«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛЖАР АНАЛАРЫ – көпбалалы отбасылардың қамқоршысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қызылжар аналары” көпбалалы аналар қоғамы” қоғамдық бірлестігі өңірімізде қызметін бастағалы бір жылдың жүзі болды. Содан бері оның көмегімен көптеген көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіліп келеді. Қоғамдық бірлестіктің төрайымы Галина Сапконың өзі де көпбалалы ана, “Күміс алқа” иегері. Бүгіндері мектепке даярлық жұмыстарын бастап кеткен “Қызылжар аналары” қызу жұмыс үстінде. 2011 жылы “Қызылжар” коммуналдық базарында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен, қалалық әкімдіктің қолдауымен ашылған “Аялы алақан” әлеуметтік дүкеніне келіп түскен киім-кешек, аяқкиім, тұрмыстық заттар, кітаптар мен мектепке қажетті оқу құралдарды іріктеп, сөрелерге қоюда. Бұл заттардың барлығы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға үлестірілмек. Оқу жылына дайындық жүргізіп жатқан қоғамдық бірлестік төрайымы Галина Сапкомен әңгімелесудің сәті түсті.

– Галина Сергеевна, қоғамдық бірлестік қандай мақсатпен құрылды?

– Құжат бойынша қоғамдық бірлестік былтыр құрылған болып саналса да, біз өз жұмысымызды 2011 жылы бастадық. Бірлестіктің басты мақсаты көпбалалы аналардың отбасына жәрдем көрсету болып табылады. Қазіргі таңда әлеуметтік дүкенге көмек сұрап келетін адамдар қатары көбейді. Көбінесе аз қамтылған отбасылар мен егде жасқа келген қарт адамдар келіп, қысқы, жазғы киімдер сұрайды. Біз дүкеннен оларға қажеттің барлығын тауып беруге тырысамыз.

– Қоғамдық бірлестік тек облыс орталығының тұрғындарына көмек көрсете ме?

– Иә. Қоғамдық бірлестік қалалық болып тіркелген. Сондықтан тек қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді.

– Сонда нақты қандай көмек түрлері көрсетіледі?

– Атап айтар болсақ, көпбалалы отбасылардың балалары көбінесе киім-кешек және аяқкиімге мұқтаж болады. Әсіресе, аяқкиім ауадай қажет. Біздің әлеуметтік дүкенге келіп түсетін киюге жарамды киімдер мен аяқкиімдерді біз “Қызылжар аналары” қоғамдық бірлестігінің мүшесі болып тіркелген көпбалалы аналарға беруге тырысамыз. Себебі, олардың отбасыларында ең азы төрт баладан бар.

– Ал ең көп балалары бар отбасылар бар ма?

– Иә, бар. Мәселен, қоғамдық бірлестіктің жұмысымен көбінесе айналысатындардың бірі – Наталья Велижанскаяның 7 баласы бар. Кейбірі 8 бала тәрбиелеп отыр. Ол отбасылардың ең үлкені 14 жасқа келген болса, ең кішкентайы – құндақта жатқан нәресте. Көпбалалы отбасылардың арасында жалғызбасты аналар да кездеседі. Мұндай жағдайда біз ол отбасыларға қажетті жәрдемді бірінші кезекте көрсетуге тырысамыз.

– Әлеуметтік дүкен көпбалалы отбасылар ғана емес, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылар мен көмек сұрап келген адамдарға да жәрдемдеседі дедіңіз. Сонда дүкенге қандай адамдар келеді?

– Жарты жылдың ішінде біздің дүкен арқылы 200-ден астам адамға көмек көрсетілді. Бұл дүкенге өздеріне қажетсіз балалар мен ересектердің киімдерін, кілемдер мен ыдыс-аяқтар, тіпті кей кездері жиһаз әкеліп тапсыратын адамдар болады. Дүкенге келіп түскен заттарды мұқтаж жандарға үлестіріп беруге тырысамыз. Қыс айларында үйсіз қалып, көше кезіп жүрген адамдар да әлеуметтік дүкенге келіп, жылы киім сұрап жатады. Киімдерді бермес бұрын, біз келген адамның не себептен киім алғысы келетіндігін сұрастырамыз. Егер де ол адам киімді бір шөлмекке сату үшін алған болса, онда ол адамға біз көмектесе алмаймыз. Дүкенде заттар тегін үлестірілетін болғандықтан, ол адам дәндеп алып, ертеңіне тағы да сол себеппен келуі мүмкін. Әлеуметтік дүкенге келген адамдардың арнайы тізімі құрастырылып, олардың аты-жөні, мекенжайы жазылады. Қандай киімді не үшін алғандығы жайында да біраз мәліметтер енгізуге тырысамыз. Мұның барлығы мұқтаж адамдарға барынша көмектесу үшін жасалады. Себебі, өңірімізде қайырымды жандар біз ойлағаннан да көп болып шықты. Кейде үйден өздігінен шыға алмайтын әжелер мен аталар хабарласып, өздерінің киілмей қалған киімдері мен тұрмыстық заттарын алып кетуімізді өтінеді. Дүкенге тапсырылатын киімдер арасында тәуірлері, тіпті жаңалары да кездеседі. Сондықтан дүкенге келгендер арасында “алып сатарлар” болмас үшін әрбір адаммен жеке жұмыс істейміз. Қоғамдық бірлестікке тіркелген көпбалалы аналардың отбасыларына көмектесуді бірінші орынға қоямыз.

– Қазіргі таңда қоғамдық бірлестікте қанша көпбалалы отбасы тіркелген?

– Бірлестік мүшелерінің тізімінде 30 көпбалалы ана бар. Барлығы 165 бала тіркелген. Ол отбасылардың балаларының көбі – мектеп жасындағы балалар. Қазіргі таңда осы балаларды мектепке қажетті киім-кешектер мен аяқкиімдер, портфель, оқу құралдарымен барынша қамтамасыз ету біздің басты мәселеміз болып отыр. Себебі балаларды оқуға дайындау көп қаражатты қажет ететіндігі белгілі. Ал ол отбасыда бірнеше бала болса ше? Сондықтан да қазіргі таңда әртүрлі мекемелерге хабарласып, “Мектепке жол” акциясы аясында балаларды оқу жылына дайындауға көмектесулерін сұрап жүрміз.

– Әлеуметтік дүкенге адамдар қандай киімдерді іздеп келеді?

– Көбінесе адамдар қысқы және жазғы аяқкиімдер сұрап келеді. Әсіресе, балалар аяқкиімі қажет. Көмек қолын созамын деген адамдар болса, әлеуметтік дүкенге 42-18-85 телефоны арқылы хабарласып, толық мәлімет ала алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp