Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Мәдениет қайраткері.
(Басы өткен сандарда).
Енді Айша апамызға келейік. Шиеліге Бестамға төркіндеп жүрген Айша апамыз кім десек, оның да жауабын “Елім-ай” дастанынан табамыз.
Мейман боп келемін деп қуаң Сырға,
Қайта алмай қиналдым ғой мен де қырға.
Халқымның мүшкіл халін көзбен көріп,
Қобыз ап қосып тұрмын мұңды жырға.
Сүйген жарым Айшаның,
Асыл тегін сұрасаң,
Кіші жүз Алшын ішінде
Есентемір елі еді.
Сылаң Сырдың бойында,
Мекені Бестам жер еді.
Алдында өрген малының,
Есебі жоқ көп еді.
Қайын атам Қабылан би,
Өз халқына бел еді.
Қартайса да беделді,
Айтулы ердің бірі еді.
Жауда қалып туған жер,
Еңіреді ел мен ер.
Аударып табан көшсе де,
Мұғалжар тауы шалғай жер!
Шықса да талай қарсы дұшпан жауға,
Шабақтай болды оралған құрған ауға.
Алшынның рулары бел байлады,
Көшпек боп Еділ – Жайық, Орал тауға,
– деп, Айша жарының шыққан тегін ғана емес, ел жайын да баяндап береді.
Қожаберген түп нағашылары Кіші жүз Жалаңтөс баһадүр елінде Самарқанд медресесінде жүргенде өзімен бірге оқитын Айбасқали Қабыланбиұлы деген жігітпен дос болады. Медре-сені тамамдап, еліне қайтарда Айбасқали досы Қожабергенді қонаққа шақырып, туған жері Сыр елі – Бестамға ертіп барады. Сол сапарда ол Қабылан бидің бойжетіп отырған қызы, Айбасқали досының қарындасы Айшаны ұнатып, екі жас өзара сөз байласады. Еліне барған соң әке, ағаларына айтып, Қарабас деген ағасын ертіп келіп, жол-жоралғымен құда түседі. Жылқы, түйеден тиесілі қалыңмал беріп, қызды отаулап алып қайтады. 1681 жылы Айшаның келін боп түскеніне бір жыл толғанда әкесі Толыбай сыншы да, шешесі Ақбілек те дүние салып, Қожаберген мен Айша ағасы Қарабас батырдың қамқорында қалады.
“Елім-ай” өлеңінің әніне Айша Қабыланбиқызының қатысына келсек, оның да жауабы сол “Елім-ай” жырында бар. Қожаберген жырау былай дейді:
“Елімай-ай” деп бастай бер, Айша жарым,
Біз айтпасақ, кім айтар елдің зарын.
Жауға шабар қасымда жасағым жоқ,
Өлең айту болды ғой бар амалым.
Біз айтпай, елдің зарын кім айтады,
Мұндай жай ел қайғысын ұлғайтады.
Халқына қысылғанда айтпағанда,
Пайдалы насихатын кім айтады?
Бұған қарағанда Қожаберген төккен ащы жырды Айша зарлы әнге қосып таратқан да сияқты. Зерттеуші ғалым Г. Тұрсынова “Елім-айдың” әнін шығарған Айша дейтіні осыдан. Бірақ Айша шығарды дейтін басқа дүние кездеспейтіндіктен, сірә өлең де, ән де Қожабергеннің өзінің төл туындысы болар деп пайымдаймыз. Оның үстіне, “Елім-ай” деп бастай бер, Айша жарым”,– деген өлең жолы әнді нақты Айша шығарды деуге айғақ болмаса керек.
Қожабергеннің әкесі Толыбай сыншы Дәуленұлы да исі қазаққа жақсы танымал адам. Көп жыл бойы қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының бiрiккен әскерiн басқарып, ордабасы-баһадүр атанған. Ол қара қылды қақ жарған әдiл би, айыр көмей, жез таңдай шешен, ат сүрiнгенше ақыл табатын сұңғыла парасатты кісі болыпты. Алдағыны болжайтын көрегендігімен, адамды да, атты да, құсты да сынайтын сыншылық қасиетімен Толыбай сыншы атанған. Қожаберген оның бәйбішесі Ақбілектен туған жиырма ұлының кенжесі. Толыбай сыншы 1603 жылы туып 1681 жылы дүниеден өткен. Сонда Қожаберген әкесінің 60 жасында көрген баласы. Толыбай сыншының басқа балалары да қаражаяу болмаған.
Қожабергеннің анасы Ақбілек – Орта жүз, арғын Айдабол бидің қызы. Қожаберген “Елім-ай” дастанында өзінің туған анасы Ақбілек жайында былай дейді:
Орта жүз Арғындағы асыл тектен,
Анамның шыққан заты Сүйіндіктен.
Жиырма ұлдың көкжал туған сүт кенжесі ем,
Тұңғыш қызы Айдаболдың Ақбілектен.
Енді Қожабергеннің өз ұрпағын таратып айтар болсақ, бәйбішесі Айшадан он жеті ұл, Зейнеп есімді жалғыз қыз туады. Осы он жеті баласының көпшiлiгi қазақ-қалмақ соғысында шейіт болған. “Елім-ай” дастанында Сыр бойы Шиеліге Бестамға қайын жұртшылып Айшамен екеуі Науан және Бекет деген екі ұлын және екі нөкерін ертіп келгенде сол төртеуі қалмақ оғынан қаза болғанын өкінішпен айтады. Қазір сегізінші атадан арғы ұрпақтары бар көрінеді.
Мейман боп қайын жұртқа келіп едім,
Сый-құрмет Кіші жүзден көріп едім.
Еліме қайтар кезде жау қамады,
Жаратқан осыншама не қып едім.
Екі ұлым бірге еріп келіп еді,
Қызықты Сыр бойынан көріп еді.
Ақыры қан майданда шаһид болды,
Қос құлыным жау қалмаққа не қып еді.
(Жалғасы бар).