«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГІН БІТІК, ЖЕМШӨП МОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Қызылжар және Аққайың аудандарында болды. Өңір басшысы егін алқаптарын аралап, астықтың бүгінгі жай-күйін байқады. 

Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,

журналист.

Шілде айында жауын-шашын мөлшерден аз түсіп, бірқатар шаруашылықтың жері құрғап қалыпты. Қызылжарлық диқандар егін масағын көтеру үшін біраз тер төктік дейді. Әйтеуір, мол тәжірибе мен ғылымды ұштастырудың арқасында бүгінгі егін бітік. Өңір басшысына “ӘбиЖер” серіктестігінің алқабы көрсетілді. Мұнда бидай мен рапс өңдеудің жаңа технологиялары қолданылған.  

“ӘбиЖер” ЖШС директоры Игорь Гришановтың айтуынша, сынақ сәтті жүзеге асырылуда. “Бір алқапқа қосымша инновациялық технологиялар енгізілді. Израильдік минералды тыңайтқыштың көмегімен гектар берекелілігі кемінде 5 центнерге артады деп ойлаймыз”, –деді ол.

Облыс әкімі диқандармен әңгіме барысында астықты өңдеудің маңыздылығына тоқталды. Жаңа технологиялық үрдістердің арқасында “Сервис Жарс” ЖШС-нің өнімі де жаман емес. Агроқұрылым 6 мың га егінжайдың тең жартысына майлы дақылдардың тұқымын сіңіріпті. Көктемгі егіс науқанында ауыл еңбеккерлеріне өз қолдарымен құрастырған тұқымсепкіштің зор пайдасы тиіпті.

“Сервис Жарс” ЖШС директоры Сергей Клименконың айтуынша, “СЗС-2” және “СЗС-1” тұқымсепкішінің негізінде 5 бірдей қондырғы біріктіріліпті. “Шетелдік агрегаттардың құрал-саймандарын қолдандық. Өзіндік жаңа үлгіні жинастыру үшін 1 млн. теңге жұмсалды. Есесіне өнімділігі бірнеше есеге артты”, – дейді ол.

Өңір басшысы Аққайың ауданындағы агроқұрылымдардың да дала жұмыстарымен танысты. “Дайындық” серіктестігі 7 мың га алқапқа дәнді дақыл еккен. Оның 1,5 мыңы – рапс. Шаруашылық жер өңдеумен қатар, мал шаруашылығымен де айналысады.

“Дайындық” ЖШС директоры Біржан Шаймерденовтің айтуынша, 380 га бидай қосындысы, арпа, сұлы өсіп жатыр. Мал азығы 10 мың га аумаққа егіліпті. “Шығымы жақсы. Орта есеппен гектарынан 35 центнерден жинаймыз деп үміттеніп отырмыз”, – деді Б.Шаймерденов.

Облыс әкімі мал азығын дайындауға басымдық беруді тапсырды. Бұл орайда “Санта – Мария” және “Симаргл” серіктестіктерінің жұмысы өзгелерге үлгі боларлықтай. Ал, Павел Леоновтың шаруа қожалығы 1 мың тонна шөп жинап үлгеріпті. Самат Ескендіров “Полтавское” серіктестігіндегі алқаптардың жай-күйімен де танысты. Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі биылғы орақ науқанында мол өнім жинауға зор мүмкіндік барын айтты.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp