Қажымұрат НӘСИҰЛЫ:
Өңірімізге белгілі азамат Қажымұрат Нәсиұлымен 1989 жылдан бері таныспын. Содан бері арамыздағы ағалы-інілідей сыйластық үзілген емес. Сол жылы жазда “Тілдер туралы” заң жобасын талқылау қызу өріс алды. Енді ғана шаңырақ құрған облыстық “Қазақ тілі” қоғамы тіл жанашырларының күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, өз елінде, өз жерінде халі мүшкіл, пұшайман ана тіліміздің босағадан төрге озуына, құрметті тұғырға қонуына зор үлес қосты. “Алла тілеуімізді беріп, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғай” деген екіұдай ой үстінде күн кешіп жүргенімізде сепаратистік, шовинистік пиғылдағы топтар “ойбай-аттандап” берді. Сол кездегі “Ленинское знамя” газетінің беттерінде қазақ тілі десе жыландай жиырыла қалатын қиямпұрыс көзқарастағы адамдардың халқымызды, тілімізді қаралайтын мақалалары үздіксіз жариялана бастады. Олардың орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беру жөніндегі дәмелерін Қилаж Мағазов, Қосыл Омаров, Ғалым Қадырәлин, Мәлік Мұқанов және тағы басқа аламан ағаларымыз дәлелді уәждерімен тойтарып, арындарын басып отырды. Осы кезде қоғамдық ортада біз білмейтін бір тың есім пайда болды. Автордың қазақ, орыс тілдерінде жазған өткір де ойлы мақалалары қоғамда дүмпу туғызып, орыстілді қауымды ойландырып тастағандай болды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан “толар-толмас мектептің болар-болмас” директорының батыл ұстанымдары мен мірдің оғындай ойбайламдары бәрімізді осылайша тәнті еткен еді. Кейін оның атына заты сай Қажымұрат деген азамат екеніне қанықтық. Қызылжар өңіріндегі ана тіліміз үшін күрес майданы алаңы бізді осылай табыстырған болатын.
Ұзын сөздің қысқасы, өмірінің 40 жылдан астам уақытын ұстаздыққа, оның 28 жылын Бостандық ауылы мектебінің директорлығына арнаған, кейін Петропавл қаласының Ішкі саясат бөлімінде жауапты қызмет атқарған, зейнетке шыққанға дейін Астана қалалық Білім басқармасында жемісті жұмыс істеген, қазір елордада тұрып жатқан ардақты ағамызбен кездесудің сәті түсіп, ұлттық құндылықтар мен төл тарихымызды зерделеу, ауыл ахуалы, өткеннің тәлім-тәжірибесі, бүгінгі күннің қоғамдық-саяси тынысы төңірегінде әңгімелескен едік.
– Қажымұрат Нәсиұлы, өзгені қоялық, өзіміз бертінге дейін Сізді тіл маманы санап келдік. Анығында тарихшы емессіз бе?
– Дұрыс айтасың, бауырым. Отан алдындағы әскери міндетімді өтеп келгеннен кейін туған мектебіме оралып, ұстаздық жолымды одан әрі жалғастырдым. Петропавл қаласындағы педагогикалық училищенің қазақ бөлімінде алған білімнің аздық ететінін байқап, Петропавл педагогикалық институты тарих-филология факультетінің тарих және педагогика бөлімін тамамдадым. Ол кездері қазақ жастарының патриоттық рухы өте жоғары болатын. Туған ауыл дегенде ішкен жасын жерге қоятын. “Дипломмен – ауылға!” деген секілді арнаулы бағдарлама болмаса да, 1974 жылы аяулы мектебіме оралуды жөн көрдім. Басшылық тәжірибемнің аздығына қарамастан, 1975 жылы мектеп директорлығына тағайындалдым. Қанша қиын болса да, қасиетті де қызығы мол жұмысқа беріліп жүріп, жалынды жастық шақтың қалай өткенін байқамай қалыппыз.
– Сіз – Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына жаны күйіп кіріскен күрескерлердің бірісіз. Үрей мен күдікке, торығу мен уайымға толы кезеңде ертеңге деген берік сенімге селкеу түскен жоқ па?
– Тәуелсіздіктің тұнық жұпар ауасымен кеудемізді кере тыныстағанымызға 21 жылдан асып барады. Аллаға шүкір, еңсемізді көтеріп қана қоймай, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған ұлы арман орындалып, табанға басып, “төмен дәрежелі” халық деп есептеген, тіліміз бен дінімізден бездіріп, мәңгүртке айналдыра жаздаған, мәңгі мызғымастай көрінген саяси жүйе құрдымға кеткенде қатты қуанғандардың бірімін. Ұлттық сана-сезіміміз, тіліміз, діліміз қалпына келіп, қанды жүйенің мерездерінен арылдық. Қазақ – батырлығымен, көрегендігімен, кішіпейілділігімен, қонақжайлылығымен, адалдығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленген халық. Әйтпесе, ұшса – құстың қанаты, жүгірсе, аңның тұяғы талатын шетсіз де шексіз ұлан-байтақ даланы уысында ұстап, құшағына сыйдыра алмас еді. Өзгелер жан-жақтан анталап, көз алартқан, асты да, үсті де иен байлыққа толы қасиетті атамекеніміздің әр ұлтарақ жеріне дейін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қызғыштай қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген жоқ па?! Олай болса, арғы түбіміз ғұн-сақтардан тарайтын батыр халықтың ұрпақтары неге осал болсын?! Сол ерліктің бір парасын 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де айғақтап берді емес пе?!
– Астанада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Ұлттық тарихты зерделеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өткені белгілі. Алқалы басқосуда ұлттық тарихымызға қатысты қадау-қадау ой-пікірлер айтылып, жаңаша көзқарасты қалыптастыру тұжырымдамасы қолдау тапты. Тарихшы ретінде онда қозғалған мәселелерге қатысты не айтар едіңіз?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың басына түскен тауқымет қабырғасын қайыстырып, сол жолда басын бәсекеге тігіп, қасықтай қанын аямай, шыбын жанын шүберекке түйген ер тұлғалардың тағдырын танытатын да, ұрпаққа өнеге етіп, алдына тартатын да – тарих екені даусыз деген сөзі көкірегімде жаттаулы, санамда хаттаулы. Қоғамдық ой-сананың барометрі секілді отандық тарихтың өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулудағы маңызы айтпаса да түсінікті. Жиында Қазақстанның ежелгі, орта және қазіргі тарихын айқындау, зерттеу жүйесіне ғылыми дәлдік беру, білікті тарихшылар корпусын дайындау, тағы басқа жайттар негізгі тақырып арқауына айналды. Өкініштісі сол, тарихи айналымға әлдеқашан енген тұжырымдар бойынша әлі күнге дейін ортақ келісімнің болмауы қынжылтады. Соған қарағанда ұлттық тарих беттері әлі де қарама-қайшылықтар мен “ақтаңдақтардан” арыла алмай келеді. Дүдәмал, жел сөздің жетегінде кете бермей, ақиқаттың аражігін ажыратып, шынайы көзқарасты дәйектеу маңызды міндет ретінде жүктелді.
Қазақ тарихында “ақтаңдақ” тұстар әлі көп деуіме қадау-қадау мысалдар келтіре аламын. Мәселен, бұрынғы орыс жылнамашылары мен тарихшылары жазып кеткен ескі сүрлеуден шыға алмай келе жатқанымыз рас қой. Арғы түп-тамыры сонау сақтар мен ғұндардан басталатынын, бергісі үйсін, қыпшақ, арғын, керей, адай тайпаларының, Алтын Орда, Ақ Орда, Сібір хандықтарының тарихымен тығыз байланыстырыла қаралатын қазақ халқының ерлік жолдары басқа көрші халықтардың қалыптасып, дамуына зор әсер еткенін ашық айтатын мезгіл жетті. Ата-бабамыздың тарих сахнасындағы орнын анықтау арқылы ғана болашақ ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелей аламыз. Өкінішке қарай, жергілікті жерді білмейтін Батыс Еуропадан келген миссионерлердің жазып қалдырған, нақтыланбаған, бір жүйеге түспеген деректері, Ресей империясы тұсында біздің өңірге әртүрлі мақсатпен жіберілген саяхатшылардың (олардың көпшілігі жасырын жіберілген тыңшылар екені мәлім) қолжазбалары отарлау мақсатын көздегені анық. Сол сияқты кеңес дәуірі кезінде тарих саясиландырылып жіберілді. Күншығыс елдерінің, оның ішінде көшпенділер мәдениетінің дүниежүзілік руханиятқа қосқан үлесі әлі күнге дейін көмескіленіп көрсетіледі. Тіпті, кеңестік тарихшыларының өздері (араларында өз қандастарымыз да бар) көшпенділер қоғамның, өркениеттің ілгерілуіне кері әсерін тигізді деген тұжырымды санаға барынша сіңіріп бақты. Төл тарихымыздың үзіп-жұлып оқытылуы салдарынан қазақтың дербес тарихы жоқ деген ой-пікір орнықты. “Қазақ бишара болған екен. Орыс халқы болмағанда тағылық пен қараңғылық құшағынан шыға алмайды екен” деген саясат ұсталынды. Әлі есімде, институтта оқып жүргенде, 5-курстың соңғы семестрінде екі айлық мерзімге шақталған бағдарлама бойынша қазақ тарихынан мағлұмат алдық. Бұл тұтас ұлтты қорлаудың нағыз асқынған түрі еді. Кеңес Одағы құрамына енген ұлттарды бірыңғай кеңес халқына айналдыруға бағытталған жымысқы саясат төл тарихымызды осылайша тәрк етіп, шындықтың тонын айналдырып, мүлдем бұрмалап көрсетті. Тарихымызды ақиқатқа сай сараламақшы болған ғалымдарымыз қуғынға ұшырады, небір зобалаңды бастан кешірді. Отаршылдыққа қасқая қарсы шыққан ұлт батыры Кенесары жайлы шындықты ашық айтқан атақты тарихшы-ғалым Ермұқан Бекмахановты айтпағанда, өткен ғасырдың 70- жылдары орыс тарихы мен мәдениетінің өркендеуіне тікелей ықпал еткен көшпенді дала мәдениеті туралы жілік майын шағып берген Олжас Сүлейменовті Лихачев бастаған мүйізі қарағайдай мәскеулік академиктер жайдақ есекке теріс мінгізіп, қаңғытып жібере жаздаған жоқ па? Қадыр ақынның “Тарихы қалың болғанмен, оқулығы жұп-жұқа” деуінде үлкен шындық жатыр. Жадымыздың әбден мәңгүрттеніп, құлдық сана қамытынан арыла алмауымыздың, бұл үдерістің ұзаққа созылуының бір себебі осында.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тарихи жадымызды жаңғыртуда, тануда, саралап білуде қыруар жұмыстар атқарылды. Кеңес дәуіріндегі қазақ тарихына қатысты оқиғаларды “ұлы державалық” көзқарастағы орыс тарихшыларының сыңаржақ пікірлерінен тазалай отыра, бүгінгі жас ұрпаққа өз ұлты, туған өлкесі туралы нақты тарихи шындықты айтуға кең жол ашылды. Десек те, алда орасан міндеттер тұрғанын ұмытпауымыз керек. Ол жөнінде біз сөз еткен жиында атап көрсетілді. Өйткені, өткен тарихымызды, жүріп өткен жолымызды білмейінше, болашаққа дұрыс бағдар жасау қиын. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған арманымыз орындалып, ұлттық сана-сезіміміз жаңғырды. Тіліміз, діліміз, дініміз қайтадан ортаға оралды. Осының бәрі айтуға ғана оңай. Мені жастарымыздың бір бөлігінің төл тарихымызды оқып-білуге деген селқостығы қатты ойландырады. Олар өмір сүріп жатқан жақсы ортаны, Қазақстанның жетістіктерін, Тәуелсіздік құндылықтарын бейне бір аспаннан түсе қалған дайын құймақтай көретін тәрізді. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтары мен ауыртпалықтарын көрмесе де, білгендері дұрыс. Президенттің “Қазақстан – 2050” Стратегиясында ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыру міндетін қоюы тектен-тек емес.
– Туған ауылыңыз – Бостандық жайлы кітабыңызды оқып шықтым. Ауылдың қилы тағдырына қатысты материалдар мен деректерге бай шежірені жазуға не итермеледі?
– Мемлекет басшысының тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау керек, сонда тұғырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың деген сөздерін темірқазық еттім. Негізгі мамандығым тарихшы болғандықтан, төл тарихты білуге деген құштарлықтың соңы кіндік кесіп, еш уайымсыз балалық шағым өткен туған өлке қойнауына тереңірек үңілуге жетеледі. “Отан от басынан басталады” демекші, ауыл жайлы білмей, ел мен жердің қадір-қасиетін ұғыну өте қиын. Азды-көпті жинаған материалдарым бар болатын. Ел ішіндегі құймақұлақ, көнекөз ақсақалдардан мол дүние жинастырдым. Мен бұл кітабымда қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігін, дамуын, құрып кетуін, ауылдастарымның қилы тағдырын баяндауға күш салдым. Кеңестік заманда орыстандыру саясаты жүріп тұрған шақта өңірде аман қалған жалғыз “таза” қазақ мектебінің кешегі, бүгінгі өмір жолы, оның негізін қалаушылар жайлы мағлұматтар аз емес. Ауыл тарихына қоса, әрідегі шежірені де қозғай отырып, кеңейтілген мәлімет беруді жөн санадым.
Бір кездері Бескөл ауданының құрамында Бостандық, Бексейітпен қатар, Үшкөл деген қазақ ауылы болғанын, оның оңтайландыру кезінде құрып кеткенін кейінгі жастар біле бермейді. Ол – Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтың кіндік қаны тамған жері. Солақай саясаттың салдарынан теріскейдегі қазақ ұлтының алтын бесіктерінің бірі болашағы жоқ елді мекендер қатарына жатқызылып, тұрғындары еріксіз көшірілді. Ең соңғы үміттері – мектеп жабылғаннан кейін аты картадан біржола өшірілді. Ал халықтың ашу-ызасын тудырмаудың жымысқы мақсатымен Бостандық ауылында орта мектеп амалсыз сақталынды. Осындай кішігірім нәубеттер қазақ ауылдарын асау толқындай жиі шарпып, ұлттық құндылықтарымызға зор қауіп төндіріп отырған. Соған қарамастан, “арпа ішінде бір бидайдай” көрінетін мұндай елді мекендер қазақтың ұлттық рухының сақталуына, тілі мен ділінің жойылмауына зор ықпал етті. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ұлттық сана-сезімнің оянуына байланысты ана тіліміздің беделін көтеру, мемлекеттік мәртебе беру жөнінде облыста бірінші болып үн көтерген Бостандық ауылының мұғалімдері болатын. Сол кезде бізге қарсы аудандық газет бетінде арнайы мақалалар ұйымдастырылып, ұлттық саясатқа іріткі салушы құбыжық ретінде көрсетуге тырысқаны әлі есімде. Ана тілімізге, қазақ мектептеріне қатысты жазған проблемалық мақалаларым басшылардың қытығына тиген болу керек, облыстық партия комитетінің идеология мәселелеріне жауапты хатшысы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға қарсы жазылған мақаласында “Бостандық мектебі ұжымында мектеп директорының бас болуымен ұлтшылдық пиғылдағы көзқарастар орын алуда” деп, облыстық “Ленин туы” газетінің бірінші бетінде “жаптым жала, жақтым күйенің” жетегімен кете барған. Қалай сыналсақ та, ұлттық мәселелерді көтеруден тайған жоқпыз. Тәуелсіздіктің арқасында қоғамда басталған зор дүмпулер мен өзгерістер Бостандық ауылында да осылайша кең қанат жайған болатын.
