«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛЫҚ АРМАНЫНАН АЙНЫМАҒАН ДИНАРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ішкі істер департаментінде қызмет ету менің балалық арманым еді”, – деп бастады өз сөзін полиция майоры Динара Есімсейітова. Өз жұмысына жауапты нәзік жан әріптестері ортасында ерекше беделге ие. 

Нәзік жандарды бүгіндері әр салада кездестіруге болады. Ер адам істейтін қызметті еңсеріп жүрген қыз-келіншектерді көргенде әйелдің “қырық жаны барына” көзің жетеді. 2004 жылдан бері өңіріміздің Ішкі істер департаментінде қызмет етіп келе жатқан Динара Тұяққызының мамандығы – заңгер .  

– 9-сыныпты аяқтағанымда мен ата-анама Қарағанды қаласындағы полиция қызметкерлерін оқытатын жоғары оқу орнында оқығым келетіндігін айтқан болатынмын. Бірақ әке-шешем менің үйімнен алыс жақта оқуыма қарсы болды. Сондықтан жергілікті жоғары оқу орнының бірінде заңгер мамандығы бойынша білім алуыма тура келді. Бірақ бала кезімдегі арманым менің өмірлік мақсатыма айналды. Заңгер болсам да, қайтсе де, Ішкі істер департаментінде қызмет етуді мақсат еттім, – дейді Динара Есімсейітова.

Динараның анасы – саналы өмірін медицина саласына арнаған мейірбике. Ал әкесі облыстық Салық департаментінде қызмет етеді. Жастайынан ол анасы мен әкесін үлгі тұтып келеді. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” демекші, отбасыда көрген тәрбиесі бүгіндері оның да өмірлік ұстанымына айналып отыр. Жауапкершілік, еңбекқорлық – Динараның басты ұстанымы.

Ол жоғары оқу орнын аяқтай салысымен 2008 жылы Қызылжар ауданының Ішкі істер бөлімінде тергеуші, кейін аға тергеуші болып қызмет етті. Тергеушінің қызметі қалай алып қарасаң да, қиын. Қылмыстық оқиға болған жерге күн демей түн демей бару, оны зерттеу қай адамға болсын оңай емес. Кей кездері жұмыс барысында суға батып, отқа күйген немесе жауыздықпен өлтірілген мәйіттерді зерттеуге тура келіп жатады. Нәзік жанға мұндай жағдайды көрудің өзі қиын екендігін ескерсек, тергеу ісін жүргізу тіптен де ауыр.

– Әр жұмыстың қиындығы болады. Тергеуші жұмысының бір қиын тұсы – тәулігіне 24 сағат бойы қызметке дайын болуың қажет. Қылмыстық істі жедел ашу үшін әрқашан сергек жүруің керек. Бірақ уақыт өте ұрлық, зорлық-зомбылық, кісі өлімін тергеуге бойың да, ойың да үйреніп кетеді. Десе де, отбасың болған жағдайда әйел адамның тергеуші болып қызмет етуі қиын. Себебі тәулік бойы қызметте жүруің бала тәрбиесіне оң әсерін тигізбейтіні айтпаса да түсінікті. Қайтсе де, әйел адам бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуі тиіс, – дейді ол.

Еңбек өтілі 8 жылға жеткен тергеуші аудандық Ішкі істер бөлімінен облыстық Ішкі істер департаментінің анықтаушысы қызметіне тағайындалды. Бұл қызметтің тергеушінің жұмысынан айырмашылығы – қалыптасқан жұмыс уақытының болуында. Енді Динара бір жасар ұлына бұрынғыға қарағанда көбірек көңіл бөле алатындығына риза. Себебі, ол мансаптан бұрын отбасысын бірінші орынға қоятындардың қатарында.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp