«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ 8 СУРЕТІ Петропавлдағы бейнелеу өнері мұражайында сақтаулы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің есімі күллі әлемге танымал. Кескіндемеші, график-суретшінің туындылары қазақ халқының бір ғасырлық тарихын суреттейді десем, артық айтқаным емес. Оның әрбір картинасынан халықтың тұрмыс-тіршілігін, көруге болады. Ол – ел тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын көптеген тұлғалардың портреттерін салып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған суретші. Қазақстан Республикасының Халық суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбілхан Қастеевтің баға жетпес туындыларын Петропавл қаласында орналасқан облыстық бейнелеу өнері мұражайында да кездестіруге болатынын өңір тұрғындарының бірі білсе, бірі бұдан мүлде бейхабар болуы ғажап емес. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Әбілхан Қастеев бұрынғы Талдықорған, қазіргі Алматы облысына қарасты Жаркент ауданындағы Шежін ауылында 1904 жылы кедей малшының отбасында дүниеге келген. Әкесінен ерте айрылған ол байдың жалшысы болады. Жаркент қаласында, кейіннен Түрксіб теміржол құрылысында жұмыс істейді.

Ол қолөнерге, суретшілік өнерге жастайынан бейім деліпті. Анасы Айғанша кілем, алаша, ши жасауға шебер адам болған екен. Әбілхан Қастеев халық өнеріне бала кезінен көзін қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын осылайша үйретеді. Сондықтан да ол сурет салуды қайдан үйрендің деген сұраққа: “Ешкінің мүйізінен, әжемнің киізінен, таудың жотасынан үйрендім”, – деп жауап берген. Ол сол кездің өзінде үнемі сурет салып, өзінің дарыны мен шеберлігінің арқасында айналасындағыларды таңғалдырады. 1929 жылы Алматы қаласында Н.Г.Хлудовтың көркемсурет студиясында білім алады. Екі жылдан соң Мәскеуде өткен Бүкілодақтық көрмеге қатысып, өнерсүйер қауым арасында “Абай” портреті мен оның шығармаларына жасаған иллюстрацияларымен таныла бастайды. 1934-36 жылдар аралығында Мәскеуде тұрып, Н.К.Крупская атындағы кешкі халық шығармашылығы көркемсурет студиясында сабақ алады. 1937 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданады. 1930-1940 жылдар аралығында суретші «Ескі және жаңа тұрмыс» атты үлкен акварельдік топтама жұмысын жазады. 1942 жылы Алматыда суретшінің шығармашылық қызметінің 15 жылдығына арналған тұңғыш жеке көрмесі өтеді. Осы жылы суретшіге Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы беріледі. 1944 жылы ол Қазақ КСР Халық суретшісі атағын алады.

Сан қырлы суретшінің туындыларын бір көрген адам алған әсерін ұмыта алмайды. “Амангелді Иманов сарбаздары”, “Жамбылдың портреті”, “Абай жайлауда”, “Амангелдінің портреті” сынды портрет жанрында салған туындылары мен “Бие сауу”, “Қалыңдықты ұзату”, “Алтын дән”, “Колхоздың сүт фермасы”, “Қызды еріксіз алып қашу” және басқа картиналарын Алматыдағы суретші есімімен аталатын Мемлекеттік өнер мұражайында тамашалауға мүмкіндік туды. Сонда кенеп бетіне қазақ даласының кеңдігін бейнелеген суретшінің шеберлігі, картиналарындағы түстердің үйлесімділігі осы күнге дейін есімде сақталып қалды. Туындыларынан “даланың иісі бұрқырап” тұрған тума таланттың туындыларының түпнұсқасын көруім соңғы рет емес екен. Суретші шығармашылығының әр жылдары көрініс тапқан картиналарын өз өңіріміздің бейнелеу өнері мұражайында тамашалаудың сәті түсті.  

Әбілхан Қастеевтің танымал суреттерінің бірі – арқалы ақын Сүйінбай Аронұлының портреті (суретте). Бұл суретті ол 1972 жылы салған екен. Тәуелсіздік жылдары кескіндемешінің осы суреті ұлттық валюта – теңгенің номиналды банкнотында бейнеленді. Жасыл түстес 3 теңге көбіміздің есімізде болар. Міне, дәл осы теңгеде бейнеленген Сүйінбай Аронұлының портретінің түпнұсқасы Петропавлдағы бейнелеу өнер мұражайының қорында сақталған. Қоңыр түстес шапан киген ақынды киіз үй жиһазының көрінісінде бейнелеген суретші ақынның домбырасын да ұмытпаған. Көк аспанмен астасып жатқан Алатау тауларының бөктерінен сарқырап аққан Алматы өзені бейнеленген “Алматы өзенінің көрінісі” картинасы мен пейзаж жанрына қалам тербеген “Жоңғар таулары” (1965ж.), “Сүдігер жырту” (1961ж.) атты картиналары да мұражайдың жауһарына айналған. Тау бөктерінің көрінісінде қолына таяғын ұстаған бақташы, артқы көріністе жайылып жүрген төрт түлік мал мен тігілген киіз үйлерді майлы бояумен салған “Жайлауда” атты суреті мен атақты “Колхоз қырманы” туындысы да солтүстікқазақстандықтардың мақтанышы боларлық. Сондай-ақ “Натюр-морт” (1961ж.), “А.Айтиленовтың портреті” (1951ж.) суреттері де мұражайдың қорында сақтаулы. Аталмыш суреттер өңірімізге 1962 жылы Алматы қаласынан әкелінген. Алдымен облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталған картиналар кейіннен облыстық бейнелеу өнері мұражайына беріледі. Аталмыш мұражайдың директоры Ирина Паламарчуктің айтуынша, Әбілхан Қастеевтің әрбір картинасына баға жетпейді. Айтпақшы бағаға келер болсақ, халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туындыларының құны жоғары болғандықтан, оны сақтаудың өзіндік жүйесі бар көрінеді. Сондай сақтық шараларын ескерген бейнелеу өнері мұражайының әкімшілігі кейбір картиналарын баспасөз беттерінде жарияламауды жөн көреді.

Сондай-ақ мұражайда Әбілхан Қастеев алғашында бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйренген алғашқы ұстазы, атақты орыс суретшісі Николай Хлудовтың “Ыстықкөл” атымен белгілі картинасы да сақталған.

Қызылжарлық белгілі суретші Анатолий Бургаев Әбілхан Қастеевпен кездесіп, онымен етене таныса алғандардың бірі екен. Ол сол күндерді ерекше ілтипатпен еске алады.

– Әбілхан Қастеевті алғашқы рет көргенімде байқағаным – оның бойынан адамгершіліктің лебі есіп тұратын. Ол табиғатынан дарынды, мәдениетті адам болатын. Әріптестеріне деген жылы ілтипатын осы күнге дейін ұмыта алар емеспін, – деген ол өзі сияқты суретшілердің аузынан Әбілхан Қастеев жайында естіген оқиғаны баяндап берді.

Халық суретшісі сурет салудан қолы босай қалса, бір орында байыз тауып отыра алмаса керек. Бірдеңелерді жөндеп, жамап-жасқап жүреді екен. Жаңа үйге көшіп барған суретші отбасысына көрші-қолаң ерекше бір таңданыспен қараған екен. Бірде Әбілхан Қастеев қолына кетпенін ұстап, бақшасында жұмыс істеп жүрсе, бір көршісі қоршаудың арғы жағынан сығалап қарап тұрыпты. Амандықтан соң көршісі: “Осы үйге бір, атақты суретші көшіп келді дейді. Сіз білетін шығарсыз ол кісіні. Қандай екен өзі?” – деп қызығушылығын жасыра алмапты. Аңыздай көрінген адамы көз алдында кетпенмен қара жұмыс істеп жатқанын аңдамаған екен ол. Бұл – Әбілхан ағамыздың өте қарапайым болғандығының айғағы.

Халық суретшісі шығармаларының бір бөлігі біздің облыстың бейнелеу өнері мұражайының қорында сақталуы – үлкен мәртебе. Бұл суреттер арқылы өнерсүйер қауым есімі әлемге танымал тұлғаның шығармашылығымен етене танысып, сол арқылы қазақ ұлттық бейнелеу өнері жайында кеңірек мағлұмат ала алады.

Әбілхан Қастеевтің жоғарыдағы суреттері облыстық бейнелеу өнері мұражайының

Қорынан алынды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp