысы бойынша СҚО Сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысына “Электро-Техкомплект КЗТ” ЖШС-нің жүгінісі бойынша берілген жауапты департамент сайтына орналастырмағаны, Петропавл қаласының ТКШ және Сәулет бөлімдерінің бас мамандарына тұрғын үйге кезекке қою, өтінішті қарау мерзімін бұзғандары, жүгінушілерге сыпайылық көрсетпегендері үшін тәртіптік жаза қолданылды.
Тексеру қорытындысы бойынша СҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының тәртіптік жаза туралы шығарған 1 бұйрығы заңсыз деп танылып, бөлім басшысы Б. Махметованың құқығы қорғалды.
Жоспарлы тексерулер кезінде анықталған заңнама бұзушылықтардың негізгі бөлігі аттестаттау, конкурстар өткізу және тәртіптік жазаға тартумен байланысты. Мұндай құқық бұзушылықтар саны азайғанын атап өту керек. 2012 жылы 268 бұзушылық орын алса, 2013-те 79-ға дейін кеміген.
Мемлекеттік қызметшілердің негізгі қызметімен бірге кәсіпкерлікті қатар алып жүру жайттары жиі кездеседі. Бұл – заңға қайшы әрекет. Мемлекеттік қызметшілердің өздері көбіне мұндай құқық бұзушылықты болдырмау үшін ешқандай шара қолданбайды, ал басшылар оған жете мән бермейді. Тексеру қорытындысы тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны өскенін көрсетті. Егер 2012 жылдың бірінші жартысында тәртіптік жауапкершілікке 10 мемлекеттік қызметші тартылса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 21 адамға жетті. Үстіміздегі жылы 15 бұйрық заңсыз деп танылды.