Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД баспасөз қызметінің инспекторы.
Тайынша ауданының тәртіп сақшылары осыдан бір апта бұрын жоғалып кетіп, орман ішінде адасып жүрген 13 жастағы қыз баланы іздеп тауып, үйіне қайтарды.
Жоғалған қыз – түзету мектеп-интернатының түлегі. Тайынша ауданындағы Тихоокеан ауылына ата-аналарына жазғы демалысқа келген. Соңғы екі күні ол осы ауылда тұратын әжесінің үйінде қонақта болған. Ауқымды іздестіру шараларының арқасында қыз жоғалған күні болған оқиғаның қалайша өрбігені анықталды. “20 шілде күні кешкісін кәмелетке толмаған жасөспірім өзінің 13 жасқа толуын екі жігітпен бірге атап өтпек болған. Алайда, бірі қатты мас болғандықтан, есінде жоқ екенін айтса, екіншісі мен үйге кеткенде ол менің ертеректе сотталған досымның қасында қалған деп ат-тондарын ала қашты. Қысқасы, екеуі де қыздың қайда екенін жөнді түсіндіре алмаған”, – деп хабарлады Тайынша аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Нұрлыжан Ақтанов.
Полиция қызметкерлерінің болжамы бойынша, ауыл тұрғыны ағаш ішінде адасып кетуі мүмкін болғандықтан, жергілікті әкімдіктен көмек сұралған. Тихоокеан ауылдық округінің әкімі Ерлан Бәкіров ауыл шаруашылығы алқаптарын өңдейтін ұшақты іздестіру шараларына жұмылдырды. Алайда, жоғалған қызды ұшақтың көмегімен іздеп табу мүмкін болмады. Дегенмен, абырой болғанда, ол ұшып жүрген ұшақты байқап, орманнан Ақжар ауданындағы Кеңащы ауылының маңынан шығып, жергілікті тұрғындарға адасып қалғанын айтқан екен. Шаршаған мектеп оқушысын аталмыш ауыл тұрғыны Күлзипа Топаева тамақтандырып, аудандық Ішкі істер бөліміне хабарлаған.
Қыз өзінің орманда мас ауылдасынан жасырынып жүріп, адасып кеткенін айтып берді. Осы уақыт бойы орман ішінде жеміс-жидектермен қоректеніпті. Қыздың жоғалуына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тұтқындалған жігіт өзінің қатты мас болғанын айтып отыр. Тергеушілер екі жақтың да түсініктемесін алып, тексеріс жүргізуде. Қызбен мектеп психологі мен әлеуметтік қызметкер жұмыс істеуде.