Жангелді ТӘЖИН.
Жерлесіміз Нұрлан Мұхаметқалиевтің “Тағзым” атты кітабы жарық көрді. Кітапта ХҮІІІ ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы арын жалау етіп, жанын алау етіп, ата-баба аманаттаған байтақ жерін, ұлан-ғайыр елін, ақ сүт берген анасын, ақ самал ескен даласын, жүзінен нұр төгілген баласын, парасатты данасын жаудан қорғаған теріскейдің 26 батыры жайлы жазылған.
Кітапта батыр Мықтыбай Бегайдарұлының өмірі мен ерлігі туралы ел аузында қалған өлең жолдары, белгілі ақындардың арнау өлеңдері берілген, ресми құжаттардан дәйектеме келтірілген. Мықтыбай 1719 жылы Жамбыл ауданындағы Баян қонысында туған. “Cолтүстік Қазақстан облысы” энциклопедиясында 195-бетте: “1929 жылы Мықтыбай, Бажы, Балта, Байсал, Шалабай, Кент, Дүйсе ауылдары “Қосшы” одағына, кейіннен “Баян” ұжымшарына айналған, ”Баянауыл” кеңшарының орталығы болған” – деп көрсетілген. Баян ауылынан шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде Мықтыбай қыстауы, батыс бетінде Мықтыбай ауылы, зираты бар. 1928 жылдан бері Баян ауылының бір көшесі Мықтыбай батыр атында.
Мықтыбай Бекайдарұлы жоңғарлармен соғыста ерлігімен көзге түскен. Ертеректе ауылдастары оның батырлығын аңызға айналдырып айтып жүретін еді.
Нұрлан Мұхаметқалиев Петропавл қаласындағы Абылайдың ақ үйі мен Абылай ханның тарихтағы алатын орны жайлы сөз қозғап, жинақ соңында қазақ еліне танымал адамдардың суреттерін беріп, бейбіт өмірде қоғамның әр саласында ерен еңбектерімен ел құрметіне бөленген азаматтарымызға басымызды иіп, тағзым жасауға, солардың ізгі істерін жалғастырып, тәуелсіз еліміздің алға шарықтап дамуына еңбек етуге шақырады. Жерлесіміз “Тағзым” еңбегін Жамбыл ауданының ауылдары мен білім ошақтарының кітапханаларына тарту етпек.