Облыстық Сот актілерін орындау департаментінің алимент төлемдерін өндіріп алу жөніндегі бөлімі филиалының сот орындаушылары облыстық прокуратура мен облыстық ІІД бірлесіп, 5 тамыздан бастап “Ата-ана, мектепке барғым келеді. Алименттеріңді өтеңдер!” атты акция жариялағанын хабарлайды.
Жыл басынан бері облыстық Сот актілерін орындау департаментінің алимент төлемдерін өндіріп алу жөніндегі бөліміне баланы асырауға алимент өндіріп алу туралы 5827 құжат түссе, оның 667-сі орындалды.
Бүгінде әкелермен қатар, аналар да алимент төлеуде. Облыс бойынша 90-нан астам ана баланы асырауға алимент төлеуге міндетті.
Сондай-ақ тұрақты жұмысы және кірістері жоқ болғандығына қарамастан, 900-ден астам ата-ана ерікті түрде алимент төлеп жатыр.
Акция өткізу барысында сот орындаушылары облыстық прокуратура мен облыстық ІІД бірлесе отыра теріс пиғылды борышкерлердің мекенжайларына рейдтер ұйымдастырып, сот орындаушысына келу керектігі туралы хабарлама тапсырады. Бұған қоса БАҚ өкілдерімен бірлесіп, борышкерлерге атқарушылық іс жүргізудегі міндеттері мен құқықтарын түсіндіреді. Сонымен қатар алимент бойынша борышкерлер жұмыс істейтін кәсіпорындардың бухгалтериясының алименттік төлемдердің дұрыс және уақтылы аударуын тексеріп, құқық бұзушылыққа жол берілген болса, бухгалтерлер мен лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартады. Акция барысында борышкердің елден тыс жерге шығуын уақытша шектеу туралы қаулылар да қабылданып, алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкерлер ҚР ӘІЖК-нің 524-бабы бойынша әкімшілік және ҚР ҚК-нің 136-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Аталмыш акция үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады.
Облыстық Сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.