Өткен жұма күні Петропавлдағы “Жастар” стадионында Теміржолшылар күніне арналған мерекелік шара өтті. Күн райының құбылып, әлсін-әлсін жауып өткеніне қарамастан, жиналғандар өте көп болды.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Ресей темір жолы” ААҚ-ның Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің мерекелік салтанатына облыс әкімі Самат Ескендіров қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Тарих бетінің қай кезеңі болсын, теміржолшылар мемлекеттің экономикасын алға сүйреуші локомотив болып табылады. Осы үлкен құрылымның құрамдас бөлігі болып саналатын Петропавл темір жол бөлімшесінің тамыры тереңде жатқан бай тарихы мен осы күнге дейін жалғасып келе жатқан үзілмес еңбек дәстүрі бар. Бес мыңға жуық еңбеккерді және төрт мыңдай зейнеткерді біріктіретін бұл ұжым өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан тірек кәсіпорындардың бірі саналады. Облыс теміржолшылары өздеріне жүктелген жүк тасымалдары міндеттемелерін абыроймен орындай отырып, бюджетке миллиардтаған теңгенің қаржысын құюда. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, істеріңіз берекелі, жолдарыңыз әрдайым ашық болсын! – деді өңір басшысы.
Самат Ескендіров Петропавл станциясы филиалының пойыздар қабылдаушысы Вера Оралтаеваға облыс әкімінің Құрмет грамотасын, тепловоз машинисі Василий Кушманов пен жол жөндеушісі Сабыр Қабировқа Алғыс хаттар тапсырды. 10 еңбек озаты облыс әкімінің қолынан бағалы сыйлықтар алды. Олардың қатарында вагон депосының қараушысы Мереке Қасымов, жүкші Александр Старикеевич, байланысшы Жангелді Қоңдыбаев, монтер-слесарь Серікбай Пішенбаев және басқалар бар.
Петропавл темір жол бөлімшесінің бастығы Петр Мелашенко құттықтау сөз сөйлеп, үш өндіріс үздігін “Оңтүстік-Орал темір жолының Құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапаттады. 75 теміржолшы ақшалай және бағалы сыйлықтар алды. Дәл осы күні 75 жасқа толған “Құрметті темір жол қызметкері” Владимир Беспаловқа ерекше құрмет көрсетіліп, оған арнайы сыйлық тапсырылды.
Спорт алаңының той сахнасына Қазақстан Халық банкі облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Олег Бейнертов пен осы банктің Жинақтаушы зейнетақы қоры филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Райхан Әбдірахманова шығып, өздерінің жүрекжарды тілектерін білдіріп, аталмыш мереке күні дүниеге келген теміржолшыларға арнайы сыйлықтар жасады. Петропавл бөлімшесі Ресей темір жолының құрамдас бөлігі болып табылатындықтан, осынау игі шарадан өңіріміздегі “Ресей Жинақ банкі” еншілес банкінің филиалы да қалыс қалған жоқ. Филиал директоры Петр Салохин теміржолшылардың балаларына естелік сыйлықтар тапсырды. Осылайша жазғы жаңбырдан кейін теміржолшыларға сыйлық жауды деуге болады.
Мерекелік салтанат “Менің тағдырым – темір жол” концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, ең соңында дискотекалық ойын-сауыққа және мерекелік отшашуға ұласты.
СУРЕТТЕ: мерекелік салтанаттан көрініс.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.