«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУДА ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІН САҚТАМАУ – тура ажалға қарай бір қадам жасау

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басталғалы бері облыс көлеміндегі су айдындарында қаза тапқандардың саны ұлғая түсуде. Аталмыш төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қолға алынып жатқан шаралар мен мән-жайды білмек мақсатта облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің суда құтқару қызметінің басшысы Виктор Держанскиймен кездестік. 

Виктор Николаевич, облыс тұрғындарының демалыс уақыттарын өзен мен көл жағалауларында өткізулері түсінікті. Өкінішке қарай, осындай демалыс қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады. Осы орайда ондаған солтүстікқазақстандықтардың өлімімен аяқталған төтенше жағдайлардың себебі жайында тоқталып өтсеңіз?

Иә, статистиктердің деректері көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері суға кетіп, қайтыс болғандар саны көбейіп барады. Жыл сайын елуден астам солтүстікқазақстандық пен облыс қонақтары су құрбаны болуда. Бір атап өтерлігі, бұл қаралы тізімді негізінен жаз маусымында суға шомылғандар мен балық аулаушылар құрайды. Жерлестеріміз Есіл өзенінде, көлдерде, қазаншұңқырларда, белгісіз жерлерде су түбіне кетуде. Көбі өзен-көлдерде шұңқыр барын білмейді. Егер шомылып жатқан адам оған тап болса, аман шығуы екіталай. Нақты статистикалық көрсеткішке мән берер болсақ, үстіміздегі жылдың 30 шілдесі бойынша облыс көлемінде 27 адамның суда қаза болу фактісі тіркелген. Оның 4-еуі – кәмелетке толмаған балалар. Бұл төтенше жағдайлардың басым бөлігі шомылу кезінде және балық аулау кезінде тіркелген. Белгілі болғанындай, олардың тең жартысы – суға мас күйінде кіріп, ыстығын баспақ болғандар. Қала тұрғындары адам өлімі фактілерін ести тұра, бейберекет суға шомылу әрекеттерін тыяр емес.

Сіз облыс бойынша мәлімет келтірдіңіз. Ал облыс орталығы бойынша көрсеткіш деңгейі қандай?

Өкінішке қарай, Петропавл қаласы аталмыш көрсеткіш бойынша көш бастап тұр. Жаз басынан бері 3 қала тұрғыны қала аумағында орналасқан су айдындарында қаза тапты. Яғни, рұқсатсыз өзенге шомылып, оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталып отыр. Көпшілігі суда жүзу қауіпсіздігін ескермегендіктен, оқыс оқиғаларға тап болады. Себебі, ағысы жылдам өзен-көлдерде, тіпті жүзуді еркін меңгерген адамның өзін еркін меңгере алуы мүмкін емес. Кейде көл деуге келмейтін көлшіктер маңайында да мұндай оқиғалар орын алып тұрады. Атап айтқанда, 20-шы және Былғары зауыты ауданындағы Есіл өзенінің жағалауларында қайғылы жағдайлар тіркелді. Аталмыш орындар қауіпсіздік ережесіне сай келмейді.

Сонда төтенше жағдайлардың алдын алу мүмкін емес пе?

Облыс тұрғындарының көпшілігі суға шомылу барысында жеке бас қауіпсіздігіне онша мән бермейді. Ереже бойынша тек рұқсат етілген жерлерде әрі түбі тегіс жағалауларда ғана шомылуға болады. “Ащы суды” сіміріп, қараңғыда және жалғыз суға түсуге тыйым салынған. Шомылғанда міндетті түрде құтқарушы жейдесі, пенопласт тілімдері немесе адамды су бетінде ұстап тұратын басқа да құтқару құралдары болуы қажет. Сондай-ақ суға батып бара жатқан адамға лақтыруға болатын ұзын арқан ала барған да артық болмайды. Суға кетіп, қаза болу фактілері жыл сайын қайталанып отырады. Алайда, біз мұндай жағдайға бейжай қарамауымыз керек. Мүмкіндігінше өлім фактілерінің алдын алуға тырысудамыз. Біздің мамандар әр уақытта облыс тұрғындарына БАҚ арқылы жоғарыда айтылған қауіпсіздік ережелерін жеткізеді. Себебі, өңіріміздегі су айдындарының әрқайсысына бір-бір құтқарушыны кезекшілікке шығару мүмкін емес.

Ал әуесқой балықшылар сүйікті ісімен айналысқан кезде жеке бас қауіпсіздігін қалай сақтауы керек?

Қайықтың төңкерілуі мен жүзу құралдарының суға түсуі балықшылардың өмірін сақтап қалуға ешқандай мүмкіндік қалдырмайтыны белгілі. Себебі, өте жақсы жүзе алатын адамның өзі қиын жағдайға тап болғанда, абыржып, сасқалақтайды. Ал су болған киім оны су түбіне тартады. Көбіне түн ортасында әрі жалғыз балық аулауға шығатын балықшыларға аса қажетті қауіпсіздік кеудешелері аса шеберлік пен үлкен шығынды керек етпейді. Әрбір балықшыға керекті амуницияны дайындау үшін небәрі қатты пенопласт тілімдері немесе бірнеше қажетті өлшемдегі берік бекітілген шөлмектер ғана қажет.

Өздерінің бос уақыттарын өңіріміздің су айдындарында өткізуді әдетке айналдырған солтүстікқазақстандықтарға қандай кеңес бересіз?

Балық аулағанда және суға шомылғанда ішімдік ішу қауіпті ұлғайтып, дұрыс шешім қабылдауға кедергі жасайды. Жүзуге тек судағы қауіпсіздік шараларының талаптарына сай жабдықталған, ақаусыз жүзу құралдарын пайдаланыңыздар. Балық аулау және су жағасында демалу кезінде ұқыпты болыңыздар. Бұл қағиданы үлкен-кіші есінен шығармауы керек. Әсіресе, ата-аналар балаларын көзден таса қылмаулары қажет.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp