Қар жауып тұр, үлпектеп қар жауып тұр,
Аппақ мына әлемге сән беріп бір.
Алабұртқан көңілдің шабыт күйі
Кеңістікте ақ қарға айналып тұр.
Төңіректі түп-түгел мамық басқан,
Ең даланың көрпесін қымтап жатқан,
Табиғаттың хас шебер алақаны
Шыршаға да ақ түбіт шәлі жапқан.
Қар жаудырды, қызық-ау ала бұлт бұл,
Жыр боп өзі жүрекке оралып тұр.
Пәк сезім аясында барлық әлем
Көңілімдей менің де ағарып тұр.