– Бүгінде дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Әсіресе, жастарымыздың жат діни көзқарастың байыбына бармастан, талғаусыз қабылдайтыны қатты алаңдатады. Қоғамдық формациялар ауысып, нарықтық экономикаға өту барысында Сіз басқарған мектептің кей ұстаздары Әбу Ханифа мазхабынан бас тартып, дүйім елді ұлардай шулатқаны бар. Тіпті, көзі ашық, көргені көп жоғары білімді мамандар діни ағымға берілгендері соншалық, жұмыстан шығуға дейін барған жоқ па?..
– Бәзбіреулерге жайсыз тисе де, тарихи шындықтан қашып құтыла алмайсың. Ондай оқиғаның орын алғаны рас. Ауылдық жерлерде жекешелендірудің басталуымен әлеуметтік және экономикалық құлдырау басталды. Қоғам байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Билік тұтқасын ұстағандардың шекесі шылқып, ауыл интеллегенциясының қаймағы – дәрігерлер мен мұғалімдер дүние-мүліксіз қалды. Еңбекақы орнына алған азын-аулақ азық-түлік тауарларын алыпсатарларға арзан бағаға ұсынып, өлмешінің күнін көрді. Осы кезде мәңгі құрдымға кеткен марксизм, ленинизм идеологиясының орнын әртүрлі ағымдар басты. Бас пайдасын ойлаған небір пысықайлар пайда болып, халықтың басын диуанаша айналдыра бастады. Оларға “әй дер ажа, қой дер қожа” табылмағаннан кейін “қасиетті адамдар” ел ішінде қаптап кетті. Солардың бір ұшқыны бостандықтарға да тиіп, оның арты қаулаған өртке айналды. Басты айналдыратын жалған пәлсапалық ілімдердің бірі – “Фархад ата” жолын қуушылардың мектепте жақтастарының табылуы облысты алатайдай дүрліктірді. Кейін білгеніміздей, оның негізгі ошағы Алматы маңында орналасқан, еліміздің бірлігі мен тыныштығына сына қағатын жат ағым болып шықты. Жергілікті құқық қорғау органдары “фархадшыл” ұстаздардың Шонжы кентіне дейін барғанын анықтады. Мектеп басшылығы әкімдікпен, дін өкілдерімен бірлесе отырып, қоғамның тұрақтылығына орасан зиян тигізетін келеңсіздіктің таралмауына күш салды. Соның өзінде оған құлай берілген бірліжарым адамдар болмай қалған жоқ. Өтпелі кезеңде ұры-қарылардың көбейіп, тапа тал түсте қорадағы малды қолды етуі де өршіп кетті.
Біз – мұсылманбыз, оның ішінде сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған осы ізгі жолдан айнымауға тиіспіз. Халқымыздың дәстүрлері мен мәдени нормаларына сай келетін діни сана қалыптастыру – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.
– Туған жерге ат басын жиі бұрып тұрады екенсіз. Ауылдастарыңыздың тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру сапасына көңіліңіз тола ма?
– Кең-байтақ қазақ жерінің солтүстігінде жасыл желегі жайқалған, тал-терегі аралас ақ қайыңды орманды далада, түгін тартса, майы шығатын құнарлы қара топырақты, егін, төрт түлік өсіруге қолайлы аймаққа орналасқан ауылым, ауылдастарым – мен үшін ерекше ыстық. Олардың қай-қайсысы болсын елді мекен түтінінің түзу ұшып, шаңырағының шайқалмауына өз үлестерін қосып келеді. Ұйымшылдықтың, ынтымақтың арқасында Бостандық ауылының 80 жылдығын той жасап, ат шаптырып атап өтті. Ақындар айтысы, ұлттық ойындар тамашаланды. Тойға шашу ретінде облыс әкімдігі “ГАЗель” көлігін сыйлады. Ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты әжейлерге зор құрмет көрсетілді. Астанадан “Ауылым – алтын бесігім” атты жинақ шығарып, табыс еттік. Осы жолы оны тың деректермен байытып, қайта бастырып әкелдім. Жырақта жүрсем де, туған ауылымды ешқашан ұмытпаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